Сыр бойы күйлері көпке дейін қазақ музыкасы саласында аз зерттеліп, насихатталуы кемшіндеу болып келгенімен, соңғы кездері кеңінен қолға алына бастады. Сыр өңірінде ертеректе өткен Құрманбай Төремұрат, Асан Көнек, Бекпенбет сынды күйшілердің мұралары көнеден көшкен керуендей жалғасын тауып келеді.
Одан беріректе де Сыр бойында күйші-композиторлардың есімі ерекше аталады. Солардың бірі – ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қорқыт ата атындағы алтын медальдің иегері, Қазақстан композиторлар және Журналистер Одағының мүшесі, өнер зерттеушісі, доцент, күйші-композитор Балтабай Нұржанов.
Балтабай Сәрсенбайұлы – бүгінде ел құрметіне бөленген өнер тарланы. Ол Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ғибратты ғұмырында өнердің өрістеуіне өзіндік үлес қосқан қайраткер. Көптеген шәкірті еліміздің түкпір-түкпірінде ұстазынан алған білімімен елге, өнерге қызмет етіп келеді.
Сазгер 1962 жылы Қызылорда қаласындағы Абай атындағы қазақ орта мектебін бітіріп, Ақтөбе қаласындағы республикалық мәдени-ағарту училищесіне түсіп, ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі мамандығын алып шығады. Кейін Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтында білімін жетілдіреді. Өзінің ұстаздық жолын 1970 жылы Қызылорда қаласындағы музыка мектебінде домбыра класынан дәріс беруден бастайды. 1975 жылы кәсіби-ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, облыстық кәсіптік білім басқармасына қарасты Мәдениет үйінде жиырма жылға жуық еңбек етіп, келген бетте ұлт-аспаптар оркестрін құрып, республикалық байқауларда жүлделі орындармен марапатталды. Осындай ізденістің арқасында оркестр ұжымы 1977 жылы Шымкент қаласында өткен бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінде лауреат атанып, 1985 жылы «Халық оркестрі» атағына ие болды.
Міне, осындай өнер ұжымының құрылуына өз қолтаңбасын қалдырған. Сол кезеңдегі оркестр құрамында бүгінгі ҚР Еңбегі сіңген қайраткері Мәдина Ералиева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, жырау Алмас Алматов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы, композитор Рамазан Тайманов, композитор Нұрмаш Алғашбаевтар болған.
Руханият шырақшысына айналған өнер қайраткері талай жастың томағасын сыпырып, қыранша қияға қанат қағуына септігін тигізді. Ол музыканың көркем тілін жетік меңгерген майталман маман ретінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің музыкалық аспаптар кафедрасында домбыра, аспаптану және оркестрден дәріс берді. Көп жыл бойы «Сыр сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне жетекшілік жасады.
Күйдің де адам мінезіне, көңіл күйіне тигізер септігі орасан. Әр күйдің өзіндік шығу тарихы бар. Күй тарту алдымен адам бойындағы дарынын шыңдап, музыкаға деген ынтасын арттырады.
Балтабай Нұржанов зейнет демалысына шыққаннан кейін де өнер әлемінен алыстамады. Тиісінше туған жердің өнерін өмір өзегіне айналдыра білді. 2003 жылы Қызылорда қалалық қоғамдық теледидары сазгердің өмір жолы туралы «Өнердің өз өкілі» атты телехабар түсіріп, көрерменге ұсынды. 2005 жылы Мәдениетті қолдау жылы аясында сазгердің «Ой толғанысы», «Өнерім – өмірім» атты авторлық-шығармашылық кеші өтті. 2015 жылы 70 жылдығына орай «Домбыра – жүрек, күй – көңіл» атты шығармашылық кешін берді. 2020 жылы Астана қаласында «Қорқыт-Аққу» этно-ансамблінде өнер көрсетіп, «Нұрлы таң» күй-поэмасын, 2021 жылы «Баймұрат барағы» атты шығармасын көпшілік назарына ұсынды.
– Өнерім – халқыма берген сый-несібем. Мен әлі күнге қолыма домбыра алып, күй шерткенді жақсы көремін. Күйдің қаншалықты тарихы терең болған сайын соншалықты мазмұнды әрі бай мұра болады. Шығармашылық қоржындағы күй-поэмалардың әрқайсысының өзіндік орны бөлек, бағасы биік. Олардың қайсысын алсаңыз да, халықтың жүрегінен орын алған туындылар. Күйлерден автордың өзіндік үн-әуені мен қолтаңбасы айқын сезіледі: бірде толғау, арнау, жоқтау, терме, жыр, бірде көңілжай иірімдер адам жанын тербейді. Шығармаларының тақырып ауқымы да әр алуан болып отырады. Олардан Қазанғап, Жалдыбай, Құрақтың Досжаны, Әлшекей өрнектері – шалыс қағыс, ерке қағыс, ілме қағыс, бүкпе, жай қағыстар танылып тұрады. Бұл – өнердің қасиеті, — дейді күйші-композитор Балтабай Нұржанов бізбен әңгімесінде.
Иә, өмір – өлшеулі, өнер – өміршең. Сол өнер құндылығын дәріптеп келе жатқан дала дарынының бүгінгі бүтін болмысы ұлтқа тұтқа, ұпаққа үлгі. Балтабай Сәрсенбайұлы – саңлақ өнерімен өрге шыққан шын талант. Біз бүгінгі мақала аясында Алатаудай ағаның Қаратаудай өнерінің бір парасын ғана жаза алдық. Ал оның өмірбойы жинап келе жатқан күй керуені туған жердің төсінде жел болып сыбдырлап, ыңылдап тұрғандай әсер сыйлайды. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шықса да, сөзі нық, жүрісі ширақ. Бұл өнер құдіретінің киесі болса керек.
Айта кетейік, ағамыз 80 жасқа толуына орай 6 маусым күні сағат 16:00-де Н.Бекежанов драма театрында «Елге арнау» атты шығармашылық кешін береді.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!