Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кімге не қымбат?

06.03.2025, 6:20 62

«Өмір дегенің бір жарық сәуле екен ғой» деп мұзбалақ ақын Мұқағали жырлағандай, фәниде әркімнің өзіндік өмір жолы әртүрлі. Менімен көптен таныс Айсұ­лу атты бір ару бірде мені жолықтырып: «Сен журналист  жігітсің ғой, мен жақында мынадай жағдайды көзбен көріп, жан дүнием алай-дүлей болып кетті. Соны сенімен бөлісейін деп едім» деп бастады әңгімесін.

Әр сөзін анықтап, байыппен сөйлейтін оның сабыр­лы кейпіне мен шыдамсызданып не жағдай болды екен деп ертерек білгім келіп, сұраулы кейіппен қарағанымды ол сезген болуы керек: «Сен асықпай тыңда. Бұл – ұзақ әңгіме» деп мені сабырға шақырып, әңгімесін  баяндады.

– Осыдан біршама уақыт бұрын жол жүру қамымен теміржол бекетіне барған болатынмын. Ішіне кіріп, өзіме оңтайлы орын іздеп, көзіммен адамдар арасын шолып өтіп едім. Кенет өзім қатарлы құрбымның егіліп жылап отырғанын көріп, көңілім елжіреп кетті. Жайлап жанына жайғасып, жағдайын білмекші болып едім. «Анашым-ау, мені кімге тастап кете бардың?» деп егіліп  қоя  берді.

Абыр-сабыр көпшілік ішінен тысқа алып шығып, сабырға шақырып, анықтап сұрасам, Арал ауданынан екен. Анасының қайтыс болғанын есітіп, соған бара жатыр. Қоштасар  сәтінде  әлгі  бейтаныс  бойжеткен: – Білесіз бе, бәрінен де ана қымбат екен, – деп тебірене сөйлеп теміржол бойымен теңселе басып кете барды. Осы оқиға әлі күнге есімнен кетпей, мені үлкен ойға  жетелеумен  келеді, – деді  ол.

Оның сол әңгімесінен соң мынадай ой түйіндедім. Бүгінгідей талас-тартысы көп, алмағайып заманда әрбіріміз әр нәрсені қымбат көретін тәріздіміз. Мәселен, көлік жүргізушісіне тәуір көлік, спортшыға жеңіс тұғыры, біреуге дос пен туыстан жалақысы мен қызметі  қымбат  болып  көрінер.

Алайда, адамға адамнан қымбат ештеңе жоқ. Солай болып  қала  береді  де…

Ауруханада жатқан науқас үшін дертінің дауасы – ем қымбат. Ата-ана мен бала қымбат. Бабалар аманат­таған дарқан дала қымбат. Әркімге туған жері қымбат. Бағалағанға ердің абыройы мен елдің бейбітшілігі қымбат. Ұлттық құндылықтардан асқан байлық жоқ. Сананы тұрмыс билеген қоғамда кейбір замандасымыз ақшаға бәрін сатып алуға болады деген тар түсініктің аясынан аспайды. Шындығында, ақшаға сатылмайтын баға жетпес байлықтар бар. Ол – елдің амандығы, жердің  тыныштығы.

Сөзімді қорытындылай келе, қарғаның қадымындай қысқа ғұмырда көңілдің көйлегін кірлетпей, жүрек жылуымызбен бөлісе білгенге не жетсін. Өйткені, тұлпар­дың тұяғы қатты болғанымен белі бос, сұңқардың қанаты қатты болғанымен мойны бос, ал адамның мінезі қатты болғанымен көңілі бос. Арамыздағы ынтымақ­ты берік ұстай білсек ғана бағындырар белес­теріміз бәсеңдемек емес. Себебі береке-бірлік – тату тірліктің  ұйытқысы.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: