Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі Шэньси провинциясының губернаторымен кездесті

24.02.2025, 18:52 37

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары кезінде Шэньси провинциясының басшысы Чжао Ганмен кездесті.

Басқосуға жауапты сала басшылары, бизнес қауымдастық өкілдері қатысып, онда екі елдің ынтымақтастығы, сауда-экономикалық серіктестікті дамыту, инвестиция тарту мәселелері сөз болды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қытайдың озық технологияларын өндіріске тарту тапсырмасы бойынша арнайы делегация жасақтап, іссапармен келдік.
Шэньсиде Қазақстанның Бас консулдығының жұмыс жасауы бұл провинцияның біз үшін маңызды екенін білдіреді. Бүгінде Қазақстан – Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Өзара тауар айналымы мен инвестициялар жыл сайын өсіп келеді.
Қызылорда облысы Қытай инвесторларымен бірлесіп жұмыс істеуден мол тәжірибе жинақтаған өңір екенін атап өткім келеді.
Мұнай-газ – өнеркәсіптің маңызды салаларының бірі және облыс экономикасының негізі. Аталған саланың үлесі өңірдің өнеркәсіптік өндірісінің 48,7% – дан астамын құрайды және 10 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтиды.
Мұндағы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, баламалы энергия көздері, құрылыс индустриясы, тау-кен өнеркәсібі, машина жасау салаларындағы озық технологиялар біз үшін аса құнды. Барлық саладағы жетістіктерді, тәжірибені игеруге қызығушылық танытып, арнайы келдік.
Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, қытайлық компанияларды Қазақстанға инвестиция салуға шақырамын. Біздің тараптан барлық қажетті жағдай жасалады. Инженерлік инфрақұрылым жеткізіп береміз, жеңілдіктер бар, өндірілген өнімді өткізуге атсалысамыз», – деді Н.Нәлібаев.

Өз кезегінде Чжао Ган мырза екі ел арасындағы байланысты нығайтып, инвестициялық жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.

Қытай – Қызылорда облысының ең ірі сауда серіктесі және өңірдің сыртқы сауда көлемінің шамамен 60%-ын құрайды, одан соң Ресей – 23,3% және Еуропа елдері – 8%. Қытайға негізінен мұнай өнімдері, майлы дақылдардың тұқымы, балық өнімдері және өңделмеген алюминий экспортталады. Импорттың негізгі позициялары – машиналар, жабдықтар, полимерлер және құрылыс материалдары.

Аймақ басшысы бастаған облыс делегациясының жұмыс сапарын ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған. Келіссөздер басқа қалаларда да жалғасады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: