Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ауыл аманаты»: Қызылордада жобаның екінші кезеңі басталды

07.08.2024, 17:30 1257

Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» жобасының екінші кезеңі 12 тамыздан бастау алады. Бұл туралы бүгін онлайн-конференцияда «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Мадали Әлішерұлы мәлімдеді.

Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген биылғы жобаның аймағымызда жүзеге асырылуына 4,6 млрд. теңге қаржы қаралып отыр. Осыған сәйкес, 575 жоба қаржыландырылып, 610 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде.

Аталмыш ұлттық жобаны өңірімізде «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асыратын болады. Тамыз айының 12-нен бастап жоба аясында құжаттарды amanatnesie.kz порталы арқылы қабылдау басталды.

– Бағдарлама щеңберінде барлық елді мекенді бірдей қатыстыру мақсатында қаралған қаржы әр аудан және Қызылорда қаласы бойынша халық санына қарай тепе-тең бөлініп, облыстың 146 ауылдық округтерін қамту жоспарлануда, – деді корпорацияның басқарушы директоры.

Ауылдардың мамандануын ескере келе несие қаржысы 4 бағытқа бағытталады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша 108 жоба қаржыландырылса, егіншілік саласында 81 жобаға қолдау көрсетіледі. Ал, мал шаруашылығы бойынша 123 жоба қаржыландырылса, басқа да түрлі бағыттағы 263 жоба мақұлданбақ.

Мадали Әлішерұлының айтуынша микрокредиттер 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы – ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда – 2,5 мың АЕК-ке дейінгі соманы құрайды. Зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8,0 мың АЕК. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды.

Айта кетейік, несие алушыларға бірқатар талаптар қойылады. Несие алушы жеке кәсіпкер болып тіркелуі тиіс. Басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы, мемлекеттік кірістер органдар алдында берешектің болмауы, несие алушының жасы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс, несиені кепілмен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайлардың болуы, құрылған ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіруі керек.

– Биыл кепілге қойылатын мүліктерді қабылдау тәртібіне өзгерістер енгіздік. Енді кепіл мүлікке қойылатын талаптар толығымен алынып тасталынды. Яғни, бағдарламаға қатысу үшін кепіл мүлікке тәуелсіз бағалау жасалынып қатысуға мүмкіндік беріледі, – деді Мадали Әлішерұлы.

«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: