Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Партиялық бақылау комиссиясының көшпелі отырысы

18.03.2025, 10:00 129

Кеше «АMANAT» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған партиялық бақылау комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Онда партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ардагерлерге көрсетілетін әлеуметтік және медициналық қолдаулар мен көмектер мәселесі талқыланды.

Ардагерлер үйінде өткен жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек  Есмаханов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық Партиялық бақылау комиссиясы мен ардагерлер кеңесінің мүшелері мен жауапты мемлекеттік органдар  басшылары мен орынбасарлары қатысты.

Бүгінде облыста 85 мыңнан астам ардагер бар. 2 мыңнан аса егде жастағы адамдар арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған.  Оларды әлеуметтік қолдау әрдайым басты назарда. Жыл сайын ардагерлерді қолдау мақсатында облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, әлеуметтік қолдауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жиын барысында осы бағытта істеліп жатқан жұмыстар мен әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы енгізілген өзгерістер төңірегінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Азамат Мыңбаев кеңінен айтып берді.

Негізгі өзгерістердің қатарында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар үшін жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді лицензиялау бар. Бүгінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған лицензияны біздің облыста 20 орталық алды. Орталықтарда қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік – педагогикалық секілді стандартқа сәйкес 8 бағыт бойынша арнаулы қызметтер көрсетіледі. Оған облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға артып, орталықтардың материалдық техникалық базалары да жаңартылған.

«Облыста бірнеше жылдан бері «Сыр мейірімі» жобасы жүзеге асуда. Бұл жобаға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, көмекке мұқтаж 225 жалғызбасты ардагерлер мен мүгедектер тегін түскі аспен қамтылуда. Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен және ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен облыс ардагерлері Ұлытау аймағының Хан ордасы, Жошыхан, Алтыншоқы жерлері мен Оңтүстік өңірдегі Қорасан баба, Оқшы ата, Төлегетай ата, Қылышты ата, Сунақ ата секілді тарихи орындарымен танысып, Түркістан аймағындағы Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб, Укаш ата кесенелеріне зиярат жасауға мүмкіндік алды. Ардагерлерді сауықтыру мақсатында 2024 жылы 140 ардагер Мерке, Сарыағаш, Манкент, Жаңақорған шипажайларында тынығуға мүмкіндік алған. 1 қазан Қарттар күні аясында облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, әрбір мекеме, кәсіпорындарда өз ардагерлеріне құрмет көрсету шаралары ұйымдастырылды. Жалғызбасты ардагерлердің үйлеріне барып қажеттілігіне қарай көмек түрлері ұсынылды, қайырымдылық көмектер көрсетілуде», – деді Азамат Мыңбаев.

Егде жастағы тұрғындардың денсаулығын нығайтуда сапалы медициналық қызметтің рөлі ерекше. Осы бағыттағы жұмыстар төңірегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары  Жаңыл Абубакирова айтып өтті.

«Қазіргі таңда әрбір емханада «Қарттар денсаулығы мектебі» жұмыс атқаруда. Денсаулық мектебінде егде жас кезеңіндегі жиі кездесетін аурулардың алдын алу,  дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану бойынша кеңестер беріледі. 2024 жылы Қарттар денсаулығы мектебінде егде жастағы пациенттерге 7 882  профилактикалық кеңес берілді. 2024 жылы 100 000 адамға шаққанда егде жастағы тұрғындардың аурушаңдық көрсеткіші 2023 жылмен салыстырғанда – 5,5%-ға төмендеп отыр. Егде жастағы тұрғындар арасында алғаш рет диагноз қойылған аурушаңдық көрсеткіші 100 000 адамға шаққанда барлығы 2023 жылмен салыстырғанда – 1,4%-ға төмендеді»,- деді Жаңыл Абубакирова.

Жалпы жиында «АMANAT» партиясымен «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу бойынша бекітілген арнайы жоспарға сәйкес ардагерлерге көрсетілетін көмектер жан-жақты талқылады.

Ардагерлер қауымы көкейде жүрген бірқатар сауалдарын ортаға салып, жауапты мамандардан жауап алды. Жұмысты жетілдіруге қатысты ұсыныстарын да білдірді.

Комиссия отырысының қорытындысында көтерілген әрбір ұсыныс хаттамаға енгізіліп, жергілікті атқарушы органдардың, республикалық комиссияның, облыстық мәслихаттағы партия фракциясының назарына ұсынылатын болды. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы мен облыстық Ардагерлер кеңесі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Меморандум мақсаты – ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсету.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: