Сірә да кеңшілік пен кемшілік жұмыр басты пенденің тіршілік таразысы екені хақ. Өзімізді өзіміз жұбатамыз, жазғырамыз. Өмір есебі өшіруге, қосып жазуға көнбейді. Баршаға ортақ ақиқат бұра тартқызбайды.
Иә, балалық шақта бәрімізді қиял билейді. Жастық шалқуында арман арғымағынан түскің келмейді. Желпінесің, желдіртесің. Содан барып тоқтасқан кезде, артығың мен кеміңді теңестіре алмай әлекке қаласың. Егделік ентелеген сайын патша көңілің тергеуін тоқтатпайды.
Күнә аз, кінә көптеу көрінгенімен, ешқашан ақтала алмайтын бір айып әркімнің басында бар тәрізді. Әр кезеңде, әрқалай сипатта біле тұрып ескермеген пендеуи немқұрайдылығымызды сана соты мезгілі жеткенде, бетке баспай тұрмайды. Ақталуға кеш, орны толмас өкініш ақтық демің біткенше маза бермейді. Сөйтіп, рухани жазаны қайтсем жеңілейтем деп ой азабын кешесің…
Менің де тосылатын тұсым осы. Тағдыр тоқпағы кімнің басына тимеген?! «Алла тегін берді, тегін алды» дейтін тоқтам сөзбен қай пенде таласар?! Сөйткенмен, соғыс жалмаған Әжмағи ағаның орны бөлек. Өмір бәйгесінде қиқу салар болмысына ешкім шүбәланбаған. Сауатты, тілді, жүректілігімен әмбені таңырқатқан. Жүдә, жағалау белсенділері «Жорға болар құлын құйрығын тістей туады. Мына бала түбінде елге тұтқа болады» деп сұқтаныпты.
Еті тірілігімен он жетіге жетпей ауылдық кеңестің хатшысы атанған. Ыңғайын тауып, майданға іріктелгендер тізіміне өзін ертерек іліндіріп жіберген. 1942 жылы Аралдан батысқа қарай ұмсынған қызыл эшелонда жаутаңкөз Әжмағи Кемалов та көкірегін кек буып ұрыс даласына аттанады.
Ойы он саққа жүгіреді. «Жоқ, соғыс көппен көрген ұлы той деген уәжбен келіспейді. Мұндағы ереже жалғыз: жауды жеңесің не өлесің! Ендеше, елге ерлікпен оралуды жазғай!». Пойыз доңғалағының сарт-сұрт дүңкілі, ырғалақтаған ағаш вагон олай-бұлай қақпақылдап, толғаныс тінін үзіп жібереді.
«Елден алар еншісі ажалмен арпалысудан басталғаны несі?! Тым ерте жеткен қоштасу қандай ауыр еді?! Әкем болса дімкәс. Анау қаршадай қарындасы Нұрсәуле, титімдей Мәриям мен Тотия анасына қашан қолғанат болар екен?! Алда-жалда соғыстан қайтпай қалсам, қайғы бұлты бұлардың адымын аштырмайды-ау. Қара шаңыраққа ие болар үкілі үміт артымнан ерер ме?!». Аттаныс сапары осылайша арман мен қатердің арбасуына араша таппай жүрегін сыздатты.
Содан бері арада Қытай қорғанындай созылып, кеспелтектей 80 жыл бедірейіп жатыр. Ол күні бүгінге дейін хабар-ошарсыз кеткендер санатында. Қандай қайғы кездеспесін, пенде бір езіледі де қайта тіктеледі. Әйткенмен, ана азабының жөні басқа. Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында сырласқан перзентін тоқсан тоғыз жыл бойы азалаудың өзі оларға аздық етеді. Әкем мен сияқты қарға тұяқ алданышының Әжмағи ағам сынды айрықша болып қанаттануын қалады.
Аңғал басым Әжмағи ағаның майданнан жолдаған бір бума хатын көздің қарашығындай сақтауды ескермеппін. Жарық төбедегі терезеден түсетін бәкене там мені қиял қуысына жасырынғандай әсерге бөлейтін. Күн күлімдеп, ай жымыңдайтындай елестейтін. Әжмағи аға қолтаңбасы мен түсінетіндей емес. Хат латын әрпімен жазылған. Кітап оқуға құмарлығым латыншаны жүргізіп оқуға кәдімгідей ықпал етті. Кейбірі қара қаламмен, кейбірі сиямен өрнектеліпті. Соған қарағанда, штабқа жақын жүргенге ұқсайды. Үшкіл хаттар шетінен тартымды. Қара сөзінен өлеңдетуі көбірек.
«Айырылысып қоштастық
Жалаңаштың басынан,
Жылағанда жан жеңеше, кете алмадым қасыңнан», — деген егілме жолдар бірден қамықтырып жібереді. Анасын жеңеше дейтіні, ол – Махан атаның тұңғыш немересі. Бүгінгі түсінікпен қарағанда, кемпір-шалдың баласы. Осы қарапайым жұп жолдан оның анаға деген өшпес махаббаты алау өрнегін ұшқындатады. Барлық хатта ағайын-тума, бауырларын түгендеп, топтама сәлем жолдауы, ел тынысына зәрулік мен мұндалайды.
Шамасы оннан астам хат. Кезінде сол жәдігер жазбаларды неге көшіріп алмағаныма әлі күнге өкінемін. Өзімді аяусыз айыптаймын да. Әлде, нешеме жылдардан бері үлбіреп тұрған тұмар іспетті туындыны жыртылып кете ме деп қауіптендім бе екен?! Аруақты пір тұтқан дағдымызбен, ретсіз қол жүгіртуге сескендім бе?! Есесіне, Әжмағи ағаның майданнан жазған хаттарын көпшілік таласа тыңдап, өлеңдеткен тұстарын жадына тоқыған. Күні кешеге шейін тұстастары, соғыстан соң туғандар сол аманат жырды жанарынан жас парлатып жатқа айтушы еді. Олардың да қатары сиреп барады…
Кебеже қалыппен құмнан тұрғызылған шағын сарайдың күнгей бет іргесіне арқасын тірей, әлдеқандай мұңды әуенді ыңылдап отыратын әжемнің қолындағы ұршығы дөңгеленген сайын шүйке жіп те сарқылып, зарлы үн ащы өксікке айналатын. Не деген қамсыз едім, тұла бойы тұңғышымен тылсым арқылы тілдесіп жатқанын неге ұқпадым?! Әжмағи ағаның балалық, жастық шағы жайлы неге көбірек сұрағыштамадым?! Қапаланады деп жүрексіндім бе? Құптауы да, жауабы да жоқ мұндай кешіккен әттеген-айдың енді не құны бар?!
***
Әжмағи ағаның майдандағы тағдырына байланысты нақтылығы белгісіз үш қисынды құлағым шалған. Қара қағаз келіпті. Ауылдық кеңестегілер бұл жайсыз хабарды жеткізбеген. Жорықтас құрдасы Сахиев Құлан аға бір әңгіме желісінде «Әжмағилар атысып жатқан тұсқа бомба түсті» деген көрінеді. Жады мықты Жәми ағамыз біреуден біреу арқылы «Әжмағи фашистер қоршауында тірідей берілмей, жартастан құлап мерт болыпты» дегенді айтып қалды. Кімнен, қалай естігені дүдәмалдау.
Ұлы Отан соғысы қаһармандарын интернет желісі арқылы іздестіру кең қанат жайды. Көк сандыққа үңіліп едік, Әжмағи Кемалов туралы сараң дерек сарт ете қалды. 1942 жылдың 20 сәуірінде Арал аудандық әскери комиссариатынан әскерге жіберілген. Қатардағы жауынгер, атқыш көрінеді. Қанды көйлек майдандасы әрі ауылдасы Құлан ағаның әскери өмірбаянында бұлардың әуелі 783-атқыштар полкінде болғаны көрсетілген. 1944 жылы 255-атқыштар полкі құрамына енген. 1943 жылдың ақпанынан бастап хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде жүр.
Бұл мәліметке кереғар екінші құжат басқаша сөйлейді. 173-атқыштар полкі командирі, полковник Гариф Зиятдинұлы Юлдашев қол қойған 1943 жылдың 4 шілдесіндегі №307-актіде «Ленинградты қорғағаны үшін» медалі табысталған 52 жауынгердің тізбесінде 21-ретпен Әжмағи Кемалов тұр. Награда куәлігі Р-01660 санды. Демек, өмірде бар-жоғына үзілді-кесілді мәлімет жоқ.
Ағамыздың жорық жолын елестету үшін Ленинград майданы шежіресіне ден қойдық. Ұлы Отан соғысы тарихындағы ең ұзақ, шешуші шайқас Ленинградқа тиесілі. Неміс әскері бұл қаһарман қалаға 19 күнде тап берді. 1941 жылдың 10 шілдесінен 1944 жылдың 9 тамызына дейін созылған сұрапыл жекпе-жекті сипаттауға қағаз да қипақтайды. Күн орнына зеңбірек күркіреп, бұлт орнына бомбалаушы ұшақтар қаптап, жазық жерді танктердің шынжыр табаны таптағаны не деген сұмдық сурет еді?! Екі жақтан 1,5 миллион жауынгер, 1500 ұшақ, 10 мың зеңбірек, 500 танк, 20 кеме Ленинград ұрысына жұмылдырылды.
900 күндік қоршау арғы-бергі тарихтағы соғыс атаулыда ешқашан кездеспеген. Төрт кезеңнен тұратын Ленинград майданында әскер мен халықтың жігі білінбей, ерлік жалауын жүрекпен де, қарумен де желбіретті. Сан мыңдаған қаһармандар легінде Әжмағи Кемалов та 500 күндей жау шебіне мылтық кезеді. Қар жамылып, мұз жастанған екі қыста басынан нендей қиындықты өткермеді десеңізші?! 1943 жыл еншісіне жататын Ладога көлі арқылы ені 11 шақырымдық қатынас дәлізін, 18 күнде 36 шақырымдық теміржол салу жанталасында Әжмағи ағаның да атой салғаны хақ. Бұл қос өткел майдан мен тылды байланыстырудың алапат соғыстағы ең ұтқыр жолы ғана емес, жеңіске деген жігер мен сенім символы іспеттес.
Ажал сөйлеп, өмір өшкен, бірде-бір күн қан-төгіссіз өтпеген Ленинград шайқасына бүкіл ел ынтыға көз тігіп отырды. Аралдың бүйендей қолтығы Жалаңаш ауылына да ұлы қаладан жеткен үшкіл хаттарға сіңген оқ-дәрі иісін балаларының тынысына балаған ақ жаулықты аналар арасында менің ардақты Күләш әжем де бар болатын. Әрбір хат сүйінші боп жетіп, майданға бата түрінде ел алғысын арқалап оралатын. Соның ішінде Әжмағи ағаның жыр аманаты жылағанды жұбатқан жәдігер ретінде бағаланған. Осыдан кейін әжемнің бұл пәниден өткенше сүйікті ұлы жұмыр жердің бір пұшпағында тірі жүрген шығар деп дәмеленгеніне қалайша келіспессің?! Біз де өлдіге санағымыз келмейді.
***
Бейбіт күнде Мәскеуді көріп, жалынды жырымен Одаққа мәлім болған Жамбыл бабамыз «Ленинградтық өренім» атты оптимистік өлеңімен барлық майданда патриоттық дүмпу туғызды. Төкпе жырдың тұлпары:
Күндіз күлкі, түнде ұйқым,
Келмейді бүгін менің де.
Жау тиді елге дегенде! — деп тебірене бастап, соғыс суретіне ойысады.
Қамалы құрыш айбатты,
Ұлдары батыр қайратты.
Қаусырғандай қуаты,
Аспан мен жер арасын!
Көсем атындағы қала қаһармандарын одан әрі көтермелеп, қанаттандырады.
Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді,
Бұлағымдай көремін! — деп жанына жақын тұтатындығын өзімсіне жырға қосады. Түйіндеуі де тапқыр.
Ажарына қарттықтың,
Қарамастан шалқып тым,
Қаһарындай халықтың,
Шертіп жырды шалқыттым!
Мына сәйкестікті бекер дей көрмеңізші. Соғыстан кейінгі серпілісте балық аулаудан көш бастаған «Бірлестік» ұжымшары Жамбыл атын иеленді. Осы ауылдың түлегі Әжмағи Кемалов 18 бен 19 жастың аралығында ақын адуын жырға қосқан Ленинградта жаудың пәтін қайтарған мыңдаған боздақ қатарында жауынгерлік құрметке бөленді.
Аттай 3 жыл 1 айға ұласқан жойқын ұрыста 1,5 миллион ержүрек «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен наградталған. Бұл – жіктелмейтін дерек. Қоршаудағы қала тұрғындары бір сәтке де өндіріс ырғағын бұзбай, майдандағы жауынгерлерді қару-жарақ, киім, азықпен жабдықтағаны – теңдессіз ерлік. Текті қала халқы қауіпті елең қылмастан радиодан симфония тыңдап рухтанды. Жамбылдың «Ленинградтық өренім» өлеңі сан тілде саңқылдады. Аспаннан жаңбырша жауған үндеу жыр Отан үкімі болып қалықтады.
Қайран менің қияли Әжмағи ағам! Қанды қырғыннан қатарларың сияқты елге аман оралғаныңда, Ленинград әсері жарқын болашағыңа арман қақпасын айқара ашар еді-ау?! Әйгілі Неваға Арал сәлемін табыстап, ақ түнін ақ мамыққа балаған да шығарсың ғой! Жауынгерлік дорбаңда жартылай жазылып, жолданбай қалған ақ қағазға қандай лебіз қалдырдың екен?! Қанжармен ұшталған қалам ұшы морт сынған сәттерде жүрек дәптеріне ұсынған аңсау сөзің жыр болып жосылған да болар.
***
Уһ! Бұл тіптен де одағай сөз емес. Жан қиналысының ішке сыймай, сыртқа атылған лебі ғана. Қараша үйдің қоңыр тірлігі бір басынан ауыспайтын әжем мұндай сарқынды дем шығарған емес. Уайым уыты тұла бойын торлаған кезде де бұлай түңілгенін көрмеппін. Не деген шыдам, қандай сарқылмайтын сағыныш?!
Осы арада Күләш әжемнің даралығын дәйектей кетейін. Бұл – бір ерекше жаратылған тұлға. Тәупелтектеу абысындары тырбаңдап үй тіге алмай жатқанда, жалғыз өзі үйді тігіп, жаюын төсеп, ас-суын қамдап, қайнағаларын төрге оздырып, батасын алады екен. Қысы-жазы шұбаты үзілмеген, сәлемші айналған қолы ашықтығымен ел есінде қалған.
Бессай қолтығында ау салып, кермеше тартқанда, Күләш әжем тағы да қажыр-қайратымен ерекшеленген. Қолына құт дарығаны соншалық, ол араласқан балық аулау қарбаласында ау көзі, кермеше торы су маржаны сүзгісіне ұқсап кеткен. Қазір Үшшоқыға шоғырланған балықшы қауым теңіздің Күләш аралы атанатын тұсынан үнемі олжа күтеді.
Жанұя, ағайын-жекжат жағдайын үнемі зерделеп, қамқорлығы мен көпшілдігі арқасында ел анасы дәрежесіне жеткен. Қайғы-мұңды кеудесіне ұялата бермей, күрескерлікпен күн кешкен. Әжмағи ағам да Ленинград құрсауындағы ашқұрсақ күндерде әжемнің үзбенін, қазанжаппайын, табаға салған наны мен балығын сан мәрте аңсаған шығар-ау?!
Әжмағи аға туралы толымды дерек таппасақ та, шағын ақпараттың өзіне шүкіршілік дейсің. Бәлкім, Ленинградты қорғағандардың бүкіл тізбесі, ерлік дәйектемелері күндердің күнінде толық ақиқатқа айналар. Сол кезді күткеннен басқа амал қанша?! Жеке басын айғақтайтын құжатсыз опат болғандардың бауырластар зиратында мәңгі тыныстауы да мүмкін ғой. Қоршау ішіндегі партизандық топ әрекеті мәлімделсе, бір ұштығы сол жерден табылар ма еді? Қалай дегенмен, қазаға қимағанмен, бүгіндері 93 жасқа толатын Әжмағи аға рухымен ғана сырласуды қанағат тұтуға тура келеді.
Ленинград – бақ бұйырған берекетті де паң қала! Мұнда ақсүйектік ахуал мықтап орныққан. Әлем ғашық болған ақ түндері қандай ғажап құбылыс?! Ұлы Отан соғысы оған қарыздар. Басқаша айтсақ, бас иетін жөні бар. Германия командованиесі жаулап алушыдан қорғанушының мерейін үстем еткен Ленинград шайқасында оңбай сүрінді. 30-дан астам дивизиясы тұсалған аттай тырп ете алмады. Айла мен айбат жағынан кеңестік әскер басшыларынан кем соқты. Халықтар достығының мызғымас беріктігін де Нева жағалауы ұқтырды.
Соғыс біткесін 12 күннен кейін дүние салған Жамбыл Жабаев аяулы ұлы Алғадайынан айырылса да, Жеңіс хабарын естігенде «Енді өлсем де арман жоқ!» демеп пе еді?! Бұл – әсте саясат сәні үшін айтылған жол-жөнекей сөз емес, тыныштық сәніне көңілі тояттаған абыз ақсақалдың кейінгілерге қалдырған ақжарма өсиеті.
Қасық қаны қалғанша айқасып, Отан үшін от кешкен, отбасына оралмаған боздақтарды хабар-ошарсыз кеткен деп атау әділ сөз емес. Сонда кез келген әскери құрылымның бастапқы буыны бөлімше мен взводтағылардың әр шайқаста жараланғаны, қаза тапқаны, тұтқынға түскені нақпа-нақ есепке алынбайтын болғаны ма?! Рота, батальон, полк, дивизия бойынша мұндай мәлімет жинақтауға мән берілмеуі мүмкін емес. Ондай есеп жүргізілсе де, шегініс пен шабуылдау кезінде әлдеқалай жойылып немесе қолды болуын да жоққа шығара алмаспыз. Қалайда соғыс тарихы адам тағдырынан аттамауы тиіс!
***
Айтып-айтпай не керек, Ленинград десе жүрегіміз әлі күнге өрекпи соғады. 1941 жылдың 10 шілдесінде құрсауға түскен кеңес әскері 1944 жылдың 27 қаңтарында қаһарман қаланың қоршауды жойғанына сүйінші салют берді. Ленинград 1945 жылдың 26 қаңтарында «Ленин» орденімен марапатталды. Сол жылғы 1 мамырда «Батыр қала» атанды. 1965 жылы «Алтын жұлдыз» медалі берілді. Осы теңдессіз атақ, мәртебе Әжмағи Кемалов сынды әлденеше мыңдаған ержүрек жауынгерлер рухына да еншілес деп әспеттесек орынсыз болмас. Ортақ жеңіс ортақ мұңаюды ешқашан бөтен көрмейді.
Өкініштісі сол, Әжмағи ағаның бірде-бір фотосы сақталмаған. Әке бейнесі де тек санада сәулеленеді. Бағанаға байлаулы сарғыш орам хаттарын да қасиеттей алмадық. 19 жасында Ленинград шайқасында қаза тапқан (басқа сөзге ауыз бармайды) Әжмағи ағаның жәрдемақысы нәпақамызды айырды. Мынау мақалаға айна қиығындай сәуле шашқан сурет осыдан елу екі жыл бұрын түсірілген. Мен ол кезде 9-сыныпта оқитынмын. Тірлігімнің тұтқасы әжемнің жалғыз фотосы Әжмағи ағамды аңсағанда үнемі жаныма желеу болып тұрады. Өткен шақ пен келер шақтың кәдесіне жарағаны тектен-тек емес.
Уақыт үндейтін кезін біледі. Жылдар алмасар, ұрпақ толығар, жаңа қозғаушылар табылар. Нұрсәуле мен Тотия апалардан тараған жиендер қауымы да шетінен аршыл, намысқой. Менің де жеткіншектерім әке сілтемесін жадына тоқулы. Бауырластар да мақтан тұтар ағаның рухын жоқтатпас. Түптің түбінде Ленинградқа да жол түсер. Әжмағи ағаның асыл сүйегін қымтаған жер пұшпағы да анықталар.
Сонда Жалаңаштағы Наушабай қорымындағы Кемал әкем мен Күләш әжемнің бейіттері басынан алынған туған жердің мұңды топырағы аққан жұлдыз іспетті батыр ұлдың қабіріне рух садақасы болып себілер деп үміттенемін. Егер менің азды-кем шығармашылық шимайым ел кәдесіне жараса, сөз жоқ, бұл Әжмағи аға шерепетінен жұғысқан сөз кепиетін кемітпеу нышаны ғана!
Жаңабай КЕМАЛ,
Қазақстанның
құрметті журналисі,
Арал ауданының
құрметті азаматы.
Арал қаласы.
1965 жылғы фотода Ленинград шайқасының қаһарманы Әжмағи Кемаловтың анасы Күләш әже және оның ұлы, мақала авторы Жаңабай мен жиені Бахыткүл
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!