Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалы: Қазыналы өлкеде қарқын бар

12.09.2024, 10:15 378

Қазалы өңірі Сыр елінде күйбең-тірлігімен, мығзымас саудасымен белгілі. Мұнда кәсібін дөңгелетемін деушіге бар жағдай қарастырылған, бірақ бәсекелестік басым. Олай дейтін себебіміз, күні-түні, қысы-жазы Қазалының базарынан адам арылмайды, сауда-саттықтың отаны аталып, ел аузында «екінші Түркістан» саналып кеткелі қашан?! Өнеркәсіптен бөлек бұл елде басқа да шаруашылықтар дөңгелеп, халық игілігіне жұмсалып тұр. Өнім де экспортталып жатыр, ауыл шаруашылығы да өсім беруде, білім мен спорт саласынан да тек оң жаңалықтарды естіп жатырмыз. Бұл жөнінде Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына арнайы келіп, толығырақ тарқатып өтті. Жыл бойғы атқарылған жұмыстардың есебін айтты, брифингке келген журналистер біраздан бері ойда жүрген сұрақтарына жауап алды.

Қазалыда тұрғын үй мәселесі біраздан бері көптің қаперінде жүрген. Былтыр осы мәселе аясында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 2 пәтерлі 26 үйдің құрылысы жүргізіліп, 52 отбасыға табысталды. Қазіргі таңда бастапқы 123 тұрғынжай сатып алуға 1 777,2 млн теңге бөлінген. Бүгінде тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Көктем келіп, тазалыққа екпін қояр тұста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын бастауды бұйырған тұғын. «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» сынды 5 аптаға созылған бұл науқанға ел азаматтарымен қатар барша қазалылық та белсене атсалысты. Жалпы аудан көлемінде арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, барлық кент, қала және ауылдық округтерде сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.

Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентінде бас-аяғы 50 мыңға жуық халық тұрады. Сол себепті көп халық шоғырланған жердің тазалығы да басты назарда болатыны анық. Сондықтан, кент аумағын жеті аймаққа бөліп, әрбір аймақ бойынша тазалық жұмыстары жүруде.

Тағы айта кететін жайт, биыл – қазалылықтар үшін мерейтой жылы. Негізі, Қазалы топырағанынан қаншама батыр-қолбасшы, би-шешеннің шыққаны мәлім. Соның бірі – ұлт азаттығы үшін тер де төккен, қан да төккен, аты халық жадында өшпестей аңыз болып қалған Жанқожа Нұрмұхамедұлы. Биыл Жанқожа батырдың дүниеге келгеніне 250 жыл толып отыр. Осыған орай ерлік пен батырлықтың символы атанған бабаны еске алу, өскелең ұрпаққа таныту мақсатында біршама іс-шара қолға алынып жатыр. Батырдың құрметіне ескерткіш салынып, Жанқожа батыр көшесінің бойын абаттандыру жоспарланған.

Өңірде кәсіпкерлердің саны артып келеді. Бүгінде онда 5 797 шағын және орта кәсіпкер тіркелген. Ал, жыл басынан бері өңірде жаңадан 17 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, 56 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл жайында облыстың бас ақпарат алаңында Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет мәлімдеді.

– Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы ұйымдары тарапынан 166 жоба бойынша кәсіпкерлерге 3 млрд теңге несие, грант қаражаты берілді. Бөлшек сауда айналымы 7,1 млрд теңге болып, 4,1 пайызға көбейді. Сонымен қатар, биыл аудан бойынша барлығы 17 029 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Сырдария өзеніндегі су тапшылығына байланысты былтыр аудан көлеміндегі егістікті сумен қамтамасыз етуде қиыншылықтар болғаны рас. Осыған сәйкес, биыл күріш егісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 250 гектарға азайтылды. Оның орнына әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін басқа дақылдардың көлемін арттырып отырмыз. Атап айтқанда, жаздық бидай 81 гектар, жаңа жоңышқа 126 гектар, ескі жоңышқа 122 гектарға артық орналасты. Сондай-ақ, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында картоп, көкөніс, бақша дақылдарын қосымша егу үшін барлығы 281 адам бірігіп, 146 гектар жерге дақылдарды орналастырылды,- деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Кәсіпкерлер өз өнімдерін ел арасында ғана жүргізбей, сырт мемлекеттерге де экспорттаудан тайынған емес. Қазалы ауданынан Ресей, Беларусь, Дания, Германия, Қытай, Нидерланды секілді белді елдерге 2351 тонна ауыл шарушылығы өнімдері экспортталды. Оның 740,2 тоннасы – күріш, 332,3 тоннасы – балық, 1279 тоннасы – қамыс.
Халықтың өмір сүру сапасының оң екендігінің тағы да бір дәлелі – жол. Соңғы уақыттары ауыл мен елді мекен арасындағы жолдар жақсарып келеді. Жалпы, ауданның коммуналдық меншігінде 406,2 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары бар.

Оның 261,8 шақырымына асфальт төселген, 96,4 шақырым қиыршық тасты және 48 шақырым топырақты жолдар. Жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 88,2 пайызды құрайды. Жолдың жай-күйі туралы Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет былай баяндады.

– Биылғы жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен «Бозкөл-Тасарық», «Бекарыстан би-Шөмішкөл» бағытындағы барлығы 20,4 шақырым автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары жалғастырылуда. Жолды пайдалануға беруге республикалық бюджеттен қаржы қажеттігіне қарамастан мердігер мекеме «Қазалы жолшы» ЖШС өз қаражаты есебінен жобаны аяқтауға жұмыс істеуде.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр және Әйтеке би көшесін қайта жаңғырту жобасына 2024 жылға ұлттық қордан тиісті қаржы бөлініп, жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру» бағдарламасымен Қазалы қаласының 10 көшесін қайта жаңғырту жұмыстары мердігер мекеме «Болашақ» ЖШС тарапынан жүргізілуде. Аталған жұмыстар аяқталған соң жақсы жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесін 91 пайызға жеткізу межеленуде, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Денсаулық саласында да айтулы жаңалық бар. Биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен медицина қызметкерлері күніне орай Қазалы ауданына 9 жедел-жәрдем автокөлігі табысталды.

Денсаулық сақтау саласы сөз етілгенде спорт саласының да қатар жүретіні анық. Себебі спорт – денсаулық кепілі. Саламатты өмір салтын ұстанған жанның сәйкесінше денсаулығы да жақсы қалыпта болады. Қазіргі таңда ауданда спортпен айналысатындардың қатары көп. Нақтырақ айтқанда, жалпы халық санының 39 пайызын құрайды. Биыл қазалылықтар спорт түрлері бойынша Азия чемпионатынынан қола медальмен қайтты. Сонымен қатар, халықаралық турнирлерде 2 күміс, 2 қоланы қанжығалады. Париж қаласында өткен жазғы олимпиада ойындарында дзюдо спорт түрінен Қазалы тумасы Абылайхан Жұбаназар 81 келіде өнер көрсетті. Командалық сында бразилиялық қарсыласын сан соқтырды.

Биыл Әйтеке би кентінде жеке кәсіпкер Шынар Өтегенованың 200 орындық «Әмір Арена» спорт кешені пайдалануға беріледі. Оған қоса, Әйтеке би кенті мен Бекарыстан би, Қожабақы ауылдарынан спорт кешенінің құрылыстары жүргізілуде.

Қазалыдағы қарқынды істердің легі осындай. Аталмыш бастамалар мен ілкімді істер Қазалының одан әрі дамуына серпін беріп, тұрғындардың оң бағасына ие болады деген сенімдеміз.

Айтілес АБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: