Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Киберқылмыс: «мәдениетті» ұрлық меңдеп кетті

15.08.2024, 10:20 167

Қулығына құрық бойламайтын алаяқтар жұрттан жиған «үлесіне» күнелтіп жүр. Интернетті иелік етіп, адамды ақымақ етуден әлі шаршамаған сыңайлы. Мәселен, 2018 жылы 4 287 факт анықталса,  тәжді вирус кезінде тіпті артып, қылмыстық іс 7 733-ті құраған.  2022 жылдың қорытындысы бойынша 20 444 қылмыс тіркеліпті. Ал, өткен жылы ел азаматтарына 21 миллиард теңге шығын келген. 2023 жылдың ақпан айымен салыстырғанда киберқылмыс саны 8,3 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш жалпы қылмыс санының 18 пайызын және барлық алаяқтық қылмыстың 43 пайызына тең. Құқық қорғау органдары қолдан келгенін істеп жатыр. Бірақ, әлі де толық тұсау салдық деп айта алмаймыз. Сонымен, алаяқтың айласына қарсы амал табуда қаншалықты қауқарлымыз? Қарызға да, уайымға да батырғандар неге сытылып кете береді?

ЕСЕПСІЗ  ҚАРЖЫНЫҢ ҚАЙТАРЫМЫ  БАР  МА?

Цифрлық дәуірдің сыйын көрген жұрт сан соғып та қалып жатыр. Әсіресе, әккі алаяқтар әлеуметтік желіде әбігерге салып, түрлі қосымша арқылы қалта қағуға үйренген. Жыл басынан бергі жағдай да көңіл қуантпайды. ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Қаныш Ашжановтың айтуынша, биыл үш айда елімізде интернет алаяқтығына қатысты 4 984 қылмыстық іс тіркелген. Осы мерзімде қазақстандықтар 6,2 миллиард теңгесінен айырылған. Құқық қорғау органдары келтірілген шығынның  189  миллионын  қайтарған.

– Алаяқтарға кішісі де, үлкені де алданып қалады. Бірақ, мұндай жағдайға көбіне егде жастағы адамдар тап болады. Өйткені, олар көбіне үйде жалғыз, ешкіммен араласпайды, оның үстіне сенгіш келеді. Оқыған-тоқыған, білімді деген адамдардың өзі де алаяқтардың арбауына түсіп жатады. Сосын жәбірленушілер полицияға бірден шағымданбайды. Кейбірі тіпті алданып қалғанына ұялып, арыз жазуға да келмейді. Мұндай сәттер өте көп. Сөйтіп жүргенде біраз уақыт өтіп кетеді, алаяқтар ақшаның ізін жасырып үлгереді, – дейді ол.

Тұзаққа түсірудің түрлі тәсілін табатынын естіп те, біліп те жүрміз. Шоттағы ақшаны шытырлата санап немесе өзгенің атынан несие рәсімдеуге бейім. Бұдан бөлек, айла-шарғысы жетіп артылады. Саудадағы жалған жеңілдік пен тауарды тиімді шартпен алуға үгіттеу де – соның бірі. Ең сорақысы, полиция қызметкерлерінің атын жамылып, жақын туысының атынан қарызға ақша сұрайды. Тіпті болмаса, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректеріне оңай қол жеткізеді. Қазіргі таңда интернет алаяқтық «ОЛХ», «Колесо.кз», «Крыша.кз», «Инстаграм» сынды әлеуметтік желі мен  сайттарда  белең  алған. Осы  ретте, аймақтағы ахуалға  тоқталсақ.

– Жыл басынан бері 501 алаяқтық қылмысы тіркеліп, оның 245-і  өндірістен аяқталған. Яғни, жалпы тіркелген алаяқтықтың 40,2%-ын интернет-алаяқтық қылмыстары құрап отыр. Қылмыстарды ашуға бағытталған шаралар қабылдау мақсатында Департамент бастығының бұйрығымен тергеу және криминалды полиция бөліністерінің тәжірибелі қызметкерлерінен жасақталған тұрақты «Киберпол» жедел-тергеу тобы құрылып, жұмыс істеуде. Аталған топпен  «Крыша.кз» жарнама сайтында жалған жарнамалар орналастырып, қылмыс жасаған (ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағымен) А. есімді азаматша құрықталып, 8 қылмыстық іске қатысы бары анықталған. Сонымен қатар, мамыр айында осы тектес қылмыс жасаған  Шымкент  қаласының   тұрғыны Ж. есімді  азаматшаның  12 қылмыстық  іске қатысы  бары  анықталып,  сотқа жолданды, – дейді облыстық Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі  Тимур  Хамитов.

«БАЙЫП  КЕТСЕМ»: ҚАҚПАНҒА  ТҮСІРГЕН  ҚИЯЛ

Әлбетте, киберқылмысқа қатысты жайтты құзырлы орган анықтап, оның алдын алады. Десек те, адамның қаржылық сауаттылығы болу керек. Критикалық ойдың жоқтығы алаяққа алдануға жол ашады. Әсіресе, «тез байып кетсем» деген әрекетсіз ой, «ақшаны еселеп беремін» деген алаяқтың арбауына түсіреді. Мұны мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев  та  ашып  айтты.

– Ең бастысы, алдымен қоғамда кибергигиена деген ұғымды қалыптастыру керек. Мысалы, қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтарды «оңай олжаға елітіп, қаржыға қарық қыламын» деуінен-ақ тануға болады. Кез келген адам әлеуметтік желідегі ақпараттарға көзсіз еріп кетпей, критикалық ойлауға дағдылануы керек. Оңай олжа қақпанда ғана болатынын естен шығармаған абзал, – деді ол.

Сол себепті, әрнені сана сүзгісінен өткізу керек. Күмәнді қосымша мен сайтқа бас сұқпай, сілтеме ашуда да сақтық танытқан жөн. Жалған нөмірден қоңырау шалса абайлап, жеке деректерді беруден аулақ болу қажет. Сақтық керек. Осы уақытқа дейін интернет арқылы жасалған 45 миллионнан астам алаяқтық қоңырауға тосқауыл қойылған.

– Қазір алаяқтар Америка немесе Ресей, Украинада, Түркияда әлемнің кез келген түкпірінде отырып, айласын жүзеге асыра береді. Тіпті, қосымшалар арқылы кез келген телефон нөмірінің соңғы 4 санын басқа бір компанияның нөміріне айналдыра салады. Дауысты да кейбір қосымшалардың көмегімен өзгертіп, сенімге кіріп, алдаудың да жолдары бар. Олар VPN, IP адрес арқылы да адамдарды тонай алады. Бірақ соларды ұстау көп жағдайда қиындық тудырады. Әрине, IP адрес арқылы Қазақстанда табуға болады, бірақ олардың көбі VPN пайдаланғаннан кейін деректер ауысып кетеді де, табу қиынға соғып жатады, – дейді депутат Д.Төлеутайұлы.

КИБЕРҚАЛҚАН: КЕҢІСТІКТЕГІ ШАБУЫЛҒА ШАМА КЕЛЕ МЕ?

Тергеудің  созбалаңға салынуының да себебі бар екен. Мұны облыстық Полиция департаментінің Криминалдық  полиция басқармасының  аға  жедел  уәкілі,  полиция подполковнигі  Тимур  Хамитов  түсіндірді.

– Интернет-алаяқтардың  алаяқтардан  айырмашылығы, оларды анықтап жауапкершілікке тарту әлдеқайда қиын. Себебі олардың кім екені, қайда екені белгісіз, ал шет елдерде жұмыс істейтін қылмыскерлерді табу тіпті қиын. Осының барлығын анықтау жұмыстары ұзақ уақытқа созылатын тергеу амалдарын талап етеді, – дейді  ол.

Өткен жылы Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай да алаяқтар көбіне шетелде отыратынын айтқан. Қолдың қысқа болатыны да – сол. Егер, арнайы конвенцияға еліміз қосылса мәселені реттеуге мүмкіндік туады. Яғни, айласын асырған алаяқты жылдам ұстау мақсатында, сол жақтағы байланыс провайдерлері мен интернет-ресурстар иелерінің меншігіндегі ақпаратпен жедел алмаса алады.

Елімізде киберқауіпсіздік үшін «Киберқалқан» тұжырымдамасы да әзірленген еді. Алғашқысы, 2017-2018 жылдар аралығында іс-шаралар жоспары бекітіліп, заң нормалары қарастырылды. Тіпті, білікті кадр дайындау мақсатында грант санын арттырып, эксперименттік білім беру бағдарламасын енгізген. Тұжырымдаманы іске асырудың екінші кезеңі 2019-2022 жылдар аралығын қамтыды. Мұндағы мақсат – қазақстандық IT-компаниялардың қатысуымен ұлттық ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды ақпараттық қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз ету. Нәтиже де жаман емес. Қазақстан жаһандық киберқауіпсіздік индексі бойынша 2018 жылы 40-орынға көтерілді. Ал 2017 жылы 83-орында болған. Енді, 2023-2029 жылдарға арналған жоба аясында «Киберқалқан-2.0» тұжырымдамасының жаңа нұсқасы әзірленді. Бұл туралы Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов тілге тиек етті.

– Еліміздің киберқауіпсіздігін нығайтуға бағытталған «Киберқалқан-2.0» бағдарламасы іске қосылды. Біз 2025 жылға қарай айтарлықтай нәтиже күтеміз. Мақсатымыз – жаһандық киберқауіпсіздік индексі ТОП-20 елге кіру, «Электрондық үкіметті» 100 пайыз қорғау. «Киберқалқан-2.0» бағдарламасы елімізді цифрлық әлемде қауіпсіз етуге кепілдік береді, – дейді ол.

Әлемді де әбігерге салған интернет алаяқтық сақтықты күшейтуді күн сайын еске салады. Сондықтан, еліміз қабылдаған бастама оң өзгеріс әкеледі деген үміт басым. Киберқылмыстың қай кезде, қай уақытта өршитіні бақылауға алынбақ. Алдағы уақытта да нәтиже осал болмаса дейміз. Тек «сақтықта қорлық жоқ» екенін есте сақтайық. Өйткені, қолға ұстатпай жүрген алаяқтар атаулы орталықтың да атын жамылып, хабарласуы мүмкін.

ТҮЙІН. Иә, қазір иықтағы сөмкені тартып алып, қашу жоқ. Әккі алаяқтар ақ тер, көк тер болып жүгіргісі де келмейді. Ентікпей-ақ, есепсіз ақшаға ие болып отыр. Ал, әдемі сөйлеп, қоңырау шалғанда жұрт имандай иланады. «Мәдениетті» тонауға тосқауыл қойғанда, олардың кеңістіктігі «ойыны» аяқталмақ.

Замира  ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: