Қызылорда қаласындағы «Титов» шағын ауданының тұрғыны, сексеннің сеңгіріндегі қарт ана Зылиха Садыққызы ескіден келе жатқан әңгімелердің тірі куәгері еді. Құлағымыз шалып, сол кісіні іздеп барғанбыз. Мына әңгімелер оның көзі тірісінде өз аузынан айтылған. Сонымен…
***
Мәді атты нағашы аталарымыз болды. Көрген түйгені көп, ақиық еді. Атадан қалған оқиғаның бірі – осы. Аңызақта жолаушылап екі аттылы келе жатады. Ұмытпасам Нұраның үсті, Қарашалардың жері. Құм іші тынық, айналадан ешкімнің төбесі көрінбейді. Әлден уақытта сонадайдан шаң көтеріліп зуылдаған күйі бірдеңе қасынан ысылдап өте шығады. Бір емес, екі-үш рет қайталанған соң бұл не болды екен деп аңтарылады олар. Тәуекелге бел буып, қамшы салғанда сұлап түскен кәдімгі жылан. Аузына тыққан ағаш қасықтың басындай алтын бар. Шамасы әрі-бері алтын тасып жүрген секілді. Содан ауылға келіп, кітап ұстаған ілімді молдаға болған жайды түгелімен баяндайды.
– Шырағым, мұны жетіге бөл де, мешітке тапсыр, – дейді. Молданың айтқанын істегенмен ол пендешілікке салынып бір бөлігін өзінде қалдырады. Соңында сол кісі жақсы болмады, ұрпақсыз қалды. Қартайған шағында жалғыздықпен баз кешіп, тек өлер алдында әлгі алтынды мешітке өткізді. Дегенмен бәрі де кеш болатын.
***
Басықара деген датқа байқаусызда гауһар жүзігін жоғалтады. Арада біршама уақыт өтіп, ұмытыла бастаса керек, іздеуді қойған болатын. Бір күні құмды төбе басынан жалтыраған затты байқайды. Қараса баяғы өзінің жүзігі. Алуын алғанмен мазасыз ой қысты. Қайтып келген малда қайыр болады, ал алтынның арты сәтсіздік-ау, тәйірі. Айтса айтқандай, ойы шындықты дөп басты. 1927 жылы белінен шыққан екі ұлын «халық жауы» деп Ташкенде атты. Қандай өкінішті!
***
Бес Жаппасқа белгілі Аппаздың үйінде мүсәпір кемпір болған. Сол кемпір тезек теріп жүріп жылтырауық нәрсе тауып алады. Бала ойнайды деп әкеліп, кішкене нәрестенің қолына ұстатады. Мұны байқаған Аппаз «қайдан алдың?» дейді кемпірге. Орнын көрсетсе, алтын біршама екен. Дереу ағасы Мырқыны шақырып, болған оқиғаны айтады. Сол алтынның арқасында Мырқы қажылыққа барып, тіпті Меккеде Құнанбаймен бірлесе қазақтар үйін салдырды деген сөз бар. Ал мүсәпір әйел Аппаздың үнемі жанында болып, күйлі тіршілік көріпті.
Қаныбек ӘБДУОВ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!