Әбдіжәміл Нұрпейісов – қазақ әдебиетінің заңғар шыңы. Асау теңіздегі алып кеменің байсалды жүзгені сияқты, Әбе ақыл-ой тебіренісі де ешбір толқын бетін қайтара алмайтын салмақты құбылысқа ұқсайды. Оның өмірлік ұстанымы айнымас ақиқатқа, шындық пен шынайылыққа негізделген орнықты тұғырға айналды. Әрдайым халықтың үдесі мен мемлекеттің мүддесін биік қоя білген дәрежелі дарабоздың құрметіне шымылдық түрген іс-шаралар легі Арал ауданында «Қуатты қалам иесі» атты парасатты поэзия кешіне ұласты.
Кешті ақын, тележурналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Шакизада Әбдікәрімов жүргізіп, танымдық іс-шараға асыға келген жұртшылыққа дарабоз тұлғаның құрметіне арналған кешті сырлы сөзбен сабақтады.
«Поэзия – жан тыныштығының министрлігі» деген қанатты сөз бар. Сондықтан бұл әлемде даңғаза ғаламнан тыныштық іздеген дарындылар табылады. Нұрпейісов өлең жазбаса да, оның шығармаларынан ойлы адам өлең тапқандай болар еді. Сол поэзияның пірлі шаңырағына үн қосқан ақындар шоғыры – бүгінде бір төбе.
Көпшілікке рухани ләззат сыйлаған поэзия кешінің шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, ТҮРКСОЙ жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет түріп, өзінің жүрегінен шыққан отты өлеңдерін ойлы оқырманға тарту етті.
Туған жер алдындағы перзенттік борышын қанымен де, терімен де, талантымен де өтеуге бар өмірін арнап, дәуірінің дарабозы болып танылған тұлға жайында естелік айтылған поэзия кешінде ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иесі Светқали Нұржанов пен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Академиясының академигі Бауыржан Жақып Әбе салған даңғылды даналық деп таныған аға буынға айшықты өлеңдерін арнады.
«Жазушы – адам жанының инженері» деген аксиома Әбең шығармашылығының бүкіл болмыс-бітіміне, суреткерлік әлеміне сай келеді. Оның кітаптарын оқыған сайын дүниеге келген әр адам бір-бір ашылмаған жұмбақ әлем екендігіне көз жеткіземіз. Сол әлемнің ой-шұқырын ойша шарлап, ойпаңында ой қаттаған қауымның қатарыннан табылатын бекзат болмысты азаматтар парасатты поэзияда мінбеге көтеріліп, Әбе жайлы естеліктері мен ыстық ықыластарын өлең арнасына тоғыстырды.
Бұл кештің көркін қыздырып, сырлы сөзді ойнақшыту арқылы озық ойлы оқырман қауымның оясынан шығып жүрген ізбасар азаматтардың қатарында жазушы, ақын Мырзан Кенжебай, «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, бұқаралық журналының бас редакторы Нұрлыбек Сафин, ақын Толыбай Абылаев, Дүйсенбек Аяшұлы, ақын, режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов және талантымен талайды таңдай қақтырған ақындар Оңталап Базарәлі, Ақжол Түменбай және аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов бар.
Жақсы сөзді жарым ырысқа балайтын жұртшылық тағылымды кеште қуатты қалам иесінің өмір жолы мен шығармашылығы жайындағы есті естеліктерге тояттап, өлеңмен тоқылған өрнекті кештен рухани азық алып тарқасты.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!