– Әкем, полиция майоры Бабыр Ермұханұлы ІІМ Алматы академиясын бітіріп, 1996 жылы зейнетке шыққанша ішкі істер саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етті. Ал ағам Ерлан Бағысов та полиция майоры шеніне жетіп, тәртіп пен талап қатар жүретін салада ұзақ жыл жұмыс істеді. 1975 жылғы Бағлан деген ағам бар. Қарағанды академиясының түлегі. Қазір зейнетте. Одан кейін Нұржан деген ағам 2024 жылы ішкі істер саласынан еңбек демалысына кетті. Үш ағам және мен, төртеуміз әкенің айбынды жолын жалғастырып, абырой биігінде еңбек еткенімізді мақтан тұтамыз. Полиция күні отбасылық мерекеге айналған. Бұл – біздің әулет үшін үлкен мәртебе, — дейді полиция подполковнигі, Қызылорда облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Біржан Бағысов бізбен әңгімесінде.
Иә, «Әке көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» деген халық нақылы бекер айтылмаса керек-ті. Бұл – өмірдің өзінен алынған шынайы ақиқат. Қай кезде де ұлды әке, қызды ана тәрбиелеген. Содан болар қашанда әкенің айбынды жолын ұл жалғастырса, ананың ізетті жолы қызына жұғысты болған.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Біржан Бағысов әкенің әскери киім киіп, тәртіп пен талап үдесінде жүргенін бала кезден көріп өсті. Маңызды қызметтің міндеті мен абыройы бала жүрегіне қуаныш сыйлайтын. Айбынды әкенің жүріп өткен жолы осылайша оған темірқазық іспетті жол нұсқап тұрды.

23 маусым – Қазақстан полициясы күні қызылордалық Бағысовтар үшін отбасылық мерекеге айналғаны қашан. Өйткені саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнаған әулет бүгінде мәуелі бәйтерекке айналған.
Отбасылық полиция династиясы – дәстүр сабақтастығын сақтаудың бейнесі, таңдаған мамандыққа және өмір жолына құрметпен қараудың үлгісі. Кез келген мамандықта отбасылық еңбек династиясы ерекше орында тұрады емес пе?! Өйткені, ол сол мамандықтың мәртебесін, қоғам алдындағы имиджін айқын көрсетеді. Әке жолын төрт ұлы қатар жалғап, қызығы мен қиыншылығы мол салада еңбек етіп келеді.
– 2004-2008 жылдар аралығында Қарағанды академиясын бітіріп шықтым. Сол уақыттан бастап, ішкі істер саласы бойынша қызмет істеп келемін. Астана, Қарағанды қалаларында қызметте болдым. Қай жерде де тәжірибемді жетілдіріп отыра қызмет істеп келемін. Жұбайым – медицина маманы, екі перзент тәрбиелеп өсіріп келеміз. Отбасында балаларымды да тазалық пен тәртіпке үйретіп отырамын. Әкем балаларының барлығын жоғары оқу орнында оқытып, ел мүддесі жолында бір болуға баулыды. Біз сол алған тәрбиемізді ұрпағымызға үлгі етіп келеміз, — дейді ол.

Полицейлер династиясының бастауында тұрған әулет үлкені Бабыр Бағысов – ғибратты ғұмыр жолында елдің тыныштығы мен тәртібіне қалтқысыз қызмет еткен азамат. Сонысымен еліне елеулі, ағайынға ардақты атанды. Жұбайы Айман Нұртазақызы екеуі тәрбиелеп өсірген балалары да осы жолды таңдады. Өйткені ол отбасына сөзімен де, ісімен де үлгі-өнеге көрсетті.
Жас болсын, егде болсын, қабілеті бар маман әрдайым өз ісінің нәтижесімен көзге түсетіні белгілі. Біржан Бағысов әу бастан өзінің осы салаға ептілігі барын аңғартып, полиция подполковнигі қызметіне дейін көтеріліп, басшылардың ықыласына бөленді.
Асқар тау әкенің әрбір сөзін жүрегінен өткізген ол бүгінгі таңда әкесінің атына кір келтірмеуге тырысып, өз ісіне, әрекетіне, қызметіне, халық алдындағы борышына үлкен жауапкершілікпен қарап келеді. Жас маманның алға қойған мақсаты айқын, болашаққа нық сеніммен қарайды. Ол ел тыныштығын қорғап, халыққа қамқоршы болу үшін ерінбей еңбек етуді басты міндет санайды.
– Бала арманым бақытыма айналды десем де болады. 2004 жылы мектеп бітіріп, Қарағанды қаласындағы заң университетіне түскенімде мамандықтан қателеспегенімді толық түсіндім. Заң мен тәртіп адамның тұлға болып қалыптасуына қашанда үндеп тұрады. Ал тәртіп – елдің де, ердің де ұстыны, — дейді Біржан Бабырұлы өз сөзінде.
Таңмен таласа тұрып, тәулік бойы тәртіпті темірқазықтай өмірлік қағидасына айналдырған екі маман иесі болса, соның бірі – ішкі істер саласы қызметкерлері. Қатаң тәртіп пен мезгілсіз жұмысты кез келген жанның қатар алып жүре алмасы анық. Бірақ, мәртебелі мамандықты атадан балаға жылдар бойы жалғап келе жатқан әулеттер елімізде көптеп саналады. Біз солардың біріне ғана тоқталдық. Олар Отан алдында адал қызмет етуді ұрпақтан-ұрпаққа ұлағат етіп келеді.
Тәжірибесі тұтас полиция мектебін құрап отырған отбасы қоғамға да құрметті. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осыған саяды.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!