Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғасырлар толқынының дарабоздары

14.11.2024, 11:00 781

Өткен аптада бір топ БАҚ өкілі бірнеше шақырымды артқа тастап, Аралға аяқ бастық. Құмында құпия бүккен, тасын түртсең, тарихы сөйлейтін мекен. Бұл ретте, аудан басшылығы шежірелі өлкеде туған шын мықтыларды ұлықтауды ұмытпапты. Бұған бір күнде өткізілген бірнеше іс-шара дәлел. Ал, алыстан ат терлетіп, арнайы келген  қонақтарды құшақ жая қарсы алған аралдықтардың көңілі аппақ екенін аңғардық. Сонымен, мазмұнды іс-шаралар жайында кеңінен тарқатайық.

ӘДЕБИЕТ  ҮЙІНДЕГІ  ӘСЕР

Биыл қаламына қасиет қонған жазушы Әбді­жәміл Нұрпейісовтің туғанына – 100 жыл. Теңіз­дің тағдырын толғап, алаң жұрттың алдында Аралдың ахуалын айтқан абыз. Әлем мойындаған тұлғаның ғасыр белесіндегі мерейтойын жерлестері де дүркіретіп атап өтті. Осылайша «Әлем таныған Әбе» атты іс-шаралардың салтанатты ашылу рәсіміне көпшілік куә болды. Аудандық мәдениет үйі өнерпаз­дарының «Теңіз – өмір арнасы» қойылымын ұсынуы жиылған жұртты сүйсінтті, көңілін қозғады. Егер, балық аулауды жай іс десек, қате­лесеміз. Балық шаруашылығы аралдықтардың өмірімен астасып жатыр. Долы дауыл тұрса да, мұз құрсауындағы жолды бұзып-жарып, құбылған ауа райына қарамастан тірлік етеді. Иә, қойылым тіршілікте атакәсіпті арқау еткен тұрғындардың жай-күйін  айна-­қатесіз  жеткізді.  Әсерлі.

– Саналы ғұмырының соңына дейін ақ қағазбен дос болып, арымен серттескен, туған жерінің талайлы тағдырына алаңдап, тұтас дәуірдің жүгін арқалай білген алып тұлға, артына көл-көсір мұра қалдыр­ған Қазақ­станның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы   Әбдіжәміл  Кәрімұлы  Нұрпейісовке  биыл – 100 жыл. Нақтысы 22 қазанда қазақ Әбе деп құрметтеп,  төбесіне  көтерген  тау  тұлға 100  жасқа  толды.

Бүгін өздеріңізбен бірге қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар халық жазушысы, аса көрнек­ті қаламгер, Ұлы  Отан  соғысының ардагері, ұлт намы­сын ұран тұтқан ерен тұлғаның 100 жылды­ғына арналған «Әлем таныған Әбе» атты іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде жүздесіп отыр­ғаныма қуаныштымын! Абыз жазушы Әбдіжәміл Кәрімұлы – қасиетті Сыр өңірінде дүниеге келіп, бүкіл ғұмырын ұлтымыздың рухани кемелденуіне және қазақстандықтардың шығармашылық мүмкіндігін әлемдік әдеби аренада танытуға арнаған қайраткер. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды. Мерейтой құтты болсын, ағайын! – деді облыс әкімінің орынбасары Шахмардан  Байманов.

Қонақтар әдебиет үйінің табалдырығынан аттап, Әбенің әлеміне қанық болды. Тарихи сурет пен қолжазбаларға көз жүгіртіп, қаламгер тұтынған заттарға зер салды. Мұнда жазушының өз қолымен қайта өңдеген кітаптары да бар. Рухани азық алған әр қонақтың  әсері  бөлек  болғаны  сөзсіз.

БОЗКІЛЕМДЕ  БЕЛДЕСКЕН  БАЛУАНДАР

Сөзінің салмағы бар қайратты қаламгерге арнал­ған іс-шара әрі қарай жалғасын тапты. Облыс әкімдігінің бастамасымен, «Аралтұз» АҚ-ның демеу­шілігімен  қазақ  күресінен республикалық турнир өтті. Шаршы алаңда сөз алған облыс әкімінің орынбасары қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Қадірлі спорт сүйер қауым! Халқымыздың мәде­ниетінде, әдебиетінде өшпес із қалдырған, жауқазын шығармаларымен көптің көңіліне жол тапқан, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда ерекше рөл атқарған Әбенің 100 жылдық мерейтойы тек даталы мереке емес. Қанша уақыт тойласақ та, қанша уақыт жырласақ та оның кемел болмысын, даралығын ашуға сөзіміз де, ісіміз де жетпейтіні анық. Қазан айының 20-жұлдызынан бастау алған іс-шаралар легі бүгін, міне, жазушының туған жеріндегі тартысты додамен жалғасын табуда. Қазақ күресі – тек күш пен шеберлікті көрсететін спорт емес, ол – ұлттық мәдениеттің, дәстүрдің, және патрио­тизмнің жаршысы. Барша қатысушыға сәттілік тілей отырып, мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын! Әбдіжәміл Нұрпейісовтің рухына, әдебиетіміз бен мәдениетімізге құрметімізді білдіріп, оның шығармалары арқылы жүрегімізде орын алған асыл құндылықтарды мәңгілікке жаңғырта берейік, – деді  ол.

Иә, сапқа тізілген балуандардың күреске сақадай сай екенін аңғардық. Қобалжудан гөрі көздегі жалын басым. Өздеріне сенімді көрінді. Мұның өзі – үлкен сайысқа  жоғары  дайындықпен  келгенінің  белгісі.

– Бүгінгі турнирде ең үздік балуандар бақ сынау­да. Қазақ күресінің  апайтөс  алыптары  өзара  мықтыны анықтамақ. Балуандарымыз жекелей сын­да 55, 60, 70, 80, 90, 100 келі салмақ дәрежесінде күш сынасуда. Одан бөлек түйе балуандар белдесуі өтеді. Бұл – қазақ спортының жаңа дәуірге көтерілгенінің көрінісі. Қазақ күресі арқылы Әбдіжәміл Кәрім­ұлы­ның есімін ұлықтап, жастарға спорт арқылы пат­риотизмді насихаттаймыз, – дейді қазақ күресінен ұлттық  дәрежедегі төреші Ғалым Ержанов.

Әр аймақтың абыройын арқалап келген балуандар  жеңіске  жетуде  жігерлілік  танытты.

КӨТЕРІЛІС  КӨСЕМІНЕ  АРНАЛҒАН  КОНФЕРЕНЦИЯ

Әсте, рухани  кемелдену  үшін  де  ұлт  тарихын  түген­деудің маңызы зор. Өйткені, өткенсіз болашақтың жоқтығы белгілі. Ал, тарихты ұмытпай, тұлғаны  тану – ұрпақ парызы. Биыл ұлт-азаттық көтерілісінің қолбасшысы Жанқожа Нұрмұхамед­ұлының  туғанына 250 жыл. Осы орайда, ау­дан­дық мәдениет үйінде зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Ел қорғаны – Жанқожа» атты респуб­ликалық ғылыми-танымдық конференция өтті. Мазмұнды іс-шараның тізгінін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев ұстады. Алғашқы баяндама «Қазақ тарихындағы батырлар институты және Жанқожа батыр» жайында болды. ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев батыр бабаның тарихтағы орнына тоқталып, зерделі  зерттеуін  аңғартты.

Жалаң сөз емес, нағыз дәйек ғана шынайы оқиғадан сыр шертеді. Конференцияда тақырыпты кеңінен талдап, тың ақпарат берген ғалымдар көптің таным көкжиегін кеңейткені рас. Келесі кезек Серікбай Қосановқа берілді. Ол «Жанқожа батыр жырының тарихи негіздері және нұсқалары» туралы  ой  өрбітті.

– Жанқожа батыр жайында 10-нан аса тарихи жыр-дастан шығарылып, ел арасына кең тараған. Солардың арасында Мұсабай, Лұқпан, Жөкей, Қарман, Нұрсұлтан, Орнықбай сынды ақын-жырау­лардың туындыларын ерекше атаймыз. Жанқожа жайындағы тарихи жырды Н.Г.Веселовскийден бері қарай С.Сейфуллин, Т.Шонанұлы, С.Мұқанов, Ә.Қоңыратбаев, Е.Тұрсынов, С.Қасқабасов, Б.Шала­баев, Н.Төреқұлов, С.Садырбаев, Ж.Тілепов, Б.Жүсіпов, т.б. ғалым-әдебиетшілер зерттеді.

Қалай болғанда да Жанқожа батыр туралы тарихи жырлар мен аңыз әңгімелер Сыр бойы халқының жүрегінен өшпес орын алғаны анық. Енді осы кітапқа енген батыр жайындағы жыр нұсқаларының ғылыми сипаттамасына тоқталайық – дей келе, Мұсабай жырау, Ж.Тілеповтың еңбегіндегі және Лұқпан Кенжеұлының нұсқалары мен Төремұрат жыраудың өлеңдеріндегі батырдың бейнесіне тоқталды.

Екі сағаттық конференцияда түйсікке түртіп алар ақпарат айтылды. Тақырып аясы бір болғанымен, ғалымдар бірінің сөзін бірі қайталамай, батырды сан қырынан танытты. Осы тұста, журналист, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Көбегенұлы «Жанқожа батыр туралы тарихи өлең жырлардың жаңғырығы және өміршеңдігі» атты тақырыпта сөз қозғап, есті естелігімен бөлісті. Тарихшы-өлке­танушы Болатбек Қуатов та батырдың сенімді серігі болған Бекмырза хан жайында баяндама жасады.

Иә, Жанқожа батырдың ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастыруында қаншама серіктес, үзеңгілес батырлар мен билердің тұлғасы танылады. Солардың бірі әрі бірегейі – Бекмырза хан. Қазақ халқы Хиуа хандығы мен Қоқан хандығының қысымына, сондай-­ақ патшалық Ресейдің отаршыл саясатына қарсы күрескен кезеңде батыр жасағының басында замандасы Бекмырза хан батырды қолдаған.

Конференция соңында архив саласының үздігі Болатбек Қыстауұлының қос кітабының тұсауы кесілді. Олар – «Халқы қалаған хан Бекмырза» және «Арал  ауданындағы  қуғын-сүргін  зобалаңы».

АҚ  ҚАҒАЗҒА  ТҮСКЕН  АРАЛ  БЕЙНЕСІ

Егер, жазушы кейіпкер тағдырын өзі жасайды десек, қылқалам шебері суретті сөйлетеді. Бояу арқылы болмысты бейнелейді. Бұл – ұлы өнер. Өнер адамды өлтірмеу үшін керек болса, оны жоқ қылуға қандай қақымыз бар? Мұны назарға алған әкімдік суретшілердің басын қосып, тың туын­ды­лардың дүниеге келуіне түрткі болды. Әбдіжәміл Нұрпейісов­тің 100 жылдығына орай «Қалам ұшындағы ғалам» атты халықаралық суретшілер симпозиу­мының көрмесі – соның айғағы. Расымен, көрмедегі әрбір картина көз тартады, жасырған жұмбағы бардай, тым бөлек. Иә, суретшілер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің  туған жеріне табан тіреп, тағдырына төрткүл дүние куә болған айдынды мекенді аралап, Арал бейнесін ақ қағазға түсірген. Осылайша, ҚР Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбания­зов, Астана қалалық суретшілер одағының төрағасы Өмірәлі Исмаилов, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Оразбек Есенбаев, Өзбекстан Суретшілер одағының мүшесі Нортойлок Диеров, Республикаға белгілі кес­кіндемеші Жандарбек Сугуров, Орал Суретшілер одағының төрағасы Қайыр Оразғалиев, Қырғызстанның белгілі суретшісі Чынгыз  Ормонбеков, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Берік Бөкешовтердің еңбегі  талайды  тәнті  етті.

– Қадірлі жерлестер, құрметті қонақтар, бүгін біз «Қалам  ұшындағы  ғалам» атты  Халықаралық суретшілер симпозиумында жиналып отырмыз. Бұл күн – қазақ руханиятының тойы, әдебиет пен өнердің мерекесі. Біз не мақсатта суретшілер симпозиумын ұйымдастыруды таңдадық.  Себебі, мерей­той иесі – әлемге суреткерлігімен танылған тұлға. Әбдіжәміл Нұрпейісов – тек қаламгер ғана емес, халықтың жаны мен тағдырын, оның қуанышы мен қайғысын жүрек тереңінен өткізіп, шынайы бейнелеген суреткер. Әрбіріңізге ұлы жазушының рухы шабыт сыйлап, өнерлеріңізде жаңа белестерді бағындыруға серпін берсін, – деді аудан басшысы Аманжол  Оңғарбаев.

Қылқаламның ізіне күллі ғаламды сыйдыратын шеберлерге кейде жеткілікті мән берілмей жатады. Ал, Арал ауданында ұйымдастырылған симпозиум жаңа леп сыйлап, тынысты ашқандай.

– Бұл өгей қалған өнер еді. Қазақстан бойынша Арал – Халықаралық суретшілер симпозиумын ұйымдастырып жатқан алғашқы ауданның бірі. Өнерді түсіну үшін үлкен парасат пен пайым һәм жүрек керек. Суреткер жазушы Ә.Нұрпейісовтің мерейтойына суретшілерді шақырып, көрегенділік танытқан Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлі­баевқа, Арал ауданының әкімі Аманжол Сақып­ұлына айрықша алғысымызды айтамыз, -деді одақ  төрағасы  Ө.Жұбаниязов.

ӨРКЕНИЕТКЕ  ҚОСҚАН  ӨЛШЕУСІЗ  ҮЛЕС

Аралдың топырағында талай дарынды дүниеге келген. Оның үстіне, олар – бос жүрмей, дамудың даңғыл жолын қалап, түрлі салада ізін қалдыр­ған майталмандар. «Мерей мәртебесі мәңгілік» атты басқосуда туған жерден түлеп, көк теңізден нәр алған жерлестерге құрмет көрсетілді. Биыл ҚР «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, тарих ғылым­дарының докторы, ҚР Ұлттық академиясының академигі, профессор Берекет Кәрібаев және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Филология факультетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, ақын, шығыстанушы ғалым Серікбай Қосановтың 60 жас мерейтойы. Бұл ретте, аудан әкімі А.Оңғарбаев мерейтой иелерінің ғылым мен өркениетке қосқан үлесін айрықша атап өтті.

– Аралдың қос ғалымының 60 жас мерейтойына орай бас қосып отырмыз. Биыл атап өтіп жатқан Әбенің 100 жылдық мерейтойынан өзге алты Алашқа белгілі Аралға да ортақ өзге де даңқты тұлғалар бар. Әйтеке бидің 380 жылдығы, Жанқожа батыр мен Сапақ бидің 250 жылдығы, Арал батырдың 200 жылдығы. Бұл – ұрпақтар санасына серпін беретін мерекелік іс-шаралар. Қазақ деген тағдырлы халықтың басынан өткен аумалы-төкпелі заманның суретін шұрайлы тіл, кемел ойымен көркем кестелеген кемеңгердің 100 жылдық мерейтойы аясында шымылдық түрген «Мерей мәртебесі мәңгілік» атты мерекелік кешке қош келдіңіздер! Бүгін мерейтой иелерінің соңғы жылдары жарық көрген зерттеу еңбектері мен жыр жинақтарының тұсаукесеріне де куә боламыз. Сонымен қатар, бірқатар жерлесіміз марапат  төрінен табылып, ерекше құрметке ие бола­ды, – деді ол.

Танымдық бағыттағы кешті жүргізген – филология ғылымдарының кандидаты, зерделі зерттеуші Асқар Тұрғанбаев. Іс-шара барысында ел дамуына ерекше еңбек сіңірген биология ғылымдарының докторы, профессор, еңбек ардагері Кенебай Қожах­метов, құрылыс саласының ардагері, «Еңбек ардагері» медалінің иегері Муфтолла Дабылов және «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағаның иеге­рі, журналистика саласының ардагері, «Үздік журналист», II-III Орта Азия Экологиялық фестивальдерінің жүлдегері Жаңабай Кемалов сынды азаматтар «Арал ауданының құрметті азаматы» атағын алды.

Сонымен қатар, қос ғалымның өмірі мен шығармашылығы жайында бейнеролик көрсетіліп, Берекет Кәрібаевтің «Тұлға мен тұғыр», Серікбай Қосановтың «Қазақ хандығының басқару институттары» атты кітаптарының тұсаукесері өтті. Еңбегі еленіп, мерейі үстем болған аралдық ғалымдарға ізгі тілек пен жылы лебіздер айтылды.

ТҮНГІ  АСПАНДЫ  ЖАРЫҚ,  ХАЛЫҚТЫ  ҚУАНЫШҚА  ҚАРЫҚ  ҚЫЛҒАН  КОНЦЕРТ

Таңертеңнен басталған іс-шара кешке өз мәресіне жетті. «Ғасырлар толқынының дарабоздары» атты гала-концертке жиылған жұрттың қарасы қалың. Сөз бастаған аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жылы лебізін білдіріп, ауданның дамуына да айрықша тоқталды.

– Алаштың асыл перзенті, Қазақстанның  халық  жазушысы, әлем әдебиеті қазынасына  мол үлес қосқан қаламгер Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов – ғасырға жуық өмір сүрген ғажайып тұлға. Топырағы­на өлең мен өнер қатар түнеген қасиетті Сыр елінде, оның ішінде Арал топырағында Әбеңдей перзенттің дүниеге келуі бір мақтаныш болса, оның 100 жылдық мерейтойы – күллі қазақтың қуаны­шы. Бүгін сол мерейлі тойдың қарсаңында сіздермен тағы бір мәрте қауышып отырмыз. Осындай қайраткердің рухани болмысын аша түсу мақсатында өткізіліп жатқан бүгінгі іс-шаралардың қорытындысы ретінде өтетін мерекелік гала-концерт көп көңілін көкке көтерсін.

Мерейтой баршаңызға құтты болсын! Әр шаңыраққа құт-береке, ортаймас ырыс, мол бақыт тілеймін! Қасиетті Арал топырағынан Әбенің ізін жал­ғайтын  талапты  жастар  шыға берсін, – деді ол.

Концерт барысында Аралдың бейнесін өзгеше өрнектеген суретшілерге аудан әкімінің алғыс хаты мен қаржылай сыйақы табысталды. Сондай-ақ, «Аралтұз» АҚ-ның зауыт директоры Дәулет Рахымбаев та қазақ күресінің жеңімпаздарына қаржылай сыйақы үлестіріп, құттықтады.

Бұған дейін қайратты қаламгердің мерейтойы­на орай «Теңіз текті тұлға» атты республикалық журналистер арасында шығармашылық байқау жария­ланғаны белгілі. Мазмұнды мақала жазып, Әбе әлеміне терең үңілген жеңімпаздар марапат мінберінен көрінді. Осылайша, аудан әкімінің алғыс хаты мен  сыйақыға ие болды.

– «Теңіз текті тұлға» шығармашылық байқауына «Әлем әдебиетінің Әбдіжәмілі» деген тақырыппен мақала ұсындым. Шығарма «Бірінші қайырым немесе «Курляндиямен» есейген Есей», «Екінші қайырым немесе «Қан мен тер» һәм ел көзіндегі Еламан», «Үшінші қайырым немесе «Соңғы парыз» һәм парасатты Жәдігер» деп аталатын үш бөлімнен тұрады.

Студент кезімде Әбдіжәміл Нұрпейісовпен бірнеше рет кездескенмін. Оның үстіне Алматыдағы үйінде де болғанмын. Қазақ әдебиетінің абыз тұлғасына арналған шығармашылық байқау өтеді деген ақпарат шығысымен қатысамын деп шештім. Өйткені, көзін көрген, дидарласқан жан ретінде байқауға қатысуды міндет санадым. Дүйім жұрт Әбе атаған аңыз тұлғаның алдындағы қарызымды осылай өтесем дедім. Орын аламын ба, жоқ па, ол жағы қызықтырған емес. Атағы дардай республикалық байқау болған соң қазылар алқасы жазушылар одағынан алыныпты. Оны да кейін естідік. Байқауға ұсынылған  жиырмадан астам мақаланың ішінен топ жарып, бірінші орын бұйырыпты. Әрине, бас жүлде әріптес ағамыз, «Сыр бойы» газетінің бұрынғы редакторы, биыл жетпістің желкенін керген Жұматәлі Әбдіраманға  берілді.

Байқауға арнап мақала жазу үшін Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туындыларымен қайта таныстым. Бір айға жуық уақыт ішінде «Курляндияны» да, «Қан мен терді» де, «Соңғы парызды» да қайта оқыдым. Романдардағы оқиғалар мен кейіпкерлер жадымда қайта жаңғырды. Әбеңдей аңыздың туындылары миллиондаған оқырманның жүрегінен орын алды. Сөз сардары әрбір шығармасы арқылы тарихқа үңіліп, өткенді саралап, бүгін­ді бағамдай білді. Қазақ барда Әбдіжәмілдей жазушының есімі өшпейді. «Таулар алыстаған сайын биіктейді», сол секілді  жыл өткен сайын Нұрпейісовтің де есімі бұрынғыдан бетер биіктей түсері хақ. Өйткені, ол кісі әлем әдебиетінің Әбдіжәмілі болып тарих қойнауына енді, – дейді «Қызылорда ньюс.кз» ақпарат агенттігінің бас редак­торы  Әзиз  Батырбеков.

Айтпақшы, аталған байқауда 2-орын «Халық» газетінің тілшісі Замира Қонысжанға бұйырса, 3-орынды «Кызылординские вести» газетінің тілшісі  Жанна  Балмағанбетова  иеленді.

Кеш соңында елге есімі белгілі эстрада жұлдыз­дары ән шырқап, жиналған қауымды қуанышқа кеңелтті. Көңілді думан түнгі аспанды жарық еткен от  шашумен  аяқталды.

ТҮЙІН. Ауқымды іс-шараның ұсақ-түйегіне дейін ұйымдастырылуы қуантты. Арал атын жаһанға жайған жазушының мерейтойын жоғары деңгейде атап өту – құптарлық  іс. Бұл  дабыра думан емес. Тарихтан тағылым тартатын, сананы серпілтетін  үлкен  маңызға  ие  болды.

Замира  ҚОНЫСЖАН.

Қызылорда –Арал – Қызылорда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: