Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Эмоциялық күйреу – XXI ғасырдың үнсіз індеті

19.06.2025, 7:20 185

Қазақ қоғамы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық қыспақ пен рухани күйзелісті қатар өткеріп келеді. Әсіресе, сырттай аман-есен, еш шағымы жоқ көрінетін, бірақ іштей күйреп жүрген адамдар саны күрт артты. Психологтар бұл құбылысты «эмоциялық күйреу» деп атайды. Бұл – адам бойындағы өмірге деген құлшыныстың сөніп, күнделікті тіршіліктің «механикалық  режимге» ауысуы. Бұрын  шаршау – физикалық болса,  бүгінде  қоғам  шаршауы  жан шаршауына  айналды. Және  бұл – қоғамның  елеусіз, бірақ  ең  ауыр індеті. Біз  бүгін кімдер туралы айтып отырмыз? Денсаулығы бар, жұмысы бар, отбасы бар, бірақ ішкі дүниесі – бос кеңістік, қу  тіршілікке  бейжай, үмітсіз  адам  туралы.

Қазіргі уақытта адамдардың көпшілігі өмір сүруін жалғастырып жүргенімен, эмоциялық тұрғыда мүлде күйзеліске ұшыра­ған. Көп  жағдайда  бұл  ақпараттық артық жүктеме, тұрмыстық қысым, жеке өмірдегі күйзе­ліс, рухани жалғыздық сынды факторлармен  тікелей  байланысты.

Жанның күйзелісі – медициналық карталарда тіркелмейтін, бірақ күн са­йын адамдардың өмір сапасын төмендетіп жат­қан құбылыс екені анық. Бір қызығы, бұл жағдай тек белгілі бір жасқа, әлеуметтік топқа, өңірге тән емес. Эмоция­лық күйреу бүгін­де жалпы­ұлттық деңгейдегі психо­логиялық дағдарыс түрінде байқалып отыр. XXI ғасыр адамына тән бұл құбылыс қоғам дамуы­ның логикалық жалғасы іспетті. Уақыт пен талап жылдамдап, адамның жан әлемі ілесе алмай жатқан заманда ментал саулық­тың әлсіреуі қалыпты көрініске айнал­ды. Бүгінгі таңда эмоциялық күйреу психикалық ауру ретінде емес, «экзистен­циалды мағынасыздықтың» символына айналды. Ол адамның ішкі отының өшуі, үміт сәулесінің сөніп, өмір қуатының  сарқылуымен  сипат  алады.

Әлеуметтану ғылымында бұл құндылық дағдарысы­ның, экзистенциалды вакуумның көрінісі ретінде қара­стырылады. Яғни адам өз өмірінің мәнін жоғалтады, өз орнын сезінуден қа­ла­ды. Өзіне де, айналаға да енжар күйде қарай бастайды. Әлеуметтанушы Эмиль Дюркгейм қоғамдағы өзара байланыстар әлсіреген тұста «аномия» қалыптасатынын айтқан. Бүгінде сол «аномия»  шынайы эмоцияның жоғалуында көрініс тауып отыр. Әлеуметтік желіде «бәрі бақытты», өмірде бәрі асығыс. Бұл – қоғамдық фасад. Ал сол фасадтың артында өз мұңын айта алмайтын, «іштен шіріген», сырттай бүтін адамдар  өмір  сүріп жатыр.

Ал   психологияда  бұл   құ­бы­лыс  «burnout syn­drome» – яғни «эмоциялық қажу» немесе «тұлғалық сарқылу синдромы» деп аталады. Психологтар мұндай күйді жасырын депрессия немесе созылмалы ішкі шаршау  деп  те сипаттайды.

«МІНСІЗ  КӨРІНГІҢ  КЕЛЕТІН» ҚОҒАМДА  ШЫНАЙЫ  ЭМОЦИЯ  ТҰНШЫҒАДЫ

Психологтар эмоциялық күйреудің басты себебін «жалған әлеуметтік стандарттарға»  негіздейді.

– Қазіргі адам өз өмірімен емес, өзін қалай көретінімен өмір сүреді. Бұл жағдай адамды созылмалы ішкі қысымға, өзін шектеуге, эмоцияны басып тастауға итермелейді. Мұндай эмоциялық бөгет уақыт өте келе ішкі күйреуге алып келеді. Бүгінде адамдар шынайы сезімдерін емес, әлеу­меттік желідегі рөлдерімен өмір сүреді. Бұл психология­лық маска тағумен тең. Ал масканың астында жатқан ішкі күйзеліс бірте-бірте адам болмысын жояды. Эмоциялық күйреу бір күнде басталмайды. Ол – созылмалы стрестің, ішкі конфликт пен құндылық дағдарысының нәтижесі. Оның  үш негізгі кезеңі  бар:

1. Эмоциялық қажу (emo­tional exhaustion): Психикалық күштің сарқылуы, энергия тапшылығы, зейіннің шашырауы.

2. Деперсонализация (de­personalization): Өзіне және өзгелерге деген енжар көзқарас, эмоционалды қашықтық.

3. Жеке тиімділіктің тө­мендеуі (reduced personal accomplishment): Өз-өзіне сенбеу, кәсіби әлсіздік сезімі, жасалған істерге қанағат сезбеу.

Ал, күйреуге әкелетін факторлар, олар мыналар: Үнемі жақсы көрінуге мәжбүр болу. Нақтырақ айтсақ, қазір қоғамда  «бәрі жақсы болуы керек» деген когнитив­ті қысым қалыптасқан. Сәйке­сінше, бұл адамның ішкі шынайы­лығын тұншықтырады. Келесі фактор – «экзистенциалды дағдарыс». Тұлғалық күйреудің басты белгісі. Сондай-ақ, үздіксіз салыстырулар мен жетістікке шамадан тыс құлшыныс әлеуметтік психологиясы әлсіз азаматтар үшін өзін-өзі бағалауға үлкен кедергі болмақ. Ал жеке шекараның болмауы эмоционалдық күйреуге әкеп соқтырады, — дейді психот­ерапевт, психоаналитик  Айнұр  Кенжебаева.

ҚАЗАҚЫ  МІНЕЗ –  ІШКЕ  ЖҰТУ.  АЛ  ОЛ – ЭМОЦИЯЛЫҚ  КҮЙРЕУГЕ  АПАРАТЫН  ЖОЛ

Қазақы менталитетте қайғыны бөлісу, сыр ақтару мәдениеті ашық емес. Әсіресе ер-азаматтарға жылауға, әлсіздігін айтуға, эмоциясын ашық көрсетуге тыйым бар. Бұл – гендерлік эмоцио­налдық стандарттар. Ал әйел­дерге «көтер, төз, шыда» деген талаппен бір мезгілде бірнеше рөл жүктеледі: ана, жар, келін, қызметкер. Олар көбіне өз қажеттіліктерін екінші орынға ысырып, өз-өзін жоғалтып алады. Нәтижесінде, қоғамда эмоцияны сауатты түрде тану, қабылдау және реттеу дағдысы қалыптаспайды. Ішкі дауыс тұншықтырылып, адамның табиғи психологиялық қорғаныс тетіктері әлсірейді. Осылайша, ішкі үнсіздік сыртқы күйреудің бастауы болады.

Бұл мәселені тек жеке адамның деңгейінде емес, ұлттық психологиялық мә­де­ниет тұрғысынан қарау қажет. Өйткені біздегі «басқа салса, көнеді» дейтін сабыр ұғымы қазіргі ақпараттық дәуірдің қарқынына сай келмей қалды. Адам эмоциясын сыртқа шығармаса, ол тұншығып, оның орнына ашу, агрессия, енжарлық келеді. Ал бұның арты депрессия, эмоциялық күйреу, тіпті суицидке әкелуі мүмкін. Сондықтан қазіргі заманда қазақы мінезді жаңаша оқу қажет. Сабырды – сауатпен, төзімділікті – эмоционалдық сауаттылықпен ұштас­тыру қажет. Жылау, шаршау, қиналу – әлсіздік емес, адамдық екенін мойындай білу эмоциялық күйреудің алдын алатын ментал сауықтыру мәдениетінің негізі болмақ.

Этнопсихолог мамандардың мәліметінше, қазақ қоғамында эмоцияны сыртқа шығару мәдениеті шектеулі. Бұл, әсіресе, ер адамдарда өте қатты байқалады. «Жылама», «сынба», «сабыр сақта» деген ұстанымдар адамды шынық­тырады деп ойлаймыз. Бірақ бұл – эмоцияны өңдемей, ішке көміп тастау. Ал ішке жұтылған әрбір эмоция уақыт өте келе жиналып, психологиялық күйреудің негізін қалайды. Бұл – мәде­ниеттің көлеңкелі тұсы. Шынымен де, қазақы мінез­дің өзегінде эмоционалдық тежелу жатыр. Адам ішіндегі қайғысын, ренішін, күйзелісін айта алмайды. Себебі қоғам оны әлсіздікке балайды. Бұл эмоциялық аутизм жағдайына ұқсас: адам эмоцияны таниды, бірақ оны жеткізе алмайды, басып тастайды. Ал әлеуметтанушы мамандар бұл мәселенің қоғамдық контексіне назар аударады. Әлеуметтік сарапшылардың пікірінше, біздің қоғамда эмоциялық қолдау институты қалыптаспаған. Жан күйзелісіне түскен адамға кеңес беретін кәсіби психологқа бару мәдениеті әлі толық дамыған жоқ. Көп жағдайда мәселені иманмен, сабырмен ғана шешуге тырысады. Бұл рухани ресурс ретінде қажет, бірақ жүйелі көмек қажет тұстарда жеткіліксіз. Демек, бұл мәселені тек жеке тұлғалық емес, әлеуметтік проб­лема ретінде  қарау  қажет.

ТҮЙІН. Эмоциялық күйреу – біздің қоғамның үнсіз жарылысы. Ол дауыстап айтылмайды, бірақ күн сайын бір адамның жанын жалмайды. Сырттай бәрі жақсы көрінетін өмірдің ішкі құрылымында бос кеңістік, күйзеліс, мағынасыздық пен жалғыздық орнаған. Бұл – заманауи адамның шындығы. «Әлі-ақ бәрі жақсы болады» деген үмітпен емес, «сыртқа бәрі жақсы көрінсін» деген жалғандықпен өмір сүріп жүргендер көбейді. Қоғамның осы ішкі ауруын емдеу үшін алдымен оны мойындау қажет. Эмоция – әлсіздік емес. Қайғыру, жылау, шаршау, көмекті қажет ету – адам болмысының ажырамас бөлігі. Адам ішкі дауысын тұншықтырған сайын күйзеліске, ал қоғам үнсіздікті қалыпты көре берген сайын суық әрі мағынасыз ортаға айналады. Сондықтан бүгінгі күннің ең өзекті сауалдарының бірі – ментал денсаулықты сақтау ғана емес, оған мәдени, құқықтық, қоғамдық деңгейде қолдау көрсету. Әр адамға тыңдай білетін қоғам, әр қоғамға емделуге мүмкіндік керек. Эмоциялық күйреу – жай ғана жеке адамның трагедиясы емес. Ол – ұлттық психологиялық саулықтың индикаторы. Ал ұлттың саулығы оның рухани иммунитетімен өлшенеді. Ендеше, ішкі әлемі күйреп жатқан қоғамның келешегі де әлсіз болмақ. Бұл – ескертпе. Бұл – үнсіздікке айналған ұлттың ішкі айқайы. Еститін құлақ болса, қазір естісін. Ертең  кеш  болуы  мүмкін.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: