Біздің қоғамның ең үлкен ауруларының бірі – жағымпаздық пен дарақылық. Әлеуметтік желілерде мұндай үдерістер күннен-күнге өршіп бара жатыр. Өздерін «жұлдыз» сымақ санайтын әншілер мен байлық біткен кейбір байшыкештер туған күндері мен жүрген жерлерін, ішкен-жегендерін, киген киімдерін, дүние-мүліктерін жарнамалап жатады. Бұл олардың рухани кедей, мәдениет атаулыдан жұтаң екендігін көрсетеді. Өркениетті елдерде мұның бірде-бірін жасамайды, ҰЯТ саналады.
Содан кейін жаңа қызметке тағайындалған адамдарды танысын-танымасын бас салып құттықтап, мақтау жаудырып жатады. Әсіресе, мақтаушылықты өзінің күнкөрісіне айналдырып алған, халыққа жол көрсететін, үлгі болатын, өзін зиялы қауымның өкілі санайтын адамдар – қоғам үшін барынша зиян адамдар. Бірінші президентті күндіз-түні мақтап жүрген сол зиялысымақтар, енді қазіргі президентті мақтаудан жарысуда. Мұндай екіжүзді мысықтілеулестер тек өздерінің жеке басының қамын ғана ойлайды.
Мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол астында алты жылдай жұмыс істедім. Ол кісі жасанды мақтауды барынша жек көретіндігін көрдім. Сондықтан да олардың мақтап-мадақтауы нысанаға тимейтіндігін түсінгісі келмейтін жандарға не айтуға болады? Біз ретсіз мақтау мен дарақылықтан қалай құтыламыз…
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
қоғам қайраткері.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!