Құндылықтар жүйесі адамдардың қажеттіліктерімен қатар мүдделерін де белгілейді. Адамдар соған сай өмір сүріп, сол жолда жасампаз идеялар тудырады. Қоғам тіршілігінде рухани әрі материалдық құндылықтар қашанда өз ықпалын сездіріп тұрады.
Адам баласы жоғары адамгершілік құндылықтарды өмірінің өзегіне айналдыру арқылы қоғамды жамандықтан, азғындықтан қорғайды. Діни-рухани құндылықтар адамды жаратылу мақсатына сай өмір сүруіне жетелеп, кемелдену жолына бастайды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни және ұлттық құндылықтардың сақталуы мен насихатталуына өзіндік үлесін қосып келеді. Құндылықтардың насихатталуы мен дәріптелуінде ілкімді істер мен ауқымды іс-шаралар атқарып келеді. Бұл алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Қазақ халқының дәстүрлері мен ислам дінінің талаптары ықылым заманнан бері біте қайнасып, өріле өмір сүріп келеді. Қоғамымызда адам дүниеге келіп, құлағына азан айтылып, ат қойылған сәттен бастап, жаназа намазы оқылып, қабірге қойылған сәтке дейінгі өмірінің әр кезеңі ислами талаптарға сай дәстүрлер аясында өтеді. Ислам діні шариғатқа қарсы келмейтін дәстүрлерге тыйым салған емес.
Қазақ халқы өте ерте кездерден-ақ ислам дінін қабылдап, оны өмірінің рухани өзегіне айналдырған. Өмір салтын Құран мен сүннет дәстүрлерімен нақыштаған. Ата-бабамыздың салып кеткен сара жолына зер салып қарағанда әрбір ізінен мұсылмандықтың көрінісін айқын байқай аламыз. Қазақ халқының шыр етіп дүние есігін ашып, құлағына азан шақырып ат қойылғаннан бастап, ақтық сапарға аттанғанға дейінгі тұрмыс-тіршілігі мен ой санасында исламның жасампаз һәм өміршең дәстүрлерінің керемет үйлесіммен өріле өмір сүргендігіне толықтай көз жеткізе аламыз. Қазақтың тұрмыс салты мен әдет-ғұрпын ислам дінінен бөлек қарастыру мүмкін емес.
Ислам діні қазақ даласында әл-Фараби, Иассауи, Баласағұни, Бақырғани, Иүгнеки, Хайдар Дулати секілді даналардың кезеңінде нағыз гүлденген дәуірін бастан кешірді. Халқымыздың бұл даналары өз шығармаларын Құран, хадис және ислам мотивтерімен көркемдеп, безендірді. Ислам құндылықтарын халық жанына жақын түрде түсіндіріп, ұлттық болмысына айналуға үлкен еңбек сіңірді. Одан кейінгі қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасқан кезеңінде ислам дінінің таралуына үлкен еңбек сіңірген дана-абыздар, би-шешендер, ақын-жыраулар, жыршылыр, қожа-молдалар, тақуа сопылардың өмір жолдары мен шығармашылықтарына үңілгенде аят-хадистер мен ислам құндылықтарынан нәр алғанын көреміз.
Көне дәуірлерден жалғасын тауып келе жатқан жалпытүркілік таным ислам дінімен біте қайнасу арқылы жаңа өркениеттік деңгейге көтерілген. Ислам діні бірін-бірі толықтырып тұратын иман – ислам – ихсан тұғырлары негізінде халқымыздың рухани қазығына айналды. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, фольклоры, жыр дастандары, шешендік сөздері, термелері, діни дастандары, мақал-мәтелдері, өлең-жырлары да ислам нәрімен уызданды. Қорыта айтқанда, танымдық қабаттарының барлығында айқын көрініс тапты. Сондықтан дәлелдеуді қажет етпейтін «Қазақ – мұсылман» деген аксиома қалыптасты. Ислам діні – қазақ бірегейлігінің айқындаушы ең негізгі бөлігі. Қазақ халқының этногенезі мен этнографиясын зерттеу оның мәдениеті мен руханиятының ислам өркениеті мен мәдениетіне барып тірелетінін көрсетеді.
Ұлттық құндылықтарымыз – дініміз, тіліміз бен діліміздің ерекшелігі ретінде бірегейлігімізді айқындайтын рухани идеалдарымыздың жиынтығы. Құндылықтар шапшаң өзгеріп жатқан қазіргі уақытта имандылықтан бастау алатын өміршең, іргелі, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде атадан балаға беріліп, даналықпен дараланып, жалғасын тауып келе жатқан адамдық асыл құндылықтарымызды сақтай отырып, ұрпағымызды заман талабына сай, бәсекеге қабілетті, білім мен ғылымға, еңбексүйгіштікке, ұлтжандылық пен отансүйгіштікке тәрбиелей алуымыз қажет.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 1990 жылдың 12 қаңтар күні дербес діни басқарма ретінде құрылды. Діни басқарманың құрылуындағы негізгі мақсат – ислам діні мен шариғат ілімдерін көркем түрде насихаттау мен жеткізу. Діни басқарма ел аумағында ислам дінінің тарихи ерекшелігін ескере отырып, сүнни бағыттағы имам Әбу Ханифа мәзһабы мен имам Матуриди ақида мектебі негізінде ислам дінінің дұрыс және жүйелі насихатталуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар мұсылман жамағатының діни сауатын ашу мен білімін жетілдіру, олардың заң мен ата заң алдындағы міндеттерін атқаруына бағыт береді.
Діни басқарма – асыл дінімізді насихаттайтын Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы. Дін насихатымен қатар шариғат нормаларына сәйкес мешіттерде діни рәсімдердің орындалуын қамтамасыз етеді. Исламды насихаттау мақсатында халықаралық, республикалық, облыстық, аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар, Құран Кәрімді жатқа оқу жарыстарын, мәуліт, рухани кештер және т.б. діни-тәлімдік іс-шаралар өткізеді.
Бүгінгі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – бабалардан қалған сол жолды қайта жаңғыртып, жалғастырушы. Ғасырлар бойы жинақталған қазақтың бай рухани мұрасы мен ислам дінінің асыл қасиеттерін ұштастырып, қайырымды һәм ізгі қоғам жасау жолында игі істерге бастамашы болу да – Мүфтияттың басты мақсаты. Осы мақсаттың үдесінен шығу үшін ислам дінін заманауи бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихаттау, мешіттердің салынуы мен қызмет сапасын арттыру, діни оқу орындарында діни ағартушыларды дайындау, уақып мәдениетін жаңғырту, ас беру мәдениетін қалыптастыру, бабалар басына зиярат ету мәдениетін бір ізге салу, діни ағарту жұмыстарын ұйымдастыру, жат ағымдардың алдын алу, жамағатты қайырымдылыққа ынталандыру, қазақстандық мұсылмандық мектепті қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде Мүфтият ғасырлар бойына қалыптасқан діни танымдарға сүйенеді.
Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау жолында бабаларымыздан мұра болып қалған ана тіліміздің өміршеңдігі жолында қызмет етіп, әдет-ғұрпымыз бен салт-санамызды қайта жаңғыртып, би-шешендер мен қазақ ойшылдарының бай мұрасын насихаттап, жастарды отаншылдық пен патриотизмге баулып, оларды ілім-білім алуға үндеп, отбасылық құндылықтарды сақтауға үндейді һәм атсалысады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазақ руханиятының негізгі іргетасы – діни һәм ұлттық құндылықтарды насихаттауда бабаларымыздың ғасырлар бойына жинақталған бай тәжірибесі мен бүгінгі заманның озық ойлы жетістіктерін кеңінен пайдаланып, еліміздің рухани тұтастығы жолында қызмет етеді.
Талғат ДЕМЕСБАЙ,
Қызылорда қалалық «Сұлтан» мешітінің имамы
Фото: newqazaq.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!