Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алимент төлемейтіндерді кім деуге болады?

12.09.2024, 12:30 111

Алимент төлемеу, баланың болашағына бейжай қарау, борышкердің табысын жасыруы секілді факторлар қоғамда жиілеп кетті. Мамандар мұны көбіне ер адамның екінші отбасын құруымен байланыстырады. Әрі ер мен әйелдің өзара ұрыс-керісі, бір-біріне деген өшпенділігі балаға төленуі тиіс қаржының кешеуілдеуіне әкеліп соғады. Яғни, ерлі-зайыптылар екі жаққа кеткенде, әйелдің «баланы көрсетпеймін, өзім-ақ асыраймын» деген сөзі «алимент керек емес!» деген сөзбен астасып кетуі мүмкін. Борышкердің алимент төлемеуінің немесе төлей алмауының тағы бір себебі табылды. Бұған дейін Қызылорда облысының прокуратурасы алимент төлеу жөніндегі міндеттемені елемей, құмар ойындарға 250 миллион теңге ақша салған 154 борышкерді анықтаған болатын. Демек, туған баласына ақша қимай, құмарға құртып жүргендер де аз емес екен.

Жалпы, Қызылорда облысы еліміздегі алимент берешегі ең аз аймақтың бірі саналады. Бірақ, бұл дерек елдегі ажырасу деңгейін ғана білдірмейді. Шынымен, ажырасу – қосылмаудың шиеленіскен шешімі. Көсемсіген коучтардың аузына жақын арада «скотч» жапыстырмасақ, тірідей жетім қалған балалар көбейе беретіндей. Ол оның соңы «Әке, алимент төлеші!», «Әке болу оңай, әке болып қалу қиын…» деген сынды жүректі жұлып аларлық жазбаларды көбірек оқуға тура келеді.

«Облыс прокуратурасы құмар ойындарға 250 миллион теңгеден астам қаражат жұмсаған 154 борышкерді анықтады. Борышкерлер алимент төлеу жөніндегі міндеттемелерін елемей, немқұрайдылық танытқан.

Букмекерлік кеңселерде құмар ойындар ойнаған. Мәселен, алимент бойынша 1 миллион теңге қарызы қалыптасқан тұрғын өзінің шотын 156 миллион теңгеден астам сомаға толықтырған. Прокуратура бастамасымен алимент төлеуден жалтарып жүрген 18 борышкерге қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 139-бабымен қылмыстық іс тіркеліп, оның 12-сі жауаптылыққа тартылды. Ал 9 борышкер сот үкімімен бас бостандығын шектеу жазасына сотталса, 3 іс бойынша бойынша тергеу жалғасуда» деп мәлім еткен-ді облыстық прокуратура.

Ал Қызылорда облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Есен-Аман Хабылов «Биылғы жылы облыс бойынша қанша алимент алушы тіркелді?» деген сұрағымызға былай деп жауап берді.

– Биылғы жылы яғни 2024 жылдың жыл басынан облыс бойынша 1744 атқарушылық іс тіркеліп, қазіргі таңда облыс бойынша 12 501 атқарушылық өндіріс орындауда. Облыс бойынша орындаудағы 12 501 атқарушылық өндірістің алты мыңнан астамы борышкерлердің жалақысынан өндіріліп, екі жүз мыңнан астам атқарушылық өндіріс бойынша борышкерлерге іздеу жарияланып, істер тоқтамға алынған. Үш жүзге жуық атқарушылық өндіріс бойынша борышкерлер төлеуден жалтарып қалған істер бойынша тараптардың өзара келісімімен алимент өндірілуде, – деді ол.

Қызылорда облысының прокуратурасы биылғы жылдың 6 айында алимент өндіру бағытында Әділет департаментіне және Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына 12 заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну енгізген. Нәтижесінде 155 жалғыз басты ананың пайдасына 91 миллион теңге алимент берешегі өндіріліп отыр. Сондай-ақ алимент төлеуден жалтарып жүрген 147 қаскөй борышкер ӘҚБтК-нің 669-бабымен әкімшілік қамаққа алу және айыппұл салу түріндегі жазаға тартылған. Міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 39 жеке сот орындаушы тәртіптік жауапкершілік көрілгені жайлы ақпарат бар.

– Прокуратураның бастамасымен алимент төлеуден жалтарып жүрген 18 қаскөй борышкерге қатысты ҚК-тің 139-бабымен қылмыстық іс тіркеліп, оның 12-сі қылмыстық жауаптылыққа тартылды. 9 борышкер сот үкімімен бас бостандығын шектеу жазасына сотталса, 3 іс бойынша бойынша тергеу жалғасуда.

Сонымен қатар облыс прокуратурасы құмар ойындарға 250 миллион теңгеден астам қаражат жұмсаған 154 борышкерді анықтады. Борышкерлер алимент төлеу жөніндегі міндеттемелерін елемей, немқұрайдылық танытып, букмекерлік кеңселерде құмар ойындар ойнаған.

Мәселен, алимент бойынша бір миллион теңге қарызы қалыптасқан тұрғын өзінің шотын 156 миллион теңгеден астам сомаға толықтырған.

Прокуратура органдарымен осы тектес алимент қарыздарын төлемей, құмар ойындарға бәс тігетін борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту шараларын қабылдануда, – деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Қызылорда облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Есен-Аман Хабылов алимент төлемегендерге қандай жаза қолданылатыны туралы да тоқтала кетті.

– Алимент төлемегендерге Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы Заңының талаптарына сәйкес Алимент төлемдерін жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы өндіріп алу мүмкін болмаған жағдайда сот орындаушысы берешекті айқындау туралы қаулы шығарады және осы Заңның 32-бабына сәйкес атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету шараларын қолданады және осы Заңның 61-бабына сәйкес өндіріп алуды қолдануға болмайтын мүлікті қоспағанда, борышкердің мүлкіне өндіріп алуды қолданады. Нақтылап айтқанда, борышкердің есепшоттарына, жылжитын және жылжымайтын мүліктеріне және Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу қойылады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 669-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке және де Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 139-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғау үшін тиісті органдарға ұсыныстар келтіріледі, – деді ол.

Ажырасқандар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Соған орай ерікті түрде алимент төлемейтіндер де бар. Алимент төлеуші бала алдындағы борышын ұмытып, нақты табысын жылдар бойы жасырады. Заң органдары борышкерлердің назарын алимент төлеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік (ӘҚБтК 669-бабы) және қылмыстық (ҚК 139-бабы) жауаптылық көзделгені туралы ескертіп келеді. Десе де, жауапкершіліктен жалтарғандарға қарсы жұмыс атқарылып та жатыр. Осы орайда, көпшілік көкейінде бір заңды сауал туындайды. Ол «Алимент төлемейтіндерді кім деуге болады?» Мүмкін сұрақтың өзі қате шығар, кім емес не деуге…

Рыскелді ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: