Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара дуаның құдіреті

13.03.2025, 8:00 65

Жын-шайтан, сиқыр, қара дуа дегенде дір ете қалып, қорқақтайтынымыз  өтірік  емес. Тіпті, күніге жаңалық бетінен шығып жатқан ақпарат­тарды да естіп, көріп дүрлігудеміз. Иә, қара дуа жасалса қайтуы қиын, қау­пі көп, белгілері де қорқынышты. Айта кететін болсақ, сиқыр жасау да оны қайтаруда оңайға соқпасы анық, сиқырды жою жолында адам өліп кетуі де ғажап емес екен. Дуа арнайы теріс дұғалар арқылы белгілі бір адамға бағытталып, жойқын әсер тигізу үшін оқытылады. Мәселен, шаш, киім бөлігі, тырнақ, сурет, ине, т.б. заттар арқылы іске асады. Осы бір зат дұшпаныңыздың қолына түссе, қандай қара сиқыр, қалай жасалды, білмей қаласыз. Дуалаған жағдайда алғашқы белгілері былай байқалуы мүмкін: ісіңіз алға баспай, денсаулығыңыздан кінәрат табылып, отбасыңыздан береке қашып, жеке бастың проблемалары таусылмай, небір сынақтан арылмай кетсеңіз, бұл – қара дуаның бірден-бір әсері.

Жалпы, сиқыр жайында айтқанда ең алдымен дін жолы есімізге түседі. Яғни, дін жағынан бұл қара сиқырдың қалай, кім жасайтынын анықтап алғанымыз жөн секілді. Ислам діні сиқыр ұғымына қандай анықтама береді? Қызылорда облыстық дін істері басқармасы мамандарының айтуынша, «Ислам дінінде сиқыр – белгілі бір нәрсенің ақиқатын өзгертіп көрсету немесе оны адамдарға басқаша етіп таныстыру арқылы жүзеге асатын әрекет. Ол алдау мен бүркемелеу жолымен іске асады. Сиқыр жасаушы ер адам «сахир», ал әйел адам «сахира» деп аталады. Шариғаттағы анықтамасы бойынша, сиқыр дегеніміз – белгілі бір сөздерді күбірлеу, арнайы жазулар­ды қолдану немесе түйіндер жасау арқылы белгілі бір адамға әсер ету. Ислам діні сиқырға үзілді-кесілді тыйым салады. Бұл тыйымның себе­бі – сиқырдың күпірлікке алып келуі және адамдарға зиян тигізуі. Қасиетті Құранда сиқыршылардың опа таппайтыны ескертілген. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде сиқыр жасау ауыр күнә екенін және  ол  ширкке  (Аллаға  серік  қосуға)  теңелетінін  айтқан».

Иә, сиқыр – мұсылман адамның өміріне береке әкелмейтін, керісінше, оның рухани және материалдық жағдайына зиянын тигізетін құбылыс. Сондықтан, Ислам діні сиқыр жасауды, оған жүгінуді, оны зерттеуді және пайдалануды қатаң түрде айыптайды. Ол тек бір мақсатпен жасалады: өз мүддесі үшін өзгелерге залал тигізу. Сондықтан дуалау мен сиқыр дәстүрлі діндердің бәрінде ауыр күнә саналады. Дуа дегеніміз көз тию немесе қарғыс емес, сиқырға жеңіл қарауға болмайды. Адам ішіндегі өкпе-реніш, жек көру, қызғаныш сияқты сезімдердің жетегі кейбір жандардың көзін көрсоқыр қылып, қара дуа жасауға алып келеді. Дегенмен, бұндай тылсымға сене бермейтін жандар да аз емес. Жоққа шығарғың келгенімен, көгілдір экрандағы ақпараттар мен үлкендеріміздің бұны растайтыны тағы бар. Сондықтан, бұндай тылсым жағдаяттардың барына көз жеткізуге болады.

Сиқыр, магия, дуа дегендер – жын-перілер арқылы жасалатын азғын істер. Оның түрлері де өте көп. Яғни, әр адамға түрліше дуа жасауға болады. Мысалы, ғашықтық дуасы, жолын кесу, ерлі-зайыптыларға жасалатын дуа, отбасыға немесе жеке адамға жасалатын қара сиқыр түрлерін айта берсең көп. Сондай-ақ, дуаның әсерінен жын-шайтандарды көріп, олармен тілдесіп кетуіңіз де ғажап емес. Қазақта «дуақант» деп атайтын дуа жасау­шылар ел арасында бұрыннан болған. Бұндай адамдар әуелден лас іспен ақы тауып, тұла бойынан залалын шашып жүретін, қараңғыланған болады. Сондай-ақ дуа жойып, дем саламын, көз тисе қайтарамын деп жарнама шығаратындардың қазір қарасы қалың. Әрине, бірі  шынайы  емші екені анық, десе де алдап жолыңды ашамын  деген­дер  де  аз  емес.

Ал дуадан сақтанудың ең тиімді әдісі, жан дүниеніңізді шариғат жолына бұрып, сүрелер оқып, таза­рып, имандылыққа бет бұру, тіпті мешіт молдасына барып оқытылып, дем салдыруға болады.  Егер қастық ойлайтын дұшпан көзіңіз болса, аулақ жүріп, араласпауға  тырысқан   жөн.

О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: