Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тасбөгет: көрік пен келбет

23.05.2024, 10:00 305

Тарихтан тамыр тартатын Тас­бөгет кентінде  келісті іс, толымды тірліктің табы байқалады. Оған келісті   кесім мен нақты шешім дәлел. Иә, орталықтағы  оң өзгерістер  көңіл  қуантады. Бұрынғыдай  тозығы жеткен жол жүйкені жұқартпайды. Өндірістік инфрақұрылымдағы игіліктер көшенің жаңаруына негіз. Мәселен, өткен жылы кенттегі 41 көше жөндеуден өтті. Қиыршақ тас төсеу, асфальттау жұмысы жүйелі жүргізіліп, жарық бағаналары орнатылғаны  көптің  есінде. Әрине, бұл да  жағымды  жаңалық.

Кентте 32 мыңға жуық халық бар. Әрқайсысы еңбекке жақын, іске икемді десек артық емес. Кәсіпкерлік бойынша нәтижелі көрсеткішке жетуінің де себебі – осы.

– Соңғы жылда­ры кентте кәсіпкер­лік­ті дамыту бағытын­дағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысу қарқыны артып келеді. Биыл да көптеген тұрғынға мемлекеттік бағдарламалардың игілігін пайдаланып, кәсіптерін ашуға, кеңейтуге кеңес берілді. Нәтижесінде ұлттық жоба аясында 12 ай ішінде 67 тұрғын өз жобасын қорғап, 400,9 млн теңге көлемінде қаражат иеленді. Бүгінде кентте 1644 кәсіпкер қызметін табысты жүзеге асыруда, – деді кент әкімі Айдын Тыныштық­бай.

Ал жыл басынан бері кәсіпті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысу қарқыны артқан. Көптеген тұрғынның кәсіп ашуына кеңес айтылып, бағдар берілді. Нәтижесінде 3 ай ішінде 10 тұрғын өз жобаларын қорғап, 60,8 млн  теңге  көлемінде  қаражат иелен­ді.

Жасыратыны жоқ, бұрын кентте әр жерден бір-бір үй ғана төбе болып көрінетін. Ал қазір ине шаншыр орын табылмайды. Тұрғындардың қажетіне сай бой көтерген нысандар бар. Сондықтан, іргедегі кент ілгері­леп, көркейді десек артық емес. Бүгін­де атқарылып жатқан ауқымды істер  соның  айқын  дәлелі.

Кеш батса көше қараңғы болып, адам аяқ алып жүре алмағаны рас. Тұрғындарды алаңдатқан түйткілдің де түйіні тарқады. Яғни, сұранысқа сәйкес Ғ.Мұратбаев, Қ.Исмайлов-1 және Қ.Исмайлов-2 көшесіне түнгі жарықшамдар қойылды. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 12,7 шақырымды құрайтын Н.Өткелбаев, Ә.Жангелдин, А.Жанкин, Ж.Әбілқасымов, С.Сейфуллин және З.Мәмбетов көшесі­не жарықшамдар қою жұмыс­тары үшін қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде жеңімпаз мердігер анықталды. Бұл ғана емес, кент әкімі аппаратының өзін-өзі басқару шотынан қаржы қара­лып, тағы 3 көшеге жарықшам орнатылмақ.

– Кентке көшіп келген жылдары үйлер аз, қаулаған ағаштың ортасы еді. Қиқы-жиқы жолды айтпағанда, тас қараңғыда әрең жүретінбіз. Әсіресе, жаңбыр жауса, иленген батпаққа батып, шалшық суды кешіп, әупірімдеп жүріп аяқкиім ауыстырушы едік. Қазір біршама жағдай жасалды. Кент халқы да көбей­ді. Жөнделген жол, жарық көше көңілден шығады. Игі істер кентте жалғаса берсе, тек қуанамыз. Оның үстіне өзіміз үшін ыстық мекен, жайлы орын болып қалды, – дейді кент тұрғыны  А.Айман.

Қыстың қақаған ызғары мен жаздың ыстық лебі һәм нөсер жауында аялдама – аялдауға мүмкіндік. Нақты орында тұрмасаң тоқтамайтын, жүгірсең жеткізбейтін автобус та арнайы аялдаманы қажет етеді. Осы ретте Ғ.Мұратбаев, Қ.Баймағанбетов және Ә.Молдағұлова көшесіне 6 дана аялдама орнатылды. Бұл кенттегі басқа көшелер назардан тыс қалды деген сөз емес. Жыл соңына дейін барлығы 20-ға жуық аялдама орнату жоспарланған.

Кентте халық игілігіне жарайтын мектеп пен балабақша, мешіт, емхана мен дәріхана, дүкен, мәдениет үйі, орталық алаңы бар. Демек, әлеу­меттік нысан орналасқан, адам көп шоғырланатын орында қауіпсіздікті нығайту керек. Көлік немесе автобустар жүйткіп өткенде жазым болу ықтималдығы жоғары. Сондықтан сақтық пен қадағалау жұмысы қолға алынса, тұрғындарға да қолайлы болмақ. Мердігер мекеме «Алем Транс Жол» ЖШС-мен бірлесіп 6 көшеге жаяу  жүргіншілер  жолы салыну­да.

Иә, жыл басындағы жағымды жаңалық Тасбөгеттің тасада қалмай, жаңарып жатқанына негіз болады. Тіпті көкпен таласқан көпқабатты тұрғын үйлерге жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізілсе құба-құп. Мұны назарға алған кент әкім­дігі А.Иманов көшесінің бойында орналасқан көпқабатты үйлердің қасбетін жаңартуға кірісіп, өзге де үйлерді  жөндеуді  көздеді.

– Қаңтар айында ауа райының қолайсыздығынан кенттегі «Наурыз» шағын ауданы №22 үйдің шатыры ұшып кеткен болатын. Қазіргі таңда шатырын қалпына келтіру жұмыс­тары үшін қалалық бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде жеңімпаз  мердігер  анықталды. Ендігі ретте, жөндеу жұмыстары басталатын болады. Мұнан бөлек, «Наурыз» және «Тасарық» шағын ауданында 6 үйдің шатырын ауыстыру жұмыс­тары жүргізіле­тін  болады, – деді кент әкімі А.Маратұлы.

Айта кетейік, кент аумағын көркейту және көгалдандыру мақсатында Амангелді көшесінің бойынан арық қазу жұмыстары жүргізілген болатын. Бұл жұмыстар ағаш отыр­ғызу, баптау шараларына жалғасып, демеуші көздері есебінен 2 дана аяқсу сорғысы орнатылды. Тозған техниканың тиімділігі де төмендейтіні анық. Демек техниканың сапасына дер кезінде ден қою әлдеқайда жақсы. Ауызсу құдықтарының фасонды бөлшектері мен ысырмаларына жөндеу жұмысының жүргізілуі сөзімізді  қуаттайды.

Тасбөгет кентіне қарасты «Саба­лақ» саяжайында да қуанышты хабар жоқ емес. Мұнда 15 көшеге жарықшамдар қою үшін қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде жеңімпаз мердігер меке­ме анықталды. Қарышты қадам, қар­қынды іс әлі де жүзеге аспақ.

– Бұл жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады. Сондай-ақ, кенттегі «Сабалақ» саяжайын «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету мәселесі де басты назарға алынған. Қазіргі таңда «Досстройпроект» ЖШС меке­месінің демеушілігімен аталған саяжайға табиғи газ желісін тарту жұмыстарының  жоба-сметалық құжат­тары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ендігі ретте қаржыландыру  үшін бюджеттік  өтінім  берілді. Қаржысы күтілуде, – деп  қорытындылады  кент  әкімі.

Айтпақшы, мұнда 1948 жылы салы­нып, бүкіл Одаққа белгілі болған су торабы (плотина) бар. Кейін апатты деп танылып, өз жұмысын тоқтатқан болатын. Ал биылғы ақжолтай жаңалық, көпір есігінің құлпы ашылып, тұрғындарға тиімді болмақ. Күрделі мәселенің күрмеуі шешіліп, кент халқының тағы бір жүгі  жеңілдеген  тәрізді.

– Өздеріңіз білесіздер, бұл көпірдің су реттеп, егістікке бағыттайтын маңызы жоғары. Жетпіс жылдық тарихы бар бұл көпір 2014 жылдан бері жабылған болатын. Су шаруашылығы министрлігі негізінен мүлдем ашқысы келмеген. Елдегі халық­тың мұң-мұқтажын шешуде облыс әкімі атсалысып, енді жүк көліктерінен басқа көліктердің жүруіне рұқсат берілді. Халыққа тиімділігі жоғары нысанның ашылуы осы аумақтағы халықтың сұранысынан-ақ  білінеді, – деді  қала әкімі  Серік Қожаниязов.

Тарих таспасында Тасбөгеттің алар орны айшықты. Әуелден әлеумет­тің игілігіне жараған мекеннің маңызы жоғары болғанын да көпшілік мойындайды. Бүгінгі тыныс-­тіршілігі жаман емес, бетбұрысты бастама да оң. Қысқасы, түрлі кезеңнен өткен кенттің көркі мен келбеті қаладан бір мысқал да кем  емес.

Замира  ДАСТАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: