Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкімі қаладағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралады

12.08.2025, 17:40 178

HALYQLINE.KZ

Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев апта басында қаладағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, құрылыс жұмыстарымен танысты, деп жазады баспасөз қызметі.

Алдымен қаладағы теміржол вокзалы ғимаратына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын көрді. Жолаушылар арылмайтын теміржол бекетінің ғимараты әркез талапқа сай болуы керек екенін алға тартып, құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында салғырттыққа бой алдырып, оқыс жағдайға ұрынып қалмау керектігін қатаң ескертті.

Мұнан соң толық жаңғыртудан өтіп жатқан №14 мектеп-лицейдің бастауыш сыныптар ғимаратына аялдап, құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта ғимаратты әрлеу-сырлау және тазалау сынды ішкі жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстар жаңа оқу жылына дейін толық аяқталып, оқушыларға жайлы әрі заманауи білім ордасы дайын болмақ.

Аудан әкімі ғимарат ішін аралап көріп, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан жауапты азаматтармен жүздесті. Ғимаратта әлі де кемшіліктер бар екенін айтып, жақын күндері жұмыстарды толық аяқтауды тапсырды.

Мұнан соң «Qazaqstan halqyna» қоры ауданаралық оңалту орталығының құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған орталық 2-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді науқастарынан ерте оңалту мақсатында ашылмақ.

Оңалту орталығында Қазалы ауданының және Ақтөбе облысының Шалқар ауданының мүгедек балаларына медициналық көмек көрсетуі мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі күні орталықта ішкі жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр.

Аудан әкімі ғимарат ішін аралап, науқас балаларды сауықтыруда түрлі ем-шара қабылдауға бейімделген бөлмелерді көріп, жауаптыларға қажетті құрылғыларды орнату жұмыстарына ұдайы бақылау жұмыстарын жүргізу керектігін тапсырды.

Аудан әкімі қаладағы Бақтыбай батыр көшесі бойында орналасқан екіқабатты көппәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Жауапты тұлғаларға қолайсыз күн райының салдарынан шатыры бүлінген тұрғын үйді тез арада қалпына келтіруді тапсырып, жұмысты сапалы жүргізу керектігін жеткізді.

Сосын осы көшенің бойында жүгзіліп жатқан автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарына куә болды. Осы жылы жоба қосымша қаржыландырылып, ұлттық қордан 976 146,0 мың теңге қаралды. Қазіргі уақытта аталған автомобиль жолының Байқоңыр көшесінен І.Жүсіпов көшесіне дейінгі аралығындағы көне асфальт жабындысы қырылып, астыңғы қабаты тегістелуде. Аудан әкімі мердігер мекеменің басшысымен кездесіп, жұмысты жақын арада бітіруге күш салу керектігін жеткізді.

Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы кезекті жұмыс сапары барысында Ә.Нұрпейісов атындағы шығармашылық үйіне аялдады. Ғимарттың қатты дауыл салдарынан бүлінген бөлігін көріп, тез арада қалпына келтіру жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Сонымен қатар әдебиет үйін күтіп ұстауда жауапкершілік жоғары болуы керектігін атап өтіп, мекеме басшысына кез келген жағдайды бақылауда ұстауды жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: