Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылында жақында шағын өндіріс орталығы ашылды. Аумағы 1 мың шаршы шақырымды құрайды. Бүгінде орталықта 13 кәсіпкер кәсібін жүргізуде. Орталықта кәсібін ашқан ауыл тұрғындарының бірі – ерлі-зайыпты Жанат мен Мұхит Молдабаевтар.
Молдабаевтар отбасы – кәсіп жүргізуден хабары бар жандар. Осы уақытқа дейін сауда-саттықпен айналысып келген. Бизнесте жинаған тәжірибесін пайдалана отырып, өнім өндіруге бет бұрады. Сауда-саттықпен айналысу барысында пластик бөтелкелерге сұраныстың жоғары екенін аңғарады. Өңірде бөтелке шығаратын бірлі-жарым кәсіпкер болмаса, нарықтың бос екенін анықтайды. Осылайша пластик бөтелкелер шығару жөнінде шешім қабылдайды.
– Біздің негізгі тұтынушыларымыз ауылдық елді мекеннің тұрғындары болмақ. Себебі сүт өнімдері мен өзге де түрлі сусынға қажет пластик бөтелкеге сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде тәжірибе үшін шығарып жатқан бөтелкелеріміз өтіп кетіп жатыр, – дейді кәсіпкер Мұхит Молдабаев.
Кәсіп иелері өндіріске қажет 12 млн теңгені «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген пайызбен алған.
– Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы өңірде өндірісті дамыту жөнінде алдымызға міндет қойып отыр. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге қаржы бөлді. Біздің Өңірлік орталықтың кәсіпкерлік мақсатта берілетін несиелері өте тиімді. 6 пайызбен, 5 жылға беріледі және 1,5 жыл демалыс кезеңі бар. Бесарықтағы өндіріс орталығында жұмысын бастаған 13 кәсіпкердің бесеуінің жобасы біздің орталық арқылы қаржыландырылды, – дейді «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының директоры Талғат Матаев.
Өнім шығаруға қажет құрал-жабдықтарды кәсіпкерлер Алматыдан алдырса, шикізатын Шымкентке тапсырыс беруде.
– Сағатына 700 данаға дейін бөтелкелер шығаруға болады. Бөтелкелерді жарты, бір және бір жарым литр көлемде шығара аламыз. Өндірістің жұмысын жолға қойғаннан кейін толық қуаттылықта жұмыс істейміз деген үміттеміз, – дейді Жанат Азизова.
Отбасылық бизнес иелері кәсіпті әзірге өздері жүргізбек. Тапсырыс көлемі артқан жағдайда жаңа жұмыс орнын ашуды көздеуде.
Айта кету керек, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы – микроқаржы ұйымы. 10 жылдан бері аймақта кәсіпкерлік саласындағы жобаларды мемлекеттік бағдарлама аясында қаржыландырып келе жатыр. Бүгінгі күнге дейін орталық жалпы құны 14,6 млрд теңгені құрайтын кәсіпкерлік мақсаттағы 2739 жобаны қаржыландырды. 2953 жаңа жұмыс орны құрылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!