Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баланы көзден таса қалдыру өзекті тақырыпқа айналды

10.06.2024, 9:45 278

Баланың қауіпсіздігі – ата-ана мен бала асыраушысы мойнына артылған ең маңызды міндет. Қазіргі заманда бала өміріне қауіп еңбектеген жасында үлкендердің қарауынсыз қалуының салдарынан төнсе, өсе келе қалыптасқан ортасының кері әсерінен, тіптен виртуалды өмірден төнуі де мүмкін. Осыған байланысты балалар психологі Анна Фрейд «Балалардың қауіпсіздігі таңдау емес, бұл – міндет» дейді, яғни баланың туылуы, сәйкесінше, ата-анаға өзімен бірге үлкен әрі маңызды міндетті жүктейді. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын миллиондаған баланың түрлі оқыс жағдайдан жарақат алып, тіптен көз жұмып жатқанын тіркеуде. Күннен-күнге өршіп келе жатқан қауіпті сейілту үшін сіз бен біз болып не істей аламыз? Үлкендерге тапсырылған жауапкершілік орындалуда ма және оны кім қадағалап отыр?

Қаламызда осы жылы үлкендердің қарауынсыз қалып, балалардың терезеден секіріп кетуінің 10 фактісі тіркелген. Дәл осы секілді оқиғалардың 14-і 2023 жылы болған, яғни салыстырмалы түрде мұндай жағдайлардың саны күннен-күнге өрши түсуде. 13 мамыр күні бір үйден үш бүлдіршіннің құлауы қоғамның бала қауіпсіздігін бірінші орынға қоймауының кесірінен туындаған мәселенің салдары десек болады.

Балалардың терезеден құлау фактісінің басты себебі, ата-аналардың балаларды бақылаусыз қалдыруы, терезеде уақытша бекіткіш торлардың болмауы, москит торларының берік бекітілмеуінен және балалардың терезе алдында ойнауынан болып отыр.

– Егер, үйде кішкентай бала болса, терезені ашық қалдырмау керек. Терезенің қорғанышы болмаса, москит торларын пайдаланбаңыз. Сонымен қатар, баланың терезе алдына шықпауы үшін терезенің жанына жиһаз қоймаңыз. Балаларға қауіпсіздік сабақтары мен үлкен балаларды кішілерге қарауға үйретулеріңіз қажет. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шектеу құрылғысы ретінде блокиратор аппараты орнатылуын сұрайды, – дейді Қызылорда қалалық Полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Айдос Пережекенов.

Бала өмірінің қауіпсіздігі маңызды. Отбасы тәрбиесінің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, білімді азаматты тәрбиелеу. Бала да жас терек сияқты, қалай тәрбиелесең, ертең есейгенде жас кезіндегі алған тәрбиесі өміріне негіз болмақ. Сол себепті ата-ана бала қауіпсіздігін сақтауды ең бірінші орынға қою керек.

Қазіргі таңда қаламызда автокөліктер саны артуда, сонымен қатар, жол апаттары да көбеюде. Оқыс оқиғаларды болдырмас үшін үйде ата-ана балаға үнемі жолда жүру ережелерін ескертіп отыруы міндетті. Әдетте кез келген ата-ана балаларды мектепке шығарып саларда «жолдан жүгіріп өтуші болма, машина қағып кетеді» деген ескертулерден аса алмайды, бұл, әрине, жеткіліксіз.

Жыл басынан бері 23 кәмелетке толмаған жасөспірім мотоскутер тізгіндегені үшін анықталып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 615, 620-баптарымен шара көрілсе, заңды өкілдері ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы, яғни балаларды тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін 10 АЕК, (36 920 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Одан бөлек тәуліктің түнгі мезгілінде қараусыз, қадағалаусыз жүрген жасөспірімдер саны көбейген. Бұл түнгі мезгілде көше кезіп жүрген бала қылмыстың объектісі немесе субъектісі болып табылуы мүмкін. Сол себепті ең маңыздысы – баланың тәртібі.

Қорытындылай келе, балалардың қауіпсіздігі – бұл әр ата-ананың мойнындағы жеке жауапкершілігі ғана емес, бәріміз үшін теңдей қоғамдық борыш. Біздің міндетіміз – балаларға физикалық, эмоционалдық және психологиялық тұрғыда еркін және қауіпсіз өсетін ортаны қамтамасыз ету. Сондай-ақ, қауіпсіздік бұл тек сыртқы факторлардан сақтау емес, сонымен бірге сырттан төнуші түрлі жағдайға баланы икемдендіріп, тәрбие беру арқылы үйрету, қиын жағдайда алдыңғы буын ретінде жанынан табылып, қол ұшын созу және қолдау бере алу екенін ұмытпағанымыз жөн. Әр бала сүйіспеншілік пен қауіпсіздікте өсе алатын әлем құру үшін бірге жұмыс атқарайық!

Зейнеп СӘРСЕНМҰРАТОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің 1-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: