Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сөз – халық айнасы

05.09.2024, 9:40 218

«Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» дейді Абай. Тележәшіктегі тілшілер қазақ сөзін ұзартуға тіпті құмар. Мысалы, кәсіби білікті олар кәсіби біліктілік дейді, қашықтан оқытуды қашықтықтан оқыту дейді. Тыңдап отырсаң, құлағың сасиды. Туған күнді туылған күн қылғандар өріп жүр. Ұлағаты дегенді ұлағаттары деп айтады. Не деген толып кеткен жұрнақ, жалғау, жапсырма?! «Асыл арна» телеарнасындағы аудармашылар Құрандағы «жолға түсті» деген сөйлемді «жолға түсірілді» деп аударыпты. Кино аудармасы туралы әңгіме бөлек. Бәрін тізе берсек, біздің де сөзіміз ұзарып кетеді. Қазақ сөзін ұзартып, бетімізді қызартып жүргендер көбейіп кетті. Аудармашылардың кейбірі жаңа сөз жасауға әуес. Сәтті шықса құба-құп. Жақында бір аударма кітаптан «шапағаттарын сыйлады» дегенді оқыдым. Осы тіркестегі жалғау дұрыс қолданылмаған. «Шапағатын сыйлаған» деген сөзге көптік жалғаудың мүлде қажеті жоқ. Ал «дыбыстандырылып» деген сөз «дыбысын келтіріп» деген мағынада айтылған болуы керек. Бірақ, әлгі сөзді айтып шыққанша тілің күрмеліп қалуы мүмкін ғой. «Көріктендірілгендіктен» деген тағы бір сөз 22 әріптен тұрады екен. Айта бастағанда  аяғына  жету  қиын. Дұрысы: «көрік  бергендіктен»  болуы  керек. Екі  сөзді  бір  сөз  қылғаннан  не  ұттық?

Аудармадағы орашолақтықтан да аяқ аттап жүре алмаймыз. Мәселен, жүгіртпе жолдарда берілетін жарнамадағы «бір сағаттық күйеу» деген тіркесті қалай түсінеміз? «Муж на час» деген орыс тіліндегі тіркес қысқа мерзімде үй шаруасын тап-тұйнақтай орындайтын ер деген ұғымды білдіреді. Олай болса, алдында айтылған анайы тіркестен көрі «үй шаруасына шебер» секілді балама табуға болады ғой. КТК телеарнасында қара жұмысшылар қажет деген тіркестерді оқыдық. Әңгіме негрлер туралы емес, ауыр жұмысты атқарушылар, орысша айтқанда, чернорабочийлар туралы болып отырса керек. Сол секілді надворные постройки дегенді есік алдындағы құрылыстар деп аударыпты. Дұрысы: ауладағы ғой. Кейде кожанные изделия дегенді тері бұйымдар деп жарнама береміз. Тері – кожа, ал кожанные изделия былғарыдан жасалған бұйымдар немесе киімдер деген ұғымды білдіреді. Теледидардағы «Спорт жаңалықтарынан» ақтық ойын деген тіркесті естиміз. Соңғы ойынды ақтық ойынмен салыстыруға бола ма? Ақтық деген сөз – енді бәрі бітті дегенді білдіреді ғой. Сол секілді «алдын ала төлем – артық төлем» деген жарнама болды. Дұрысы: тамаша немесе  таңдаулы  төлем.

Бұл көзіміз көргеніміз ғана. Ал құлақпен естігенді айтпай-ақ қоя­йық. Өйткені, тілшілер сөзіндегі кедір-бұдыр жетіп артылады. Сөз қасиетін түсінеді деген кейбір журна­листеріміз бен мамандарымыз да әдеби тіл нормаларын көпе көрнеу бұзып жатады. Мысалы, теледидар журналистері толыққанды деген тіркесті жиі қолданады. Мұның өзі орыс тіліндегі «полнокровное» деген сөздің аудармасы екені бесенеден белгілі. Ал атамыз қазақ толық сөзін қанға байланысты ешқашан айтқан емес. Толыққанды деген тіркес қаны тасып кеткен деген ұғымға меңземей ме? Жалғыз бұл емес, әуелі орысша ойлап, қазақша сөз тіркестерінің бастауышын анықтауыштан кейін, баяндауышын бастауыштың алдында айтатын тілшілер де бар екенін жасыра алмаймыз. Әрине, ауызекі сөйлеу тілі мен жазба тілдің ерекшеліктері бар. Бірақ, «мен ойлаймын» деп сөз бастаған кісілердің орысша «я думаю»-­дың ізімен кеткені тайға таңба басып тұрғандай көрініп тұрған жоқ па?! Қазақ тіліндегі «балмұздақ» деген тәтті сөзді белгілі аудармашы Ісләм Жарылғапов тілімізге енгізгенін біріміз білсек те, көбіміз біле бермейміз. Орыс тіліндегі «мороженое» сөзі болса, сөз таныған кісіге мағынасы анық, бояуы қанық емес екені бесенеден белгілі. Ал болгар тілінде балмұздақты «сладколед» деп атайды екен. Осы атаудың орыс тіліне кірмей  қалғаны  өкінішті.

Көшелердегі бильбордтар мен жарнама тақталарына қарасаңыз, Қазақстанның «Тіл туралы» заңының талаптары белден басылатыны көзге бірден түседі. Қаладағы көше толы жарнамадағы қазақ тіліндегі жазуларда кездесетін қателер тіл маман­дарының  ғана емес, қазақ тілін білетін барша қауымның сынына ұшырап келеді. Жазылған сөздерді көріп тұрып жаның ауырады. Мысалы, «Күлкі денсаулықпен жарқырасын!» деген тіркесті қалай түсінесің? «Күлкіңіз жарқын болсын!» деген секілді қазаққа түсінікті сөйлемдерді пайдаланса қайтеді? «Қарым-қаты­нас жылу береді» деген жарнама жылу компаниясына арналған ба деп қаласың. Орыс тілінен сөзбе-сөз және ерсі аудармай, «қарым-қатынас жаныңызға жылу сыйлайды» немесе «жаныңызды сергітеді» деген тіркестерді қолданса болады ғой. Ағымдағы жыл деген сөз тіркесі де көңілге қонбайды. Калька арқылы «текущий год» дегенді аударған ғой. Қазақша баламасы биылғы жыл емес пе? Жарнама агенттіктерінде сауат­ты аудармашылар жоқтың қасы, сондықтан да қателер аяқ аттаған сайын кездеседі. Оның үстіне осы агенттіктердің көпшілігіндегі сурет­шілер қазақ тілін мүлде білмейді, содан барып, қазақ жазуларында қате өте көп кетеді. Көшедегі қатеге толы жазулардан расында көз сүріне­ді. Дүкен алдындағы жарнамадан «түнгі көбелек» дегенді оқыдық. Айтып отырғаны «вечернее платье» болуы керек. Оны сәнді көйлек деген орынды. Орамал мен сүлгіні әлдебір аудар­машы «майлық» деп аударыпты. Майлығы болса, сулығы қайда? Дүкен ішіне кірсеңіз, былғары бұйым­дарды «тері» деп, бағаның түсуін немесе арзандауын «түсімділігі» деп жазған жазулар тағы алдыңыздан шығады. Тағы бір суреттегі «джунгли» сөйлемді  оқыған  адамның  көзін қо­йып, өзі адасып кетердей. Жарнаманы көріп-оқығандардың ешқайсысы оның мән-мағынасын айта алмай дал болды. Құдды бір балаларға арналған жаңылтпаш па дерсің?! Жалға беруді «жалдану» дегені не сұмдық? Аренда мен малайлықты ажырата алмаған кім екен? Жалға алу мен жалданудың арасы жер мен көктей емес пе? Енді бір жерден «күйіктас» дегенді көрдік. Күйдірілген тас болуы мүмкін деп болжадық. Тағы бір тақтада орыс тіліндегі «снегоход» сөзін «қарда жүргіш» деп аударғанын оқыдық. Қаршана «қарда жүргіш» болса, қайық­ты «суда жүзгіш» деу керек шығар деген ойда қалады екенсің. Қазақ тілі қандай бай тіл болса да көптеген сөзге балама іздемей, жаттан  келген сөздерді жиі қолдану абырой  әкелмейді.

Осыған орай салалық терминология бойынша  өзімнің  ұсыныстарымды  көп  назарына  ұсынғым  келеді.

1. Динозавр – денезор. Түрік халқы осылай қолданады. Сөздің төркініне үңілсек, денесі зор деген мағынаны  білдіреді.

2. Медицина – медет-сина. Әбу-­Синаның (Авиценна) медеті деген мағынада. Түбі өз тілімізден шыққан сөз.

3. Медсестра – медбике емес. Медет­бике.

4. Колобок – жұмыршақ. Қазіргі балалар бауырсақ деп аударып алып, атап жүрген орыс ертегісі. Негізгі мағынасы қолы боқ дегенді білдіреді. (Мұрат Аджидің «Қыпшақтар» кітабында). Бауырсақ деу көңілге қонбайды, нанға да, тілге де обал.

5. Құқық (право) терминология комиссиясы бекітсе де, ауызға ауыр, құлаққа жағымсыз естіледі. Дұрысы: құқ, хақ. Қазақ құқым бар, хақым бар деп  сөйлемей  ме?

6. Егемен – тәуелсіз, еркін деген мағына тұрғанда, көп адамға түсініксіз сөзді қолданудың қажеті не? Еге деген түбір ана тілімізде басқа мағынаны  білдіреді.

7. Галстук – мойынбау.

Платье – көйлек.

Сорочка – жейде.

Плащ – жадағай.

Халат – желең.

Ветровка – желбегей.

Шорти – шорт  (шорт  кесілген деген  мағынада).

8. Кафе – дәмхана (шатхана емес). Шат деген сөздің қуаныштан басқа да баламасы бар. Сондықтан да шатхана – шатқаяқтап тұрған термин.

Ресторанды мейрамхана, гостиницаны мейманхана деп қолданып жүрміз. Біздің ойымызша, гостиница – қонақүй. Бұрын осылай қолданылып келген. Оған басқа баламаның қажеті бар ма? Негізінде араб тіліндегі хана сөзі де үй деген мағы­наны  білдіреді.

9. Кейінгі уақытта ауыл деген аттан айырылып, жерімізді селолар мен поселкелер, станциялар жайлап алды. Торқалы тойда жақсы тілек айта алмайтын, топырақты өлім болса, көңіл де білдіре алмайтын мәңгүрттердің қаптап кетуінің бір ұшығы дәстүрі берік, өнегесі мол ауылдың тозуында жатқан секілді. Орыстың село, поселке деген сөзінің түп тамыры мекен дегенді білдіреді. Ал станция деген сөздің қазақша баламасы бекет емес пе?! Ендеше елді мекендерімізді ана тілінде атаудың мезгілі жетті.

Қала мен шаһар, кент сөздерін де дұрыс қолдана алмай келеміз. Менің ойымша, тұрғындары жүз мыңнан асқан үлкен қалалар ғана қала атына лайық, ал тұрғыны елу мыңнан асқан шағын қалаларды шаһар десе жарасымды. Халқы отыз-қырық мың шама­сындағы кейбір аудан орталық­тарын кент десе де болады. «Рабо­чий поселок» дегенге жұмысшылар кенті деген атау сұранып-ақ тұр. Сондай-ақ квартал деген сөзді туыстас башқұрт халқы айтқандай орам деп атауға  әбден  болады.  Сонымен:

Поселок – мекен.

Рабочий поселок – кент.

Город – қала (халқы 100 мыңнан асса).

Городок – шаһар (халқы 100 мыңға  жетпесе).

Квартал – орам.

Селолық округ – ауылдық аймақ.

Село – ауыл.

Станция – бекет.

Микрорайон – шағын аудан (мөлтек  емес).

Ескерту: орыс тіліндегі кейбір атау­ды орыс халқы 100% қоныс­танған елді мекендерде қалдыруға болады.

10. Дед Мороз – Аязшал (Қаңбақ шал секілді). Өйткені, қазақта Қыдыр ата деген ұғым бар. Ол Наурыз­да, жылдың басыңда келеді. Ал Аяз қазақ баласына ата болуға тиісті емес.

Мына сөздер де орнымен қол­данылса:

Снежинка – ақша қар.

Снегурочка – Қарша қыз.

Снежная королева – Қарлы ханым.

Снежный  городок – Қарқала  (немесе  Аққала).

Снеговик – Қарбала.

Снежный человек – Қарадам.

Ледовый городок – Мұзқала.

Каток – мұзайдын.

Коньки – сырғытпа.

Клюшка – доптаяқ.

Сквер – гүлзар.

Простыня – ақжайма.

Пододеяльник – көрпеқап (көрпетыс  емес).

Наволочка – жастықтыс (жастық­қап  емес).

Футбол – аяқдоп.

Волейбол – қосқолдоп.

Баскетбол – қақпақыл.

Ручной мяч – қолдоп.

Шахмат – ханқамау (Ғабит Мүсі­репов  баламасы).

Лидер – топжарған.

Душ – сусебер.

Пулемет – оқсебер.

Снаряд – топ (топ ете қалды деген тіркес бар), Ыстамбұлда Топқапы деген  сарай  бар.

Линза – көзәйнек.

Очки – көзілдірік.

Желтая пресса – жаялық басылым (сары емес). Саржағал деген тіркес те бар.

Штамп – істаңба. Түріктер осылай атайды. Қазақтар бұл сөзді мөртабан деп айтып жүр. Табаннан көрі таңба  дұрыс  секілді.

Мен қазақ ауылында тудым, орыс арасында өстім. Ана тіліміздің, ата дәстүріміздің тартқан азабы, көрген қорлығы көз алдымда өтті. Ақ патша мен Қызыл империя орыс тіліне айқын басымдық бергеннен кейін ана тіліміздің мемлекеттік тіл болып жариялануы ақ арақ пен қызыл шарапты тойып ішіп алып, мастықтан айыға алмай отырған қазаққа айран ішкізгенмен бірдей болды. «Ханның басын хан алар, қардың басын қар алар, немен ауырсаң, сонымен емдел» деген де сөз бар еді, бірақ «айранды тойған адам ішеді, арақты тонған адам ішеді» деген нақыл пайда болды. Қазақтың денсаулығы түзелмеді. Қызыл жұтқаны қызып сөйлеп, тілімізді бұзып сөйлеп, даңғойланса, ақ ұрттағаны өткен күнін аңсап, орыс­тілділер үшін тост көтеруді дағдыға айналдырды. Тіл тағдыры тағы да талапайға түсіп, қазақтың қасиет­ті тілі Қажымұқанмен ергежейлі алысқандай, аттылымен жаяу адам жарысқандай күй кешті. Орыс тілі зордың тілі болып, қазақ тілі тойдың тілі мен қойдың тілі болып қалды. Ана тілін дамытуға мемлекет тарапынан бөлінген қаржы құмға сіңген судай болса, орыстілді басылымдар шөлден кенезесі кепкен бейшараларға  сатып  берген  удай  болды.

Намысы бар қазақ азаматы ана тіліндегі мерзімдік басылымдарды жаздыртып алдырды. Алайда, нарығы түскір көп адамды одан да мақұрым қалдырды. Демеуші мен жебеушіден де қайран болмады. Өйткені, олардың көпшілігі той тойлаудан қолдары тимей жүр еді. Жалпы алғанда, осы күнгі намысы бар қазақтың көбінің табысы жоқ, табысы көп қазақтың намысы жоқ. Алда-жалда осы екеуі бір басынан табылатын азамат бола қалса, оның да жоғарғы жақта танысы  жоқ.

«Заманына карай амалы» дегендей, мәтелдің де мәні өзгерді. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның  садағасы»  дейтін  қазакем «жарлы болсаң – арлы болма» деген ескі мәтелді еске түсірді. Бұрын «жүз  сомың болғанша жүз досың болсын» десе, енді «жүз теңгең болғанша жүз жеңгең болсын» дейтінді шығарды. Қалай болған күнде де, әрбір сөзде қисын  бар.

Жарты дәнді жарып жеген, бүтін дәнді бөліп жеген достар ана тілінде ұғысудан қалды. Қазаққа ана тілін үйреткеннен көрі негрге қазақ тілін үйрету оңай болды. Қазақ тұқым шашты, егінін арамшөп басты. Қазақ астық орды, қызығын өзгелер көрді. Қазақтың бақшасы өнім берді, жемісін  басқалар  терді.

Мені  қатты  қынжылтатын жағ­дай – көк жәшікте жиі сөйлейтін тілшілердің сөз құрауларындағы сөйлемдердің сүрлем секілді болғаны. Лебіздері – сабан, сөздерінің мәні жоқ, іліп алар дәні жоқ. Ана тілімізді былғап болды. Әншілерге шөп те өлең, шөңге де өлең болды. Ал екі қазақ­тың орыс тіліндегі әңгімесін қазақ тіліне аударып беріп отырған теледидарға не дейсің? Қойқорадан қиды ойып алып  жатқан  секілді  әсер  етеді.

Орыс тілінің үстемдігі сөзжасам­дар жасауда да анық байқалады. Жаңа сөзжасамдар жасауда Ахмет Байтұрсынұлы мен Елдес Омарұлы секілді ғалымдардың, Ісләм Жарылғаповтай әдебиетшілердің ізденісі біздерге тама­ша үлгі. Елдес Омарұлы гео­метрияны «Пішіндеме», тригоно­метрияны «Кескіндеме» деп атағаны белгілі. Тілімізге ауыр сөздерді сол қалпында ала салмай, қазақша бала­масын жаппай қолданысқа кіргізсек, нұр үстіне нұр болар еді. Елдес Омарұлы орыстардың Центральная Азия дегенін Кіндік Азия деп қолданды.  Жүреке  жылы,  мағынасы  терең  сөз  емес  пе?!

Осыған орай Елдес Омарұлының сөзжасамдары мен баламаларын көрсете  кетейік.

Аксиома – қағида.

Бағытты шама – векторлық шама.

Бастырық – жолы қатар, бағыт­тары қарама-қарсы.

Белдік – ось.

Бәсеке қозғалыс – салыстырмалы қозғалыс.

Бірбеткей – екі шеті түйіскен екі доға.

Буын – доғаны қоршаған сынық сызықтың  әрбір  түзу  бөлегі.

Екпін заңы – инерция заңы.

Есеп-қисап – математика.

Еселік ара – бір кесіндінің басқа кесіндіден неше есе  артық екенін көрсететін  сан.

Еуропа – Европа.

Одағай – иррационал.

От сызығы – перпендикуляр.

Ортан бөлек – тең бүйірлі үшкілдің табанына  қарсы  бұрыштың  табаны.

Өре – диаметр.

Өріс – радиус.

Маңыз – масса.

Жарма – биссектриса.

Жатық бағыт – горизонталь.

Жайма қозғалыс – кемімелі қозға­лыс.

Жердің төбесі – жердің полюсі.

Жердің белдеуі – жердің экваторы.

Жердің қатар сызықтары – жердің меридиан сызықтары.

Жердің кіндігі – жердің центрі.

Жермай – мұнай.

Жиек – периметр.

Зауыт – завод.

Кескіндеме – тригонометрия.

Керме – хорда.

Кесе (кесе көлдеңен деген мағынада) – перпендикуляр.

Күпшек– оске кигізілген цилиндр.

Күншығыс халықтары – восточные народы.

Кіндік – центр.

Кіндік үкімет төрағасы – Министр­лер Советі председателі.

Қары (қолдың білегі мен иық арасы деген мағынада) – катет.

Қарыс – ұзындық өлшемі.

Қатар сызық – паралель сызық.

Қоршаулы бұрыш – төбесі өзін қоршаған шеңбердің бойында жат­қан  бұрыш.

Қолқабыс күштер – қосылғыш күштер.

Қостабан – трапеция.

Қиықшалық ережесі – параллело­грамм  ережесі.

Қиықша – параллелограмм.

Қима – гипотенуза.

Қия – диагональ.

Құрылымдас – пропорционал.

Құлаш – ұзындық өлшемі.

Саты – таблица.

Салмақ кіндігі – күштің нәрсеге тиетін нүктесі.

Сорап – поршень.

Сынып – класс.

Сиез – съезд.

Сүйем – ұзындық өлшемі.

Текше метр – куб метр.

Тегермеш – қарама-қарсы жақтарына жүк ілінген диск.

Тел жылдамдық – қорытқы жылдам­дық.

Тел күш – қорытқы күш.

Тетік – аргумент.

Теңгіл – дұрыс көпбұрыш.

Тікше – тік төртбұрыш.

Тік бағыт – вертикаль.

Төстік сызық – экватор сызығы.

Түйін – теорема.

Пішін – фигура.

Пішіндеме – геометрия.

Үшкіл – үшбұрыш.

Шақырым – километр.

Шаршы – квадрат.

Шаршы метр – квадрат метр.

Қазақтың көрнекті жазушысы Роллан Сейсенбев жақында ғана ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа жазған ашық хатында еліміздің бас газеті болып есептелетін «Егемен Қазақстан» газеті­нің атауы дұрыс емес екеніне дәлелді айғақтар келтіріп, Ататүріктің егемендік деген сөзді гегемония деген сөзден алғанын жазды. Ендеше газеттің атауын «Еркін Қазақстан» немесе «Тәуелсіз Қазақстан» деп өзгерт­уге  болады  ғой.

Жүргізуші деген сөзге біздің қазақ тілшілерінің еті үйреніп алыпты. Орыстың водитель және ведущий деген сөздерін калькамен қазақ тіліне аударып  алған  түрі  болар.

Атам қазақта тізгін деген тамаша сөз бар. Яғни, көлік айдаушы да, тепло­воз жүргізуші де, телебағдарлама өткізіп жатқан тілші де – тізгінші. Осы сөзді қолдануға не кедергі?

Өкініштісі сол, кейінгі кезде шетел­ден кірген кірме сөздерді өзгерт­пей қолдану керек деген ұшқары пікірлер пайда болды. Тіпті тілімізге етене сіңісті болып кеткен мұражайды қайтадан музей, мұрағатты  архив  деп  жаза  бастадық.

Оған себеп болған Н.Назарбаевтың бір ауыз сөзі екен. Ол филолог немесе тіл маманы емес қой. Басшылар айтты екен деп тілімізді жұлмалай  берсек, кірме сөздерден қалай құтыламыз?

Енді бір ұсыныс: автор деген сөзді бас ие деп атасақ қалай болар екен? Белгілі бір шығарманың нақты иесі деген  ұғымды  білдіреді  ғой.

Тағы бір ортаға салар ой дәрігер атауы туралы. Тілімізге сіңген сөз екені анық. Алайда, дәрігер сыр­қатты емдейтін маман болса, оның дұрыс аталуы шипагер ғой. Дәрігер сөзі фармацевт дегенге сәйкес келе­ді. Лекарьды (орыс тіліндегі) емші деп айтсақ болады. Аурухананы да орыс тілінен (больница) ала салған сияқтымыз. Мағынасына қарасақ келіспей тұр. Дұрысы  сырқатхана  емес  пе?

Көне сөздердің біразының мағынасын әлі күнге дейін білмейміз. Қазақ­та «топ ете қалды, топ ете түсті» деге тіркес ежелден бар. Осы сөйлем­дердегі топ деген сөзді әуел баста түсінбей жүргенім рас. Жолым түсіп, Түркиядағы «Топқапы» деп аталатын мұражай-сарайда болғаным бар. Зеңбіректің оғы деп жүргеніміз зеңбіректің түп атасы болған катапульт – қамал  қиратқыш  тасатардың  топы  екенін  кейін  білдім.

Мұхтар Мағауин «Шыңғыс хан және оның заманы» атты шығармасының «Тынымсыз майдан» деп атала­тын үшінші кітабында тасатардың өзіндік «снаряды», яғни топ жайын­да жан-жақты баяндап: «Ескілікті Қытайда әуел баста атыс топтары – тас болған. Қиқы-жиқы емес, арнайы өңделген, лайықталған. Нақты тәжірибе үстінде ең ұтымдысы – шар кейіпті, домалақ топ болып шығады. Оқпанға ыңғайлы әрі алысырақ  ұшады»  деп  атап  көрсеткен.

Бейімбет Майлиннің «Ел сыры» кітабындағы «Жаңбырлы күні» деп аталған өлеңде (Алматы, «Жазушы», 1994 ж) «Салдыр-күлдір көк жүзі, зеңбірек доп атқандай» деген жолдар бар. Редактордан немесе коррек­тордан  кеткен  қате  көзге  ұрып  тұр.

Бұл арада әңгіме доп емес, топ тура­лы екені бесенеден белгілі. Зеңбі­ректен топ, яғни, снаряд аты­лады. Доп ешуақытта атылмайды. «Доп топ етіп түсті» деген сөйлемнің өзінде де топ секілді түсті деген мағына жатыр. Олай болса снарядты топ деп атағанымыз орынды емес пе?! Қалай болған күнде де өз ана тіліміздің мүмкіндігін  сарқа  пайдалану  қажет.

Ақылбек  ШАЯХМЕТ,

Ахмет  Байтұрсынұлы  атындағы 

ҚӨУ  профессоры

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: