Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дүние – кезек

31.01.2025, 15:15 211

HALYQLINE.KZ

Менің өмірден түйгенім: киім, әсіресе, бас киім адамның мінезін күрт өзгертеді екен. Ертеректе, дәлірек айтқанда, өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Басына шәпкі, қолтығына папкі» берген шолақ белсенділер қазаққа көп зардап шектіргені тарихтан белгілі ғой.

«Неге қарапайым жалшы өзін асырап жүрген байға кенеттен айбат шеге қалды екен?» деп көп ойға батып жүретінмін. Сөйтсем, дүние – кезек. Бар кінә шәпкіде екен!

Біз бәріміз қатар өстік. Бір сыныпта оқыдық. Мектепті бітірген соң, әр тарапқа жөнелдік. Біреуі оқуға кетті. Енді біреуі ауылда жұмыс істеуге қалды.

Балтабай Қамбаш жұмысшылар тұтыну одағының (рабкооптың) қарапайым жұмысшысы болды. Бір күні Жаңа жыл қарсаңында, яғни желтоқсан айының ішінде Қамбаш жұмысшылар тұтыну одағына (рабкоопке) сықия тиелген екі вагон қызыл шарап келді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының қақаған қыс айының қаһарына орыстың ақ арағы болмаса, жеңіл шараптар шыдас бермей, қатып қалып, бөтелкелерін қақ айыратыны бар. Бұл жолы да нақ солай болды. Күтірлеп сынған шынылар!..

Әдетте, қақаған қыста мұндай жеңіл шараптарды жібермеуші еді. Жоғарғы жақ қалай алжасқан?!.. Сұрақ көп, жауап жоқ! Мекеменің басшылары әбігер болды да қалды. Қоймашылар да зыр жүгіріп жүр. Бұл абыр-сабырдың ішінде бір ғана адамның қуанышы қойнына сыймай тұр. Ол біздің құрдасымыз Балтабай Балмырзаев болатын. Көзі шоқтай жайнап, ауық-ауық сынған бөтелкелерге, қатып қалған шараптарға аса риза кейіпте сүйсіне қарайды.

Шарапқа толы бөтелкелер аяздан жарылып сынғанымен, акт жасап есептен шығару үшін, бөтелкелердің бүтін тығындарын жинау керек екен. Мұндай жауапты жұмыс телміріп тұрған соң ба, Балтабайға жүктелді.

Бастықтарының сеніміне ие болған Балтекең қуанғаннан жұмысын артығымен орындады. Үйінен қап әкеліп, бүтін тығынды бір бөлек жинап қойды да, сынған бөтелкелерді қап-қап қылып қаптап, түк шашау шығармастан барлығын үйіне тасып алды.

Шарбағына тау-тау болып үйілген тап-таза «Портвейн 12» шарабын бөтелкелерден ажыратып, сүзгіден өткізіп, су сақтайтын флагтерге жинай бастады. Жинаған «байлығы» тұп-тура екі флаг болды. Флагтың жанына үлкен ыдыс-бақыраш қойылды. Бәрі дайын болғаннан соң, достарымен отырып, бір-бір бақыраштан тартып алды.

Бұл «жағымды жаңалық» елде жата ма?.. Әрі, оның үстіне, Кеңес үкіметінің қазақ халқын арақ-шарапқа үйретудегі қитұрқы саясатының өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасындағы «жемісті» жылы болса!…

Құдайдың құдіреті ғой! «Құланның қасынуына мылтықтың атылуы» демекші, сол сәтте Балтабайдың қалада оқып жатқан сыныптас досы Жаңа жыл қарсаңында ауылға келді. Жай келген жоқ. Басына елде мүлде кездесе бермейтін, адамға сұс беретін шәпкі киіп келді.

Өкініштісі сол, шәпкісін баса киіп, әрі-бері қоқаңдап көріп еді. Ешкім аса мән бере қоймады. Өйткені, жұрттың назары, ақыл-ойы, санасы, бар ынтасы, есіл-дерті Балтабайдың үйіндегі тегін тәтті шараптан қалайда ауыз тиіп қалуды ғана армандап, бас қатырып жатқан.

«Шәпкінің де қадірі кеткен-ау! Сонау отызыншы жылдар болар ма еді… Әжем айтып отыратын еді!…» деп ойлады іштей Балтабайдың қалада оқып жатқан сыныптас досы күйіп кетіп. Сөйтті де, көпшілікке қосылып, бұл да Балтабайдың үйіне қарай аяңдады. Сондағы ойы: «сұсты шәпкінің арқасында тәтті шараптан бақырашпен бір сіміріп алса!». Осындай оймен батыл қадам жасаған ол алшаң-алшаң етіп, сыныптасы Балтабайдың үйіне жақындай түсті. Бірақ бір аңғарғаны жолда қисалаңдап қарсы кездескендер де, сапарлас болғандар да, неге екені белгісіз, шәпкісіне бір қарайды да, жуаси амандаса қалады. Соған қарағанда, шәпкінің әлі де адам үркітетін қауқары бар-ау! Осыны ойлағанда, Балтабайдың қалада оқып жатқан сыныптас досының көңілі бір көтеріліп қалды. Сөйтті де, амандық-саулықтан соң, қарапайым адамдарға әмір бере сөйлейтін бүгінгі Ақорданың шенеуніктерінше тіл қатты:

– Балтеке, маған бір бақыраш құйып жібер!

Балтекең де мұндайлардың талайын көргендей, шарапқа тойып алып қисалаңдап тұрса да, шалт қимылдап шарапқа толы бақырашты сыныптас досына ұсынып үлгірді. Онысы да қаражаяу емес екен. Шарап толы тәтті шарапты басына бір-ақ көтерді. Көзі лезде шатыраштанып шыға келген Балтекеңнің қалада оқып жатқан сыныптас досы қисалаңдаған достарына қосылып, көпке сіңісіп, араласып кетті.

Әңгіменің ауаны тәтті шарапты олжалаудағы Балтекеңнің тапқырлығы мен қалада оқып жатқан сыныптас достарының ерекше шәпкісін мақтаудан арылмады. Қорыта айтқанда, ерекше шәпкі мен тәтті шараптың ара салмағы көпшіліктің, яғни қоғам алдындағы дәрежесі тең тұрған.

Оқиғаның шиленісі мен шарықтау шегі шарап толы шелек Кеулімжайдың үйіне барғанда басталды. Дәлірек айтқанда, шарап пен шәпкінің іштей рухани шайқасы жаңа деңгейге көтерілді.

Осы кезде Кеулімжайдың үй іші Қазалының базарынан 200 литрлік ыдыс сатып алып, жабылып түу сонадайдан теміржол вокзалының жанындағы су колонкасынан иінағашпен иықтап су тасып толтырып, уһ деп енді ғана рахаттана дем алып отырған сәт еді.

Бұлар дәудірлеп үйге кіріп келген соң, қазақы дәстүрмен көп ұзамай дастарқан жайылды. Содан қанша отырғандары белгісіз, бір кезде тәтті шарап та таусылды. Қайтар мезгіл де болды-ау! Бәрі қисалаңдаған күйі киімдерін кие бастады. Әзірге бәрі дұрыс! Тек ерекше шәпкі жоқ болып шықты. Шарап ішкендер де, Кеулімжайдың үй іші де түгел іздей бастады. Бәрібір ерекше шәпкі табылмады. Жын ба, шайтан ба?!… Үйдің астаң-кестеңі шықты. Бәрібір жоқ!…

Бәрі үйлеріне көңілсіз қайтты. Әсіресе, ерекше шәпкінің иесі Балтабайдың қалада оқып жатқан сыныптас досының көңіл күйі тіпті түсіп, жынынан айырылған бақсы сияқты басы салбырады да қалды.

Көп ұзамай, кешкілік жоғалған ерекше шәпкі иесіне сүйіншілеген хабар жетті. Сөйтсе, жоғалған ерекше шәпкі басқа-басқа емес, Кеулімжайдың үй іші күні бойы сонадайдан ақ тер, көк тер боп тасыған 200 литрлік ыдыстың ішінде «рахаттана шалқалай жүзіп жүр» екен! Су ішпек боп қисалаңдай ұмтылған әлгі бір сәтте басынан түсіріп алған-ау! Бұл жайт шәпкінің иесін сыбап, суды қайта төгуіне тура келтірді. Өйткені, ерекше шәпкінің ерекше қап-қара бояуы таңертеңнен қара кешке дейін, қашықтан әупірімдеп тасыған суларын кенет шарап ішкен досының бас киімі, молдаларша айтқанда, «харам» қылып кетсе, Кеулімжай ашуланбағанда қайтсін? Бұл деген ашудан жарылып өлетін жағдай ғой!…

Осы оқиғадан соң, үй іші боп әрең дегенде тасып толтырып қойған суын қапелімде шарап ішкен досының «харам» қылып кеткен ерекше шәпкісін аспандатып бір тепкен Кеулімжай ашудан өртеніп кете жаздады.

Бұл тебістің нәтижелі болғаны сонша ерекше шәпкі бұрынғы қаһарлы кейпінен біржола айырылып, мыжырайды да қалды.

«Дүние – кезек» деген рас екен. Шәпкінің заманы кетіп, арақ-шараптың заманы орныққан кезең келді. Алда жемқорлардың заманы күтіп тұр еді…

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы

Қамыстыбас  ауылы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: