Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«5-10-20» пилоттық жобасы іске қосылды

18.05.2020, 17:46 1206

HALYQLINE.KZ Елдегі уақытша құбылыс салдарынан экономикалық қиындықтардың туындағаны белгілі. Экономикалық өсімді тұрақтандыру үшін ел президенті Қ.Тоқаев төтенше жағдайды қамтамасыз ету туралы мемлекеттік комиссия отырысында бірқатар оңтайлы шешім қабылдаған еді.

 – Әлеуметтік қолдаудың қуатты стимулы қолжетімді тұрғын үй құрылысы болуы керек. Елбасы бастаған «7-20-25» бағдарламасы тұрғын үй құрылысы ипотекалық несиелеуге үлкен серпін берді. Кезекте тұрған адамдарды несиелік тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жаңа «5-10-20» бағдарламасын іске қосуды тапсырамын. Бұл тапсырманы орындау үшін мемлекеттік бюджеттен 390 млрд теңге бөлінеді. Азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту жұмысын жалғастыру керек. Бұл – Үкіметтің стратегиялық бағыттарының бірі, – деген еді мемлекет басшысы.

Осы ретте «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты ретінде «5-10-20» пилоттық жобасын іске қосады. «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы саналатын ТҚЖБ бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағытын әзірлеуді бастап кетті. Жаңа пилоттық жоба «5-10-20» шарты бойынша тұрғын үй сатып алу үшін азаматтарды несиелендірмек. Негізгі шарттарына тоқталсақ, несие мөлшерлемесі 5%, бастапқы жарна 10%-дан бастап және несиелендіру мерзімі 20 жылға дейінгі уақыт аралығын қамтиды. Аталмыш пилоттық жобаға тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдардағы баспана кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады. Баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да сатып алуға болады. Бүгінде жобаның шарттары талқыланып жатыр. Десек те, бірқатар параметрлері дайын. Мәселен, ең жоғары заем сомасы жеке құрылыс салушылар ұсынған жаңа үйлер бойынша Қазақстанның әр аймағына байланысты. Нұр-Сұлтан, Алматы және осы қалалардың маңындағы аймақтар үшін 18 млн теңге, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы үшін 15 млн теңгеден, басқа аймақтар үшін 12 млн теңгеден аспайды. Ал әкімдіктер салған несиелік тұрғын үй бойынша 1 шаршы метр үшін Алматы қаласында 240 мың, Нұр-Сұлтанда және осы қала маңындағы аймақта 220 мың, Шымкент қаласында және Алматы маңындағы аймақта 200 мың, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан және Қарағанды облыстарында 180 мың, басқа аймақтарда 160 мың теңгеге дейін деп белгіленген. Айта кетерлігі, «5-10-20» пилоттық жобасы – халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған қосымша шара.

 – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтқандай, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» базасында жыл соңына дейін даму және қолдаудың «Отбасы банкі» атты толыққанды институты құрылады. Ол есепке алу, тіркеу және тұрғын үйді бөлуді бір орталықтан атқаратын болады. Қойылып отырған міндетті орындау үшін қазіргі кезек жүйесін әкімдіктен «Отбасы банкіне» беру жоспарланып отыр. Өз кезегінде «Отбасы банкі» баспанасы жоқ отбасылар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет ұсынатын болады, – деді журналистермен өткен брифингте «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған 2020 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтерге сүйенсек, жергілікті атқарушы органдарда 540 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Оның ішінде, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері – 212,5 мың адам, толық емес отбасылар – 120,5 мың адам, ата-анасыз балалар – 60,8 мың адам, 1 және 2-топтағы мүгедектер – 43,5 мың адам, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар – 21,1 мың адам, зейнеткерлер – 18 мың және басқа санаттар бойынша 16 мың адам.

Айтпай кетуге болмайды, тұрғын үй қолжетімділігі сатысы белсенді түрде ендіріледі. Отбасындағы бір мүше үшін бір күнкөріс минимумынан аспайтын төмен табыс табатын отбасылар үшін сатып алу құқығынсыз үйді жалға алу мүмкіндігі ұсынылады. Екі күнкөріс минимумына дейін табысқа ие баспанасыз отбасылар (көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған отбасылар) «Бақытты отбасы» бағдарламасына, ал 3,1 күнкөріс минимумына дейін табысқа ие баспанасыз отбасылар «5-10-20» пилоттық жобасына қатысуына мүмкіндік бар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: