Қазіргі уақытта үй алу немесе салу көп адам үшін оңай емес. Қанша жыл тер төгіп, еңбек етсе де, баспаналы болуға көбінің шама-шарқы жетіп жатқан жоқ. Неге? Бұның да басты себептері бар. Бірақ, соңғы жылдары елімізде баспана бағасы шарықтап кетті. Бұл үрдіске инфляция мен әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық, құрылыс заттарының қымбаттауы, зейнетақының шекті мөлшерінен асқанын шешіп алу, несие мен ипотекалық шарттардың қиындығы және жалпы адамдардың өмір сүру құнының өсуі тікелей әсер етіп отыр.
Иә, бұл жерде тұрғындардың тұрмыс деңгейі мен жалақының төмендігі де үлкен фактор саналады. Себебі, көптеген отбасының негізгі кірісі тек күнделікті тұрмысқа ғана жетеді. Жалақының баяу өсуі мен инфляция деңгейінің жоғары болуы тұрғын үйге қаржы жинауды қиындататыны анық. Бұл жастар мен жас отбасылар арасында «үйсіз» болу қалыпты жағдайға айналып бара жатқанын көрсетіп, қоғам үшін алаңдатарлық тенденцияға айналуда. Сондықтан, жоғарыда атап өткен маңызды мәселелерге жүйелі түрде назар аудару қажет. Әсіресе, жастар мен жас отбасылар үшін тұрғын үйге қол жеткізуді жеңілдететін нақты шешімдер қабылдануы тиіс.
ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНДЕ ТҰРҒАН ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ ҮМІТІ БАР
Бүгінде өңірде көпқабатты тұрғын үй құрылысы қатты қарқын алғанымен, әлі күнге дейін баспанаға мұқтаж жас отбасылардың бар екенін көруге болады. Сонымен қатар, тұрғын үй алу кезегінің жылжымай тұрғаны немесе ипотекалық оңтайлы шарттардың енгізілмеуі де мәселенің шешілмей отырғанын көрсетеді. Бүгінде мемлекеттік тұрғын үй кезегінде облыста 36680 азамат тіркеуде тұр. 2025 жыл бойынша 545 азаматқа, оның ішінде 131 жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, 143 көпбалалы отбасыларға табысталған. Ал биылғы жылы «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында облысымызда мемлекеттік бюджет есебінен қаламыздың Сол жақ жағалауынан 40 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл – оң бастама болғанымен, өңірдегі тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың жалпы санына шаққанда тым төмен көрсеткіш. Әсіресе, жас отбасылардың, табысы орташа деңгейден аспайтын еңбек адамдарының қолжетімді тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі күйде қалып отыр.
Әрине, тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруі – жақсы жаңалық. Бірақ, бұл үйлердің басым бөлігінің нарықтық және ипотекалық жүйемен берілуі, шын мәнінде әлеуметтік әлсіз топтар мен тұрғын үй кезегінде сарылып күтіп отырғандар үшін үлкен қиындық тудырып отыр. Дегенмен, салынып жатқан және пайдалануға беріліп жатқан тұрғын үйлердің көпшілігі ипотекалық жүйе арқылы таратылып жатқаны қоғамда біраз сұрақ туындатуда. Әсіресе, тұрғын үй кезегінде ұзақ жылдан бері тұрған азаматтар үшін бұл – әділетсіздікпен пара-пар көрініс. Мемлекеттік бағдарламалар аясында үй алуға кезекте тұрған азаматтардың арасында 10 жылдан астам уақыттан бері пәтер үмітінде жүргендер де бар. Алайда бұл санаттағы азаматтарға үй тек шектеулі мөлшерде беріледі. Бірақ әлеуметтік жағдайы әлсіз отбасылар үшін шарттардың өзі ауыр. Үйлі болғандардың өзі де аталған жүйеге көңілі толмайтынын айтып жүр. Себебі, олар кезекте ұзақ уақыт тұрғанымен, пәтерге қол жеткізудің өзі күрделі әрі түсініксіз жүйеге айналған. Нәтижесінде, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының әділдігіне деген сенім әлсіреп, қоғамда әлеуметтік әділетсіздік сезімі күшейе түсуде.
— 2015 жылдан бастап жалғызбасты әйел санатымен 8 мыңыншы болып кезекке тұрғанмын. Былтыр осы санат бойынша кезегім 3800-ге түскен болатын. Одан кейін көпбалалы санатымен тағы тіркелдім. Кезегім 5418-ге көбейіп кетті. Бүгінде тұрғын үй бойынша мемлекеттік кезекте тұрғаныма 10 жыл уақыт болыпты. Кезектің жылжуы өте бәсең, әсіресе көпбалалы жалғызбасты аналарға берілетін баспананың кезегінің жылжуы қиын. Аймақта қаншама отбасыға баспана берілді деген жаңалықтарды естіп, көріп отырамыз, бірақ жылжып жатқан кезек жоқ. Әлі күнге дейін күтудеміз. Тұрғын үй кезегінде тұрған әрбір азаматтың үміті бар. Сондықтан, сол үміт ақталу үшін нақты қадамдар жасалуы қажет, — дейді қала тұрғыны Үміткүл Байтілеуова.
Хош. Бұл тұрғын үй кезегінің жылжуы бойынша кемшіліктеріне айтылатын тұрғындардың ұсыныстары да жоқ емес. Басты ұсыныстарға тоқталар болсақ, кезек санатын қайта қарау жүйесі, яғни көп жыл бойы кезекте тұрғандарды автоматты түрде «жоғарғы приоритетке» шығару. Сондай-ақ, цифрландыру мен ашықтықты арттыру, яғни тұрғын үй кезегінің ашық электронды жүйесін жетілдіру. Тұрғындардың кезегі қалай жылжып жатқаны ашық деректе көрінуі аса маңызды.
САПАЛЫ БАСПАНА – СЕНІМДІ ҚАДАҒАЛАУ НӘТИЖЕСІ
Қалың бұқараның шағымы тұрғылықты тұрғын үйдің құрылысына да айтылатыны анық. Осы тұста, Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына сұрау салғанды жөн көрдік. Нақтылай кетсек, басқарма тұрғын үй құрылысы саласында ашықтық пен жауапкершілікті арттыруға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
— Облысымызда мемлекеттік бюджет есебінен салынған тұрғын үйлер бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсымен құрылысын салушы, техникалық және авторлық қадағалаушылар анықталады. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының кестесі бекітіліп, сол бойынша құрылысы жүргізіледі. Құрылыс жұмыстары жергілікті әкімдіктердің және Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының қатаң бақылауында болып, мемлекеттік қабылдау актісімен уақытылы пайдалануға берілуде. Облысымызда мемлекет қаражатына салынған тұрғын үйлердің сапасы бойынша арыз-шағым түспеген. Егерде сапасыз салынған тұрғын үй құрылысы үшін келісімшартта көрсетілген кепіл мерзіміне сәйкес, кемшіліктері анықталған жағдайда бекітілген мердігер мекемелерімен келісімшартты бұзып, жосықсыз деп танылады. Айта кетейік, тұрғын үйлердің құрылысы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған жоба-сметалық құжаттарға сәйкес салынады, — дейді басқарма басшысы Ерлан Төрәлиев.
Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының сапасын арттыру және тұрғындардың сенімін нығайту мақсатында қоғамдық бақылау тетіктері енгізіліп, азаматтармен кері байланыс орнату жұмыстары тұрғылықты жүргізілуде екен. Басқарма мәліметінше, өңірде жыл сайын тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға арналған жаңа нысандар салынып, қолданысқа берілуде. Әсіресе, көпбалалы және әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға басымдық беріледі. Осылайша, Қызылорда облысында тұрғын үй құрылысы бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылып, тұрғындардың ұсыныстары мен шағымдары ескеріліп келеді.
ТҰРҒЫН ҮЙ АЛУДАҒЫ ЕҢ ҚОЛАЙЛЫ БАҒДАРЛАМА ҚАЙСЫ?
Әрине, тұрғын үй мәселесі – халықтың ең өзекті әлеуметтік қажеттіліктерінің бірі. Жоғарыда тұрғын үй кезегіне, құрылыс барысына тоқталып өттік. Қазақстанда тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған бірнеше мемлекеттік және жеңілдетілген бағдарлама бар. Бұл бағдарламалар халықтың түрлі санатына, әсіресе әлеуметтік әлсіз топтарға, жас отбасыларға, мемлекеттік қызметкерлерге және бірінші рет баспана алушыларға арналған. Ендігі ең танымал және оңтайлы бағдарламаларға тоқталып өтейік.
Қазіргі уақытта ең тиімді бағдарламалардың бірі «Бақытты отбасы» екенін жасыра алмаймыз. Бұл бағдарлама арқылы көптеген отбасы баспаналы болып жатыр, себебі шарттары өте қолайлы. Жылдық мөлшерлемесі небәрі 2% болғандықтан, халық үшін үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Сонымен қатар, бұл бағдарлама мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды құралдардың бірі ретінде бағаланады. «Отбасы банкінің» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары да халық арасында сұранысқа ие. Бұл ипотекалық бағдарламалар бойынша алғашқы жарна мөлшері төмендетілген, пайыздық мөлшерлемелері жеңілдетілген. Әсіресе, жас отбасылар мен мемлекеттік қызметкерлер үшін қолайлы. Несие мерзімі ұзақ, шарттары икемді болғандықтан, бұл бағдарламалар көптеген азаматқа қолжетімді. Одан кейін арнайы әлеуметтік тұрғын үй бағдарламаларында түрлі жеңілдік, квота үкімет тарапынан қарастырылған. Яғни, бұл бағдарламалар әлеуметтік әлсіз топтарға, мүгедектерге, зейнеткерлерге және басқа да көмекке мұқтаж азаматтарға арналған.
Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының тиімділігімен қатар, кейбір тиімсіз немесе кемшілігі бар бағдарламалар да кездеседі. Қалай? Олар әртүрлі себепке байланысты халық арасында сынға ұшырағандықтан, көбі үшін қолайсыз деп танылуда. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасының кейбір бөлімі кей өңірдегі халық үшін жүзеге асырылуы пайдасыз деуге болады. Олар үй бағасының нарықтағы бағадан жоғары болуы, халықтың күткен нәтижесіне сай келмей, бағдарлама тиімділігін төмендетті. Яғни, осы тектес бірқатар бағдарламаның қарқыны тұрғын үй бағасын нарықтағы бағадан жоғары қоюы, инфрақұрылымы жоқ аудандарда салынған үйлердің сұранысқа ие болмауы секілді олқылықтармен жоғалып жатыр. Сонымен бірге, жер телімдерін бөлу бойынша да көптеген қиындық та кездеседі. Азаматтар ұзақ жылдар бойы кезекте тұрса да, жерді іс жүзінде ала алмай әлек. Тіпті, кей жағдайда берілген жер учаскелері ауылдан алыс, құрылыс жүргізуге қолайсыз не инфрақұрылымы мүлде жоқ болып жатады. Бұл жобалар бастапқыда халыққа үміт сыйлағанымен, іс жүзінде нәтижесіз болып қалуда. Мұндай бағдарламалар арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсаты көзделгенімен, жоспарлау мен жүзеге асыруда кеткен кемшіліктер халықтың сенімін төмендетіп, нәтижесінде бағдарламаның тиімділігіне күмән тудыратыны анық.
Ал жоғарыда аталған тұрғын үй бағдарламалары еліміздегі әлеуметтік саясаттың маңызды бөлігіне айналды. Олар халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға, тұрғын үй нарығын тұрақтандыруға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Сондықтан әрбір азамат өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып, тұрғын үй алу жолдарын мұқият қадағалауы қажет. Мемлекет тарапынан ұсынылатын жеңілдіктер мен қолдаулар – халық үшін үлкен мүмкіндік.
АПАТТЫ ЖАҒДАЙДАҒЫ ҮЙДЕ ТҰРЫП ЖАТҚАН ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР ҚАНША?
Өңірде мыңдаған тұрғын апатты жағдайда тұрған үйлерде өмір сүруде. Бұл мәселенің түйіні тек құрылыс саласымен шектелмей, халықтың әлеуметтік тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатына әсер етеді. Яғни, жергілікті тұрғындардың тұрмысы, денсаулығы, болашағы осы түйткілдің шешілуіне тікелей байланысты. Расында да, кез келген сәтте төбесі түсіп, үйдің құлап кетуінен сақтанып отырған тұрғындардың жағдайы – алаңдататын мәселе.
— Апатты үйде тұрған тұрғын ретінде, сөзсіз, бұл – өте қиын және стресс туғызатын жағдай. Бұл, әсіресе, балалар мен қарт адамдар үшін өте қауіпті. Біз Тасбөгет кентіндегі апатты деп танылған үйлерде тұрдық. Қазір ол жақтан көшіп, үкіметтен үй алғанымызға 4 жылдан аса уақыт болды. Десе де, апатты үйде тұрған күніміз өзімізге ыстық әрі қорқынышты болатын. Күнделікті өмірімізде қауіп-қатерден қорқу, әсіресе баспалдақ ағаштан жасалғаннан кейін бәрі бірден құлап кете ме деп үнемі уайыммен отыратынбыз. Балалар мен қарт кісілерді үйде жалғыз тастамауға тырысатынбыз. Қазір «КБИ» мөлтек ауданында жаңа үйлерде тұрудамыз, — дейді қала тұрғыны А.Әбдібекқызы.
Иә, апатты үйде тұратын тұрғындарға мемлекеттік немесе жергілікті билік тарапынан көмек пен қолдау көрсетілуі өте аса маңызды. Ал бүгінде апатты жағдайдағы үйде тұрып жатқан қызылордалықтар қанша екен? Бұл сауал барысында Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен байланысқанды жөн көрдік. Басқарма мәліметінше, 2025 жыл бойынша Қызылорда облысында сараптама қорытындысымен апатты деп танылған 69 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде, Қызылорда қаласында 66 үй және 9 жер үй, Сырдария ауданында 2 үй, Жалағашта 1 үй бар.
— Жалғыз тұрғын жайы апатты деп танылған көппәтерлі тұрғын үйлер бойынша барлығы 648 отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде, Қызылорда қаласында 617 отбасы, Сырдария ауданы бойынша 18 отбасы, Жалағаш ауданы бойынша 13 отбасы бар. Қазіргі уақытта Қызылорда облысының апатты жағдайдағы тұрғын үйлерін қайта жаңғырту мен тұрғындарды қолдау мақсатында түрлі шара қабылданып жатыр. Бұл бағытта 2024 жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен 135 пәтер сатып алынып, 2025 жылдың наурыз айында жаңа үй кезегінде тұрған тұрғындарға тапсырылды. Бұл шара тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам саналады. Сонымен қатар, 2025 жылы Қызылорда қаласында жалғыз тұрғын жайы апатты деп танылған тағы 135 отбасына жаңа пәтерлердің берілуі жоспарланып отыр. Бұл, әсіресе, көппәтерлі апатты үйлерде тұрып жатқан азаматтар үшін үлкен үміт болып отыр, — дейді Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Ізмағамбетов.
Аймақ тұрғындары бұл жағдайдан шығып, жаңа, қауіпсіз үйлерге көшу үшін бірнеше жылдан бері үміт артып келеді. Иә, жаңа пәтерлердің берілуі тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, олардың әлеуметтік жағдайын түзетуге мүмкіндік беретіні рас. Алайда, бұл мәселелер тек сандармен өлшенетін нәтиже ғана емес. Көптеген тұрғын ұзақ уақыт бойы апатты жағдайдағы үйлерде тұрып келгендіктен, олардың өмірлік жағдайы психологиялық тұрғыдан да ауырлайды. Бүгінде халықты қолдау, тұрақты түрде жаңа үй беру шаралары тек құрылыс пен сандарды қамтымай, әлеуметтік тұрғыдан да өте маңызды болары анық.
Қорытындылай келе, мемлекеттік қолдау мен әлеуметтік бағдарламалар аясында тұрғын үй мәселесін шешу үшін жаңа тәсілдер мен тиімді стратегиялар қажет. Бұл – бүкіл облыстың дамуы үшін маңызды қадам. Жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған барлық іс-шара қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын арттырып, тұрғындардың болашаққа деген сенімін нығайтады.
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Коллаж: aikyn.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!