Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құпия хат (Мистикалық әңгіме)

10.10.2024, 10:20 218

Айгүл бір күні ескі үйдің қонақ бөлмесінде жиналған заттарды қарап отырып, көне кітаптардың арасынан бір кітапқа көзі түседі. Кітаптың өзі де тозығы жеткен, біраз уақыт қол тигізбегені байқалып тұр. Қағазы да ескірген, сықырлап ашылған парақтар арасынан бір хат табылды. Айгүл бұл хатты алған кезде, оның бойында бір түрлі мазасыздық оянды, бірақ  бұл  сезімге  мән  бермей,  конвертті  ашты.

Бұл хаттың жазуы өте ескі, ерекше каллиграфиямен жазылған екен. Қаламсаппен майда әріптерден құралған мәтін бірден көз тартты. Жазулардың өзі көне дәуірден қалған мұрадай көрінді, бірақ хаттың ішкі мазмұны Айгүлді одан әрі таңғалдырды.

«Кімде-кім бұл хатты оқыса, оның тағдыры осыдан кейін өзгереді. Сенің болашағың – менің қолымда. Бірақ, әрбір әрекетіңе абай бол, себебі осы хаттағы әрбір сөз сенің алдыңда ашылатын шындықтың кілті іспетті».

Айгүл бұл хаттың мазмұнын түсінбей, бірнеше рет оқып шықты. Оның бойын қорқыныш биледі. Себебі хатта жазылған сөздер өте жұмбақ әрі ол кімнің атынан жазылғаны түсініксіз еді. Хаттың соңында қол қойылған бір ғана сөз бар. Азат.

Келіншектің ойы сан-саққа кетті. Ол бұл есімді бұрын естімегендей болды, бірақ оның ішінде бір таныс сезім оянды. Хаттағы сөздердің әсерінен алдағы күндері тыныштық таба алмады, күн сайын ойға шомып, осы жұмбақты шешуге тырысты. Уақыт өте келе, хаттағы сөздер Айгүлдің өмірінде біртүрлі жағдайлар тудыра бастағанын байқады. Жұмыста түрлі келеңсіздік болып, өмірінде күтпеген оқиғалар жалғаса берді.

Кейде түн ортасында оның бөлмесінде бір түсініксіз көлеңкелер пайда болып, Айгүл өзін беймәлім қауіптің құрбаны сияқты сезінді. Бұл құбылыстар оның психологиялық күйіне де әсер етіп, жүрегіне күдік ұялатты. Солай архивтер сақталған мекемеге баратын болып шешті. Сан мың қағаздың арасынан Азат есімді адамның дерегін іздеді, бірақ қолына ештеңе түспеді. Сұрастыра келе, бір кітапхана қызметкері Азат есімді адамның өткен ғасырда өмір сүрген бір ғалым болғанын айтты. Ол кісі ғылым саласында үлкен жаңалық ашпақшы болыпты, бірақ жұмысы аяқталмаған. Азат ғалым туралы мәліметтер өте аз, алайда жұмбақ өмір сүріп, жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен деседі.

Айгүл бұл мәліметтен кейін, хаттың жай адамнан келмегеніне сенімді болды. Санасы сан саққа бөлінген келіншекте Азатты іздеп табу керек деген ой пайда болды. Әрі  өзінің әр қадамына сақ болуға тырысты, себебі хаттағы жазулардың тылсым күшке ие екеніне күмәні қалмады. Күндердің күнінде Айгүл түсінде үлкен ескі қақпаны көрді. Қақпа түн қараңғылығында жарқырап шуақ шашып тұрған еді, ал артында белгісіз, тылсым әлем жатты. Айгүл сол қақпаға жақындаған сәтте, беймәлім дыбыстар естіліп, қақпа ақырын ашыла бастады. Оянған кезде, бұл түстің кездейсоқ емес екенін түсінді. Солай келесі күні есінде қалған кескіндегі қақпаны іздеп, қала ішінен іздеп тауып, ескі сарайға жетеді. Сарай ішіндегі көне заттар, ескірген құжаттар арасынан Айгүл тағы да бір хат тауып алады. Бұл хатта:

«Егер сен бұл жерге жетсең, онда менің мұрамды қабылдауға дайынсың. Менің жасаған қателіктерімді сен түзеуге тиістісің» деген сөздер жазылған еді. Енді ол осы жұмбақ оқиғалардың тізгінін ұстап, алға жылжуға  мәжбүр  еді…

Ескі сарайда әр қадамынан еденнің сықырлаған дыбысы естіліп, айналада сыз иісі аңқып тұрды. Қабырғалардағы көне суреттер мен қабырға сағаттары жылдар бойы уақыттың тоқтаусыз өтіп жатқанын көрсетіп тұрғандай. Айгүлдің көзі бірден ортасында тұрған үлкен үстелге түсті. Үстел үстінде шаң басқан ескі кітаптар және темір қапталған кішкентай сандық бар еді. Айгүл сандыққа жақындап, оны ақырын ашқанда, ішінен тағы бір ескі хат пен ертедегі сызба табылды. Хатта былай деп жазылған:

«Уақыттың өзі саған қарсы. Сен жалғыз емессің, бірақ әрбір таңдауың саған өзіңді табуға не адасуға  мүмкіндік береді. Бұл сызба – менің соңғы әрекетімнің  картасы. Бұл  әлемнің  құпияларын  ашу – саған жүктелген міндет. Сәттілік серігің болсын, бірақ абай бол, себебі  әрбір  жол  белгісіз  әрі  қауіпті».

Айгүлдің бойын тағы да қорқыныш пен белгісіздік биледі, бірақ бір жағынан таңғажайып қызығушылық оны алға жетеледі. Сызбаға қарап, ескі сарайдың астында жерасты өткелінің бар екенін аңғарды. Онда Айгүлге өткен ғасырлардағы ғалымдар мен зерттеушілердің қолжазбаларын еске салды. Бір сәт  ойға  шомып,  бұл ғалымның – Азаттың  өзінің артынан қалдырған құпияның соңғы ізі екенін түсінді. Жерасты өткелі тым қараңғы және терең көрінді. Қолына ескі майшамды алып, қорқасоқтап жерасты жолына түсті. Жүрегі шымырлап, әрбір қадамын сақтықпен басты. Өткелдің қабырғалары көне таңбалармен өрнектелген, олардың мәні түсініксіз болды. Біраз уақыт өткен соң, ол кең бөлмеге жетті. Бөлмеде үлкен тас тақта тұр, үстінде ертедегі жазулар, ал айналасында шеңбер тәрізді белгісіз рәміздер орналасқан.

Тақтаның үстінде тағы бір хат жатыр еді. Айгүл хатты ашқанда, оның мазмұны тіпті жұмбақ әрі қауіпті болды.

«Егер сен мұнда жетсең, онда сенің таңдауың жақын. Бұл жерде сенің еркіндігің мен болашағыңды шешетін бір нәрсе жатыр. Бірақ есіңде болсын, сен таңдаған  жолың – мәңгілік. Менің тағдырым да осылай шешілген болатын. Қазір сенде де бұл мүмкіндік  бар. Ойланып  таңда!».

Хаттағы әрбір сөз Айгүлдің жүрегін дүрсілдетіп, белгісіздікпен қоршады. Қандай жолды таңдау керек екенін ол әлі де түсінбеді. Бірақ, бір нәрсе анық, оның әрбір шешімі болашағын өзгертіп, мүлдем жаңа әлемге жол ашуы мүмкін. Сол сәтте бөлменің ортасындағы тас тақта жайлап ашылып, оның астынан алтын жарық шықты. Айгүл екі жолдың бірімен жүретін таңдау алдында тұр. Бір жағы – белгісіз жаңа әлемнің құпиялары, ал екінші жағы – қалыпты өмірге оралу.

Осы оқиғадан соң Айгүл өз қызығушылығын тоқтатып, өз өміріне оралу жолын таңдады. Алғашқы қадамынан-ақ, ескі үйге енген кезіне қайта оралды. Алдында сарғайған хат. Егер оны ашса, дәл осы оқиға қайталанарына сенді, егер басқа жолмен жүрген болса, әлгі Азаттың жолын кешерін білді. Өңі мен түсін айыра алмаған Айгүл біразға дейін өзін психикалық ауруы бар адамдай сезінді. Бұл мистиканы біреуге айтса, өзін психикалық ауруы бар адамдардың қатарына қосатынын біліп, үнсіз қалды. Ал, оның үнсіздігі тұйықталуға әкеліп, жылдар бойы өз әлемімен өмір сүруге мүмкіндік бермеді…

К.ҚҰРМЕТ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: