Бүгін Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебеп ғылыми кітапханасында 23 сәуір – Ұлттық кітап күні аясында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, белгілі сатирик Нұрмахан Елтайдың «Әр кәллада бір қиял» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараға облыстың зиялы қауым өкілдері, шығармашыл топ жетекшілері, еңбек адамдары, ардагерлер, жастар, студенттер, ғалымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Нұрмахан Елтай – қазақ әдебиетінде сатира жанрын дамытуға елеулі үлес қосқан қаламгер. Оның шығармалары қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, оқырманды терең ойға жетелейді. «Әр кәлләда бір қиял» кітабы да осы бағыттағы маңызды туындылардың бірі болмақ.
Кездесуде облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров жазушының шығармашылық жолы туралы баяндама жасап, облыс әкімінің алғыс хатын табыстады.
Сонымен қатар шарада облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының Қызылорда облыстық филиал төрағасы Қуат Шарабидинов, ақын,Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, белгілі журналист Қатира Жәленова, ақын, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі Қаршыға Есімсейітова сөз алып, өз ойларын ортаға салды.
«Мереке-думан» халықтық әзіл-сықақ отауының орындауында автордың «Өзіңнен зор шықса» интермедиясы және «Жастар» театрының актерларының орындауында автордың өлеңдері оқылды.
«Сатира сайып қыраны» тақырыбында арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!