Жандос ЕРКІНБЕК,
Қармақшы ауданының әкімі:
Апта басында Қармақшы ауданына жол түсті. Басты мақсат – аудан әкімі Жандос Еркінбекұлымен сұхбаттасу. Шыны керек, бұған дейін Қармақшының өзге аудандардан артта қалып кеткені туралы жиі қозғалатын. Мұны сөз арасында аудан әкімі де растады. Қазір бәрі басқаша, өйткені аудан бюджеті айтарлықтай артып отыр. «Туған жерде қызмет ету – перзенттік парызым» деген Жандос Еркінбекұлы кадр таңдауда жергілікті азаматтарға басымдық беретінін ашық айтты. Сондай-ақ, басқарушылық қызметте мінездің керек екенін айтып, жоғары талап жүйелі жұмысқа бастайтынын жеткізді.
ӘКІМНІҢ ЖҰМЫСЫНА ХАЛЫҚ БАҒА БЕРЕДІ
– Жандос Еркінбекұлы, аудан басшылығына келгеніңізге тура 2 жыл толған екен. Осы уақыт аралығындағы жұмысыңызға халық өз бағасын беріп жатыр деп ойлаймын. Сіз үшін екі жыл қандай ерекшелігімен есте қалды? Сұхбатымызды осы сұрақтан бастасақ.
– Ең бастысы, 2023 жылдың қаңтарынан бастап аймақ басшысының сенімімен туған жеріме аудан әкімі болып тағайындалдым. Дұрыс айтасыз, әкімнің жұмысына халық баға береді. Әрине, ел игілігі үшін істелген жұмыстар бәрінің есінде қалады. Осы аралықта менің де есімде халықтың қуанышы, алғысы жатталып тұр. Жалпы, 2024 жыл қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция байқалды. Оның бір дәлелі ретінде аудан бюджетінің ұлғаюын ерекше айтуға болады. Мәселен, 2023 жылдың 19 қаңтарында аудан бюджеті 11,9 миллиард теңге болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 18,5 миллиард теңгеге жетті. Яғни, 2023 жылғы бекітілген бюджетпен салыстырғанда 6 млрд 541 млн теңгеге немесе 54,5 пайызға артып отыр.
Ауданның өз кірістері 2024 жылға 2 млрд 111 млн теңге болып бекітіліп, жыл қорытындысымен 547 млн теңгеге ұлғайтылды. Демек, 2023 жылмен салыстырғанда 38,4 пайызға артты. Ал, 2025 жылдың 1 қаңтарына ауданның өз кірістері жоспары 108,8 пайызға орындалып отыр.
– Жалпы, басшылыққа келгенде «нақты мына жұмыстарды қолға аламын» дегендей мәселелер болды ма?
– Аймақтағы маңызды жобалардың бірі – Жосалы кентіндегі инфрақұрылымдық жұмыстар. Төретам және Ақай елді мекенін газбен қамтамасыз ету жұмыстарына 2,2 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді.
Аудан бойынша аса маңыздысы – Дүр Оңғар ауылына газ жеткізу мәселесі. Себебі, сол аймаққа газ жеткізілсе, басқа да елді мекендерді газдандыру жұмыстарына мүмкіндік туады. Осы жобалар іске асқанда аудан тұрғындарын «көгілдір отынмен» қамту үлесі артатын болады.
Дүр Оңғар ауылына дейінгі және ауылішілік газ желісінің құрылысының басталуына облыстық бюджеттен 1 млрд 721,3 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны – 7 млрд 172 млн теңге.
Сонымен қатар, аудан орталығындағы көпір мәселесі де шешімін табуда. Құрылысқа қаржы бөлініп, күн райы қолайлы болғанда жұмысты бастаймыз.
2023 жылы аймақ басшысының қолдауымен 50 пәтер табысталса, 2024 жылы 156 пәтер тұрғындар игілігіне берілді. Әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетуді әлі де жалғастырудамыз.
Жүргізіліп жатқан жобалар нәтижесінде ауданымызда халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды салу, ауызсумен қамтамасыз ету, электр беру желілерін қайта жаңғырту және газбен қамту мәселелері шешілетін болады.
Әрине, 50 мыңнан аса тұрғыны бар ауданның әр азаматының көңілінен шығу қиын. Біреулерге жұмысымыз ұнаса, өзгелерге басқаша көрінуі мүмкін. Дегенмен, басты мақсатым – туған жерімді дамыту. Мұны өзімнің перзенттік парызым, борышым деп санаймын.
– Жаңа сөз арасында тоқталып кеттіңіз, десе де 2024 жылы газ жүйесін тарту бойынша ауданда жақсы нәтижелер бар екенін байқап отырмыз…
– Иә, солай деуге болады. Жоғарыда айтқанымдай, Ақай мен Төретамды газбен қамтамасыз еттік. Дүр Оңғарды да газға қосуға дайындалып жатырмыз. Газ жүйесін қамту 2027-2028 жылдары 90%-ға жетеді деп болжап отырмыз. Барлық жұмыстар кезекпен жүргізіледі.
Сонымен қатар, басқа елді мекендерді газдандыру үшін Иіркөл (20,1 млн теңге) және Төребай би ауылдарына (19,2 млн теңге) дейінгі және ауылішілік газ желісінің жобасын әзірлеуге аудандық бюджеттен 39,3 млн теңге қаржы қаралып, жоба-сметалық жұмыстары әзірленді.
Бұдан бөлек, Жосалы кентінде жаңадан ашылған «Тәуелсіздік» ықшам ауданының үйлеріне газ желілерін тарту құрылысы аяқталып, тұрғындар газбен қамтамасыз етілді. Жобаға 743,8 млн теңге қаржы қаралып, толығымен игерілді. Келесі кезекте – ауызсу жүйесін жүргізу. 2024 жылы қажетті қаражатты республикалық бюджеттен алуды жоспарлап отырмыз.
– Жұмыссыздық мәселесі қай кезде де маңызды ғой.
– Жұмыссыздық мәселесі де – басты назарда. 2023 жылы «Қармақшы құс» ЖШС-ның құс фабрикасы ашылып, тұрғындарды жұмыспен қамтыды. Биыл құс жемін шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, аудан орталығындағы сауда орталықтарының құрылысы жалғасуда. 2024 жылдың бірінші жартысында «Адина» сауда орталығын іске қосуды көздеп отырмыз.
Былтыр ауданымызда 3,5 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп, 5 мыңға жуық тұрғын жұмыспен қамтылды. Жергілікті кірістер көлемі 2,7 миллиард теңгеден асып, 3 миллиардқа жуықтады.
Ауыл шаруашылығымен қатар, ауданның экономикалық дамуына тікелей әсер ететін шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы да ұмыт қалмады.
Спорт саласында да айтарлықтай жетістіктеріміз бар. Жыл соңында 2 спорт кешенінің құрылысы аяқталды. Ақпан айында аймақ басшысы кешендерді ресми түрде ашуды жоспарлап отыр. Әр кешенде кемі 13-15 жұмыс орны ашылады.
ӨЗІМНЕН БАСТАП, ҮШ ОРЫНБАСАРЫМ ДА – ҚАРМАҚШЫНЫҢ ТУМАСЫ
– Кадр таңдауда қандай артықшылыққа мән бересіз?
– Аудан әкімі болып тағайындалғандағы алғашқы шешімім басшылық құрамды өзгерту, орынбасарларды ауыстыру болды. Қазір өзімнен бастап, үш орынбасарым да – осы ауданның тумасы. Жергілікті азаматтардың туған жеріне жаны ашуы маңызды деп санаймын. Әрі бұл өз әсерін де беріп жатыр деп сеніммен айта аламын.
Шыны керек, Қармақшы ауданының дамуы басқа аудандарға қарағанда артта қалғаны жасырын емес. Сондықтан, кадр тағайындауда дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын. Нәтижесін ел көріп отыр, аймақ басшысы да оң бағасын берді. 2024 жылдың қорытындысында жұмысымыздың нәтижелері де жаман емес. Сонымен бірге, 2025 жылға жоспарларымыз да көп.
– Қалай ойлайсыз, басқарушылық қызметте мінезді болу маңызды ма?
– Мінез, талап және принцип міндетті түрде қажет деп ойлаймын. Ешкімге құпия емес, 20 жылға жуық Ұлттық қауіпсіздік саласында қызмет еткендіктен, мен үшін тәртіптің маңызы зор. Әр берген тапсырманың нәтижесін сұраймын. «Егер үлгермесеңіз, тапсырманы орындау мерзімін ұзартайық» деймін. Қай кезде де, жоспарлы түрде жұмыс істеген дұрыс. Тіпті, артық не кем жұмыс істеу керек емес болуы мүмкін. Бірақ, жоспардағы жұмыс толық әрі тиянақты атқарылуы керек.
– Қоғам арасында «ауыл әкімдері, учаскелік полиция, мектеп директоры секілді қызметкерлер сол ауылда тұруы керек» деген сынды пікір бар. Осыған көзқарасыңыз қалай?
– Мен мұнымен толық келісемін. Ауданда 12 ауылдық округ және 2 кент бар. 12 ауылдық округтің әкімінің барлығы дерлік өз ауылдарында тұрады. Бұл дұрыс деп есептеймін. Тек бір ауылдың әкіміне наурыз айына дейін ғана қатынап жұмыс істеуге рұқсат бердім. Өзім де осы ауылда туып-өстім және бір жылға жуық аудан әкімінің орынбасары қызметін атқардым. Бала-шаға – қалада, мен – осында. Сонда байқағаным, апта соңында жұмыс істеуге құлшыныс азаяды. Ал отбасың қасыңда болса, бәрі басқаша. Мысалы, жұмыс барысында түрлі жағдай бастан өтеді. Сондай уақытта кешкі асқа үйіңе барып келіп, қайта жұмысты жалғастыруға болады. Демалыс күндері бір мезгіл жұмысқа келіп кететінім бар. Бұл – мен үшін келесі аптаға жұмыс жоспары.
– Алдыңғы сұрақты қою себебім, үлкен қалаларда тұратын әрбір екінші жас отбасының көкейінде «ауылдағы шал-кемпірді қалаға көшіріп алсам» деген арманның бары өтірік емес. Жалпы, ауылдарда жастардың азаюы анық байқалады. Қармақшы ауданында мұндай мәселе бар ма?
– Бұл мәселе тек біздің ауданда ғана емес, бүкіл республика бойынша өзекті. Шынымен де, мамандар оқу бітіргеннен кейін елге келіп жұмыс істегісі келмейді, олар Астана, Алматы сияқты үлкен қалаларда қалып, жұмыс істеуді қалайды. Бұл мәселеде мемлекет те қолдан келгенше жұмыстар атқарып жатыр. «Дипломмен ауылға», «Ауыл аманаты», т.б. бағдарлама, жобалар өз жемісін беруде. Одан бөлек, инфрақұрылымдық жобалар да бұл жайттың алдын алады дер едім. Мысалы, ауылдан бір спорт кешенін салу, тек спортты дамыту ғана емес, тұрақты жұмыс орнын ашу ғой. Кәсіпкерлік саласындағы жұмыстар да аудан көлемінде жүзеге асырылып жатыр. Сосын жастарға қатысты мәселені ақсақалдар арасында насихаттау қажет деп ойлаймын. Осы күні 4 баланың әкесімін, 1 қыз, 3 ұлым бар. Соның біреуі міндетті түрде ауылда тұрады деген ойым бар. Қанымызға сіңген ғой, қарашаңырақта бір еге қалуы керек деген түсінік.
Мысалы, біз «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 580 миллион теңгені игердік. Дәрігерлер мен мұғалімдер, көптеген жас ауылдарға жұмысқа орналасты. Тек жұмыс беру мәселені шешпейді, сондықтан қазір 18 пәтерлік үш қабатты 3 үй салу жобамыз бар. Қазіргі салынып жатқан үйлер әлеуметтік осал топтарға беріліп жатыр ғой. Ал мына үйлер әртүрлі маманға табысталады.
ТҮБІ БАЙҚОҢЫР БІЗДЕ ҚАЛАДЫ
– Баспана мәселесі де тұрғындардың бас қайғысы ғой. Жосалы кентінде апаттық жағдайда деп танылған 2 қабатты тұрғын үйлер кездеседі. Бұл бағыттағы жұмыстарыңызбен бөліссеңіз.
– Аудан орталығында 30-дан астам 2 қабатты үй бар, оның көбі апаттық жағдайда болса, 2 үйді апатты деп танып отырмыз. Егер қорытынды шешім шықса, тұрғындарды жаңа үймен қамтамасыз етеміз. Бұл бағытта кент әкімі жұмыс істеп жатыр. Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары шілде-тамыз айларында басталып, 2,5-3 айда аяқталуы тиіс. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.
– «Байқоңыр қаласы қазақыланып келеді» деген қуанышты жаңалық бар. «Жабық қалаға» деген ашық пікіріңіз қалай?
– Байқоңыр қаласында 70 000-ға жуық адам тұрса, оның 40 мыңы – Қазақстан Республикасының азаматы, яғни Қармақшы ауданының тұрғыны. Сол себептен, «сендер Байқоңырда тұрасыңдар» деп біздің ысырып тастауға еш құқығымыз жоқ. Білім саласы да біздің ауданға қарайды, сондықтан облыстық басқармамен келісіп, қадағалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Республикалық бюджеттен Байқоңыр қаласындағы кәріз құбырларын жаңарту бойынша үлкен жобаның екінші кезеңі (2024-2027) жүзеге асып жатыр. Бірінші кезеңі 2021-2022 жылдары жүргізілген болатын.
Бас жоспарға сәйкес, Байқоңыр қаласында Қазақстанның теңгерімінде болатын спорт кешенін салу жоспары бар. Қалада 5-7 мектеп және бірнеше балабақша бар. Ішкі істер министрлігінің өкілдігі де жұмыс істейді. Біз бәрімен тығыз байланыс орнатып, бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз. Жалпы, қанша жыл болсын, түбі Байқоңыр бізде қалады. Сондықтан, қазірден бастап жұмыстар атқарылып жатыр.
– Сөз соңында биылға деген жоспарға тоқталып өтсеңіз…
– 2025 жылы да 2024 жылдың құрылыс жұмыстары қарқынын арттыру мақсатында жол жөндеу, спорт алаңдарын салу, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Бірінші кезекте, республикалық бюджеттен алдағы нақтылауда қаржы қарастырылса, көпір құрылысын бастаймыз. Оны сұхбат барысында айтып өттім.
Сонымен қатар, жол жөндеу саласында көптен бері шешімін таппай жүрген «Төретам-Ақай» бағытындағы жолға облыстық бюджет қаражаты есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, 2025 жылға 528,4 млн теңге қаралған. Жоба құны – 1,2 млрд теңге.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы есебінен Жосалы кентінің Келмембет батыр және Шыңғысов көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Облыстық бюджет қаражаты есебінен Ақжар ауылының 3 көшесіне, Жосалы кентінің бір көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары және Жосалы кентінің 5 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарладық. Аудандық бюджет қаражаты есебінен Иіркөл ауылындағы бір көшеге күрделі жөндеу және Ақтөбе ауылының бір көшесіне орташа жөндеу жұмыстары да басталады.
Иіркөл, Дүр Оңғар ауылдарында электр желілерін жаңғырту, құрылыс монтаждау жұмыстары жалғасын тауып, 2025 жылы аяқталуы жоспарлануда.
Жалпы, атқарар жұмыс өте көп. Мұнда тек маңыздыларына тоқталып өттім. Негізінен жұмысымыздың бағасын халық береді. Алдағы кезеңдерде Президент Жолдауы мен тапсырмаларын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік бағдарламалар мен Ұлттық жобалар және облыс әкімінің іс-қимыл жоспарын назарға ала отырып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жүйелі жүргізетін боламыз.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!