Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы Қазақстанның Қытайдағы елшісімен кездесті

27.02.2025, 16:55 62

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышевпен кездесіп, аймақ делегациясының іссапарын қысқа мерзімде әрі жан-жақты ұйымдастыруға көрсеткен қолғабысы үшін алғыс білдірді.

«Өзіңізге белгілі, Мемлекет басшысы отандық және шетелдік инвестицияларды тарту арқылы ірі жобаларды іске асыруды, халықтың әл-ауқатын арттыруды тапсырды. Жұмыс кестесінің тығыздығын ескеріп, құрамында тәжірибелі кәсіпкерлер бар делегация іссапармен келдік.
Бүгін сізбен кездесіп, Қызылорда облысы мен Қытай арасында ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талқылағанымыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін.
Қытай – Қазақстанның серіктесі және біздің облысымыз осы елдің компанияларымен өзара тиімді байланысты одан әрі дамытуға мүдделі. Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2023 жылғы Қытайға іссапар кезінде қол жеткен келісімдер аясында Қызылордада жылына 5 млн. шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі іске қосылды.
Қуаттылығы 141 МВт-тық 4 күн және 1 жел-электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Оның біреуін қытайлық «Huadian» компаниясы қолға алған. Осы жолғы іссапарымыз да өзіңіздің қолдауыңызбен нәтижелі болады деп ойлаймын, дипломатиялық қызметіңізге табыс тілеймін. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған бірлескен әрекеттеріміз биіктерге жеткізеді деп сенемін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Аймақта мұнай қорының сарқылуы салдарынан он жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемі соңғы жылдары оң динамикаға шықты. Өсім өңдеу өнеркәсібі есебінен қалыптасты.

Өңірде қытайлық инвесторлардың қатысуымен жылына 1 млн. тонна цемент, 197 мың тонна табақша шыны өндіретін зауыттар жұмыс істейді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: