Ел үкіметі бүгінде өндіріс орындарын ұлғайту ісіне көп көңіл бөліп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы өнім өңдеу өнеркәсібіне көптеген қолдау көрсетіліп жатыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, биыл Қызылорда қаласы кәсіпкерлерінің саны 33 мыңнан, ондағы жұмыспен қамтылған адамдар саны 65 мыңнан асқан. Ал, шағын және орта кәсіпкерлікпен 300 млрд теңгеге өнім өндірілген. Сондай-ақ, өндірістік нысандармен қатар, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жобалары да жүзеге асырылуда Атап айтар болсақ, Болат Өтемұратов қорының демеушілігімен халықаралық талаптарға сай етіп салынған «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы биыл ел игілігіне пайдалануға берілді. Осы және өзге де мәселелер бойынша өткен аптада Достық үйінде «Кәсіпкерлікті дамыту – қуатты экономиканың негізі» тақырыбында семинар өтті. Жиында қала әкімінің орынбасары Пакуатдин Шамұратов шағын және орта бизнес өкілдерін қала әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттап, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
– Бүгінгі семинар сіздер үшін өзара тиімді ынтымақтастық пен жаңа іскерлік байланыстар орнатуға үлкен мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз. Біз үшін жұмыс істейтін әрбір кәсіпкер маңызды және оларға жұмысты жүргізу үшін ең жақсы жағдайларды жасауға тырысамыз. Сондықтан да мемлекеттік қолдау шаралары аясында сіздерді кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жаңа идеяларды бірлесіп атқаруға шақырамын,– деді Пакуатдин Сражадинұлы.
Семинар барысында кәсіптегі қаржылай сауаттылық, бизнесті жүйелеу әдістері, сондай-ақ бизнесті ойлау психологиясы тақырыбы талқыланып, осы төңірегінде спикерлер өздерінің озық іс-тәжірибелерімен бөлісті. Алғашқы болып «Халық» қайырымдылық қорының Алматы облысы бойынша филиалының жоба менеджері Ербол Шыма қазіргі таңда кең қолданысқа ие болған «Chat Gpt» атты жасанды интелектінің кәсіпкерлерге пайдасы мен қолдану ережелерінің жаңа функцияларымен таныстырды.
– Мен бұл семинарға спикер ретінде Алматы қаласынан арнайы келдім. Айтатын тақырыбым – бизнесті ойлау психологиясы. Кейбір адамдар кәсіпті бастауды оңай деп ойлайды. Кәсіпкерлік дегеніміз – белгілі бір істі істей білу. Іс істеу – адамның белсенділігі және іскерлігі. Ал белсенділік және іскерлік дегеніміз – адамның еркін өмір сүру түрі, – дейді «Халық» қайырымдылық қорының Алматы облысы бойынша филиалының жоба менеджері Ербол Маралұлы.
Сонымен қатар, «The One System» компаниясының негізін қалаушы Аслан Жұмабаев бизнесті жүйелеу әдісі туралы тақырыпты қозғаса, ал «NP-Consulting» ЖШС директоры Ғалым Прекешев кіші өндіріс кәсіпорындарын дамыту жолын түсіндірді. Азаматтардың қаржылай сауаттылығы төңірегінде «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы Балдырған Мәмен, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы мүмкіндіктер туралы ҚР АШМ Қаржылық құралдар және микрокредит беру департаментінің бас сарапшысы Сұңғат Серікбайұлы сөз етті.
Форумда өңірлік өндірістен шығатын өнімдер көрмесі ұсынылды. Оның ішінде, жартылай дайын өнімдер, жартылай фабрикатталған шұжықтар мен нан өнімдері, тіпті дастарқаннан дайын мұздатылған ірілі-ұсақты тағамдарға дейін көрініс тапты. Осы орайда жергілікті жеке кәсіпкер Василий Огаймен пікірлескен едік.
– Мен нан және кондитер өнімдерін өндіру кәсібімен айналысып келе жатқаныма 10 жылдан аса уақыт өтті. Арнайы семинардың алдында өз өнімдерімді көрме ретінде әкелдім. Үкімет тарапынан түрлі жобаны, грант ұтып алған жас кәсіпкерлерді көріп қуанып тұрмын, – дейді жеке кәсіпкер Василий Огай.
Аталмыш форумға ерікті жастар мен жеке кәсіп иелері қатысты. Жиынның мақсаты – жас кәсіпкерлер мен брендтік имиджі қалыптасқан жеке бизнес иелерінің арасында тәжірибелерімен бөлісу. Сондай-ақ, өңірімізден өндірілетін өнімдерді таныстыру. Семинар соңында спикерлермен пікір алмасулар жүріп, көптің көкейінде жүрген бизнес саласындағы сұрақтарға жауап берді.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!