Кеше Қармақшы ауданы орталығындағы Шәмшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Саналы ұрпақ – ел болашағы» атты аудандық форум өтті. Іс-шараға аудан әкімі Жандос Еркінбек, аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов, қоғам белсенділері мен жастар қатысты. Бұл туралы ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Форумның ашылуында аудан басшысы сөз сөйлеп, құқықбұзушылықтың алдын алу, халықтың құқықтық сауатын арттыру және құқық қорғау органдары мен қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аудандағы қылмыс деңгейінің төмендегенін атап өтті.
– «Тәрбиелі адам – тағалы атпен тең» деген халқымыздың дана сөзі бар. Тәртіп пен заң үстемдік еткен қоғамда ғана тұрақтылық пен өркендеу болады. Президентіміз де әрбір заңға бағынып, адал еңбек еткен азаматтың құрметке лайық екенін айтқан болатын. Сондықтан жастарымызды саналы ұрпақ ретінде қалыптастыру, олардың бойына отансүйгіштік пен жауапкершілік ұғымдарын сіңіру – біздің басты міндетіміз, – деді аудан әкімі.
Форум барысында аудан прокурорының орынбасары Зураб Гичиев құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, құқықтық мәдениетті арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, әйелдер кеңесінің төрайымы Күлжауһар Раева сөз алып, өскелең ұрпақтың саналы әрі сапалы білім алуына, елге адал қызмет етуіне ерекше мән беру керектігін айтты.
Форумның арнайы қонағы, «Қазақстан барысы – 2022» турнирінің жеңімпазы, жерлесіміз Мақсат Исағабылов өз тәжірибесімен бөлісіп, жастарды спортпен шұғылдануға, зиянды әрекеттерден бойын аулақ ұстауға шақырды.
Жиын соңында аудан әкімі мен аудан прокуроры құқықбұзушылықтың алдын алу шараларына белсенді атсалысып жүрген азаматтарға алғыс хаттар табыстап, олардың еңбегін ерекше атап өтті.
Форум жастарға тағылымы мол ой салып, олардың рухани-адамгершілік қасиеттерін дамытуға бағытталған маңызды жиын болды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!