Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«QYZYLORDA»: Жаңа маусым көрерменге жол тартты

25.09.2024, 15:46 163

Аймақ айнасы атанған «QYZYLORDA» телеарнасы жаңа маусымда көрермендеріне ерекше жобалар мен тың хабарлар ұсынуды көздеп отыр. Сыр елінің мәдениеті мен тарихын, әлеуметтік және рухани өмірін кеңінен қамтитын телеарна өңірдің дамуына ақпараттық қолдау көрсетіп, маңызды мәселелерді халыққа жеткізіп отыруымен танымал. Әр маусымда жаңашылдыққа ұмтылатын арна биылғы күзгі кезеңде лентасы кеппеген түсірілімдердің тұсауын кесті. Жаңа маусымдағы бағдарламалар тек Сыр өңірінің ғана емес, тұтастай елдің мәдени-рухани құндылықтарын насихаттауды мақсат етеді.

Төларна жаңа маусымда көрермендерін 6 бірдей тың жоба арқылы қуантпақ. Телеарнаның «Qyzylorda Expedition. Өшкен өркениеттер ізімен» жобасы арқылы көрермендер Сыр өңірінің тарихи мекендеріне саяхат жасай алады. Экспедиция барысында Сауран, Сығанақ, Арал өңірі сияқты маңызды қалашықтар мен ескерткіштер қамтылған. Ал «Syr Travel» хабары туризмнің Сыр еліндегі мүмкіндіктерін көрсетіп, өңірдің туристік әлеуетін ашып көрсетеді. «Велософия» бағдарламасы арқылы жастарды кітап оқуға шақырып, «Кітап оқитын ұлт» концепциясын ілгерілетуге бағытталған. «Біртуар» хабары болса, Сыр өңірінен шыққан елге танымал тұлғалардың өмір жолын баяндап, жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеуді мақсат етеді. Сонымен қатар, «Үлес» бағдарламасы қоғамға парасатты еңбегімен үлес қосып жүрген, көпке көріне бермейтін жандардың еңбегін дәріптейді. «Орда: Ғасыр тарихы (1925-2025)» хабары Қызылорданың 100 жылдығына арналып, оның Астана болған жылдардағы тарихын баяндап, тың деректер ұсынады.

Жаңа маусымның шымылдығы «Kinoplex8» кинотеатр желісінде қиылып, шақырылған қонақтар «Qyzylorda Expedition. Өшкен өркениеттер ізімен» жобасының алғашқы шығарылымының жабық көрсетілімінде бас қосты. Арна басшысы Нұрбек Әмиша жаңа маусымды құттықтай келген қонақтарға алғысын білдіріп, әлі алда талай жобаларды бастайтынын жеткізді.

  • «Qyzylorda» телеарнасы өңірдің үлкен шежіресі екені айтпаса да түсінікті. Биылғы жаңа маусымда 6 бірдей бағдарламаны өмірге әкелдік. Жыл басынан бері тағы 6 бағдарлама эфирге берілуде. Бүгінгі басқосуымыз жыл бойы жасаған еңбегіміздің сіздердің алдарыңыздағы есебі деп қабылдағайсыздар. Төларнанамызда  мәдениет, спорт, кәсіп секілді елге қажет дүниелердің аясында атқарылған жұмыстардың барлығы алтын қорда қаттаулы. Мына заманда телеарнаны ұстап тұру, оны дамыту, интернет жылдамдамдығы дәуірінде сыр шежіресін сүріндірмей бізге жеткізген Жағыпар Қарабалаұлына алғыс айтамын, – деді телеарна директоры Нұрбек Шынтемірұлы.

Еске сала кетейік, биыл ауыл халқының шынайы көңіл күйін көрсететін «Құдайы қонақ» жобасы «Тұмар» Ұлттық телевизиялық байқауының лауреаты атанған.

Қазірде телеарнаның тікелей эфирінде «Өмірдің өзі…»,«Өзекжарды», «Ұлт саулығы»,«Қайырлы күн, Қызылорда!» хабарлары мен ақпараттық-сараптамалық «Штаттан тыс» бағдарламасы,«11 студия» жобасы ақпарат таратып, түрлі мәселелер төңірегінде үн қосып келеді. Сонымен бірге «Қызық Орда»,«Қызылорданың қаһармандары» хабарлары жоғары рейтингке ие. Ал, «Parallel»хабары ұлттың болашағы мен тәрбие тамыры туралы өзекті мәселелерді қозғауымен ерекшеленеді. «Paydali podrast» кәсіпкерліктің дамуы мен бизнес бастамаларды насихаттайды. Төларнаның жаңа маусымы жағымды жаңалықпен қауыштыратынына сенім мол.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: