Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жапон қызы Парижден алтын алады

19.06.2024, 11:25 242

Жиырма жасар Акари Фужинами – әйелдер күресінен Жапония мен әлемнің бірінші нөмірлі балуаны. Жеті жыл бойы ешкімнен жеңілмеген. Өз салмағында үздік атанған А.Фуджинами биыл Париж олимпиадасына 53 келі салмақ дәрежесінде қатысады.

Былтыр Астанада күрес түрлерінен Азия чемпионатына Күншығыс елінің де командасы қатысты. Сол жарыста әйелдер күресінен Жапония құрамасының бас бапкері Канехама Риодан сұхбат алдым. Оның айтуынша, Жапонияда елу үш мың қыз күреспен айналысады екен.

Оған тағы бір сұрағымды қойдым: «Дүниежүзі бойынша әйелдер күресінен жапондар бірінші орында емес пе? Неге күреспен айналысатындар аз?» – дегенімде, «Өйткені бізде әйелдер күресіне қызығушылық төмен. Көбі таеквондо, дзюдо, баскетбол және т.б. спорт түрлеріне қызығады», – дейді К.Рио.

Жалпы жапон қыздары 2004-2020 жж арасында 20 жүлде алған. Оның 15-і – алтын, 3-еуі – күміс, 2-еуі қола медаль екен. Каори Ите – төрт рет олимпиадада топ жарса, Саори Есидо – 3 алтын, Рисако Кавай – 2 алтын алыпты. Ал Хитоми Обара, Эри Тосака, Сара Досе, Юи Сузаки, Мая Мукайда, Юкако Кавай бір-бірден олимпиада жеңімпазы атанған.

А.Фуджинами екі дүркін әлем және екі мәрте Азия чемпионы және Азия ойындарының жеңімпазы болған. Әзірге басы бос 20 жастағы жапон қызының статистикасы таңқаларлық. Ол 35 рет белдесіп 22 отандық, 13 шетелдік турнирлерде чемпион атанған. 130 рет боз кілемге шығып, соның бәрінде жеңіпті. Париж олимпиадасының басталуына аз ғана уақыт қалды. Күншығыс елінің алты қызы 6 салмақ дәрежесінде қатысып, 3-4 алтын алатын шығар. Үш жыл бұрын Токиода (50, 53, 57 және 62 кг) 4 алтын алды.

Айбек Мұханов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: