Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаңтар оқиғасының алдында Қорғаныс министрлігін әлсірету мақсаты болған

13.08.2024, 23:00 211

Adal Adam Youtube арнасына берген сұхбатында Қорғаныс министрлігі Кадр департаментінің экс-басшысы, бұрынғы генерал-майор Қайрат Көпбаев Қаңтар оқиғасының алдында Қорғаныс министрлігінде келеңсіз жағдайлар көбеюінің, генералдардың жаппай сотталуының астарында не мән бар екенін айтты.

«2020 жылы менімен бірге тағы 2 генарал, 6 полковник түрмеде отырдық. Бұдан бөлек, бізден де төмен шендегі әскерилер болды. Осы оқиға Қорғаныс министрі Ермекбаев Нұрлан Байұзақұлының жанына батты, бізге жаны да ашыған шығар. Бірақ, бізге көмектескісі келсе де, шамасы жетпеді. Мен солай ойлаймын. 2020 жылы тамыз айында түрмеде отырғанда ол кісіге барлық жағдайды түсіндіріп, бізге араша болуын өтініп хат жазғанмын. Алайда ол хатым жауапсыз қалды. “Үмітсіз шайтан” дегендей, бір үмітіміз болды. Сол уақыттағы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев арқылы араша түседі деген өз ойымда қиялдар болды. Бірақ, өкінішке қарай, ойымыздағыдай болмады. Дегенмен, бұл ол кісінің кінәсі емес. Ол қолынан келгеннің бәрін істеді деп ойлаймын. Сол уақытта мен Нұрлан Ермекбаевпен 2 жыл жұмыс істедім. Ол өте сауатты, байсалды, салмақты азамат. Өз сөзінде тұратын, өзіне жауапкершілік ала білетін министр еді», – деді.

Қайрат Көпбаевтың пікірінше, Қаңтар оқиғасының алдында Қорғаныс министрін қызметтен кетіру, министрлікті әлсірету мақсаты болғанын айтты.

«Билікте конфронтация, түсінбеушілік, текетірес деген бар. Меніңше, Қорғаныс министрі әлдебір күштің алдағы жоспарларына кедергі болып тұрды деген ой келеді. Оған дискредитация жасауға тікелей батылдары жетпесе керек. Сондықтан, министрліктегі мемлекетке жаны ашитын генералдарды қамап, соттау арқылы Қорғаныс министрін, министрлікті әлсірету мақсаты тұруы ықтимал деп ойлаймын. Нұрлан Ермекбаев Тараздағы оқиғадан кейін көп кешікпей орнынан кетті. Қорғаныс министрлігі маңызды министрліктердің бірі ғой. Онда ақпараттық анықтама деген болады. Ол уақытта Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев болатын. Дәл сол кезде қағаз жүзінде Қорғаныс министрлігінде «Қылмыс көбейіп кетті, жемқорлық ушығып барады, әскери базалар жарылып жатыр» деген мәліметтер тараған болар. Мұның бәрі Қорғаныс министріне жасалған қарсы ұйымдасқан әрекет пе деп ойлаймын. Нұрлан Ермекбаевтың өзі де Тараздағы жарылысты диверсия болуы мүмкін деп айтқаны есімде. Сөйтіп барып Қорғаныс министрлігінің Қарулы күштерін әлсіретіп, өз дегендеріне қол жеткіземіз деген әрекеттер бар екені байқалады», – деді Қайрат Көпбаев.

Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі Кадр департаментінің бұрынғы бастығы генерал-майор Қайрат Көпбаев 2020 жылы пара алғаны үшін сотталған болатын. Алайда ол үкіммен келіскен жоқ. Бүгінде кінәсіздігін дәлелдеу жолында ізденіп жүр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: