Тарихтың жұмбақ беттерінде өз ізін қалдырған оқиғалар аз емес. Солардың бірі – Атлантида. Бұл жоғалған құрлық туралы аңыздар мыңдаған жыл бойы адамдардың санасын баурап, түрлі ғылыми зерттеу мен әдеби шығарманың негізгі тақырыбына айналды. Бірақ Атлантида шынымен болған ба? Әлде бұл тек ойдан шығарылған аңыз ба?
Атлантида туралы алғашқы дереккөздер
Атлантида туралы ең алғашқы мәліметтерді грек философы Платонның еңбектерінен кездестіреміз. Ол б.з.д. 360 жылдары жазылған «Тимей» және «Критий» диалогтарында Атлантиданы ежелгі әрі бай өркениет ретінде сипаттайды. Платонның айтуынша, Атлантида Атлант мұхитының ортасында орналасқан алып арал болған. Оның халқы өркениетті, бай, озық технологияларға ие және әскери күшті болған. Бірақ құдайлардың қаһары мен тұрғындарының жемқорлыққа батуы салдарынан, Атлантида бір күнде жойылып, су астына кеткен.
Ғылыми көзқарас
Ғасырлар бойы Атлантида туралы пікірлер екіге бөлінді. Бір тарап оны аңыз деп есептесе, екінші тарап шындыққа жанасатын теорияларды ұсынды. Зерттеушілердің көпшілігі Атлантида – Платонның утопиялық қоғамның бейнесі ретінде жазған ойдан шығарылған дүниесі дейді.
Алайда, Атлантида нақты болған деп санайтын ғалымдар да бар. Олар бұл жоғалған құрлықты әртүрлі географиялық аймақпен байланыстырады. Мысалы, Санторини аралы (Грекия): Кейбір тарих Атлантида туралы аңызды ежелгі Миной өркениетінің жойылуымен байланыстырады. Б.з.д. 1600 жылдары Санторини аралындағы жанартаудың атқылауы бұл өркениеттің құлдырауына әкелген.
Багам аралдары мен Кариб теңізі: Кейбір археолог Атлантиданы Атлант мұхитының батыс бөлігінде іздейді. Мұндағы суасты құрылымдары жоғалған өркениеттің қалдықтары болуы мүмкін деген пікір бар.
Сахара шөлі: Жақында кейбір зерттеуші Сахараның «Көз» немесе «Ришат құрылымы» деп аталатын бөлігін Атлантидамен байланыстыра бастады. Олардың пікірінше, бұл аймақ Платон сипаттаған Атлантидаға ұқсас.
Мифтің мәні қандай?
Көптеген ғалым Атлантиданы аңыз деп есептегенімен, оның маңыздылығын жоққа шығармайды. Платон бұл аңыз арқылы өркениеттің жоғары дамуы мен оның құлдырауы туралы ой қозғаған. Адамзаттың ашкөздік, билікқұмарлық сияқты қасиеттері табиғи апаттармен қосылып, үлкен өркениеттерді жойып жіберуі мүмкін деген ойды жеткізгісі келген.
Атлантидаға сену қажет пе?
Жоғалған Атлантида аңызы адамдарды үнемі қызықтырып келеді. Ғылыми дәлелдер жетіспесе де, бұл жұмбақ бізге адамзат тарихындағы көптеген құпияны зерттеуге ынталандырады. Атлантида туралы аңыздың астарында тарихтың нақты оқиғалары жатыр ма, әлде бұл тек Платонның шығармашылық қиялы ма – бұл сұрақтың жауабы әлі күнге дейін табылған жоқ.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!