Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сорға біткен сұлулық

26.09.2024, 9:40 126

«Арақ – бүкіл бүліктің бастауы. Шариғат үкімі бойынша адамды мас ететін нәрсенің азы да, көбі де харам етілген. Ішімдік ішкен адамның бойынан иманы шығып тұрады». Шариғат­тан  хабары  мол  бір  бауырымнан  естігенім.

Қонақтарымызды пойызға шығарып салуға теміржол вокзалына келген едік. Перронда кісі қарасы мол екен. Біз күткен пойыз­дың уақытына ертелеу болғандықтан, сол маңайдағы дәмхананың бірінен ауқаттанып алуды жөн санадық. Әсем жабдықталған кабинаға бас сұқтық. Кенет… Жұпыны киімді, шашы бей-берекет жайылып, еріні тілімденіп кеткен шала мас келіншек үстімізге енте­леп кіріп келді. Өзі мастықтан аяғында зорға тұрса да, «астарыңыз дәмді болсын, айыпқа бұйырмаңыздар!» деп қояды. Қалтыраған қолын жайып садақа сұрады. Тамаққа есептескенде даяшы қайтарған темір теңгелерді маскүнем қатынға ұстаттым. Көзім қайыршы келіншектің жанары­мен түйіскен еді. Түкірігіме шашалып қалдым. Бұл менің танысым сотқар Өсердің алғашқы жары Гүлім болатын. Иә, алдымда кезінде талай бозбаланың арманына айналып, сан жігіт жыр арнаған көрікті де кербез Гүлімнің өзі, жо-жоооқ құр сүлдесі тұр еді. Мұндай кездесуді ол да күтпеген тәрізді. Көптен күтім көрмеген жүзіне лып етіп қызыл арай жүгірді. Бір кездегі тұп-тұнық, қазір арақтың уытымен жұмыла ісінген жанарына жас іркілді. Әйтсе де, ұятын қанына сіңе бастаған сұрамшақтығы жеңді. Қырылдаған жағымсыз дауыспен «Әәә, сен екенсің ғой. Жүздеспегелі қаншама жыл өтті. Тағы да қоссаңшы. Досымның берген ақшасына бір шалқып ішейін» деп суық күлгенде денем түршікті. Қалтамдағы ақшадан қолыма іліккенін ай өңді перизаттан жалба-жұлба албастыға айналған маскүнемнің кір-кір саусағына қыстыра салдым. Гүлім шайқатыла басып жанымыздан ұзай берді. Ал, нәзік иықтары жылағаны, күлгені белгісіз үздіксіз  дірілдеп  бара  жатыр…

Гүлім мектепте бізден бір сынып төмен оқыды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын, әжептәуір әншілігі бар көрікті қыз сабаққа да зерек болды. Мүсінді тұлғасын тіп-тіке ұстап, нық басып жанынан өткенде менмін деген жігітің тағатынан айырылар еді. Маңдайына түскен кекіл шашын бір сілкіп тастап, бетіне қарап жымия күлсе, кім-кімде өзін дүниедегі ең бақытты жан санары анық тұғын. Сол Гүлім… Бағы ашылмаса, сұлулық та сорға бітеді екен. Аттестат тапсыру кешінде Гүлімді сотқар Өсер еріксіз алып қашып, бетін ашты. Қаншама бұлқынғанымен Гүлім қазақы әдептен аттай алмады. «Қайтып келген қыз жаман» қағидасын ұстанып, «босаға көрген» деген сөзден жасқанды. Қарт әрі момын әке-ана­сы да мұндай қаңқуды қаламады. Осылайша, Гүлім сотқар Өсердің басыбайлы меншігіне айналды. Тағдыр қырын қараса сұлулықтан не пайда?! Сұлу әйелін кез келген еркектен қызғанатын ожар байғұс Гүлімді себепсізден-себепсіз таяққа жығуды дағдыға айналдырды. Оның үстіне, екеуінің арасына дәнекер болатын нәрестелері де болмады. Маған Гүлімнің ішкіліктің ізіне түсуіне де Өсер кінәлі тәрізді көрінеді. Олай пайымдауымның себебі де бар. Тоқырау жылдарында Өсер қаладан спирт әкеліп, үйінен арақ дайындап, тіршілік жасады. Осындай қолдан  дайындалған арақ, тіпті коньякқа «прова жасау» яғни, сапасын ішіп тексеру керек болады. Өсер «прова жасауды» Гүлімге міндеттеп қойған. Гүлім алғашқыда бұған қарсы болғанымен кейін еті үйреніпті. Тіпті, өзі құлшынып, іздеп  тұратын  жағдайға  жеткен.  Ал  соңы…

Мұны естігенде соғыс кезінде болған, өзім бір жерден оқыған төмендегі оқиға жадыма оралды. Сұрапыл шайқас барысында іріктелген топ итті үнемі танкінің астында тамақтандырады екен. «Жау шабуыл­ға шығады» деген хабарды білісімен иттерге ас беруді үзілді-кесілді тоқтатып, байлауда ұстап, әбден ашықтырады. Шабуыл басталып, жау танкілері алға ұмтылғанда иттердің арқасына мина байлап босатып жібереді. Аштықтан көзі қарауытқан адамның төрт аяқты сенімді серіктері өлгеніне қарамай тамақ іздеп, жау  танкісінің  астына  түседі. Гүрс… ит те,  фашист  танкісі  де  жоқ.

Гүлім де осы жайтты басынан кешірді. Алқаш қатыннан іргесін аулақ салған  содыр  Өсер  қайтадан  шаңырақ  көтерді. Перзент  сүйіп, келін де түсірді. Гүлім болса… Өкінішке  қарай,   шалажансар  күйінен  арылмады.

Жуырда  Гүлімнің  дүниеден  өткенін  естідім… Өмір,  неткен  қатал  едің!

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: