Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Электронды іс жүргізу бойынша Қызылорда облысы алдыңғы қатарда

21.05.2024, 16:10 200

HALYQLINE.KZ

Ұлттық заңнамада болып жатқан өзгерістер, қалыптасып жатқан тергеу мен сот тәжірибесі, заң нормаларын қолдануда туындап жатқан мәселелерді талқылау 2019 жылдан бері ұдайы өткізіліп келеді. Дәстүрлі жиынға облыстағы құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, облыстық сот төрағасы және сот өкілдері қатысып, пікір алмасты.

Жиында электрондық форматта тергеліп, сотқа жолданған қылмыстық істерді қарау барысында туындаған мәселелер, кемшіліктер және істерді сотта қарауда болған заңбұзушылықтар барысы айтылды.  

Басқосуда алдымен сөз алған облыс прокуроры Ризабек Ожаров: «2022 жылы электрондық форматта тергелген 1108 қылмыстық іс сотқа жолданса, өткен 2023 жылы оның саны 1516-ға жетті.Осы жылдың 4 айында сотқа 468 іс жолданып, былтырғы жылмен салыстырғанда олардың саны 27%-ға өскен. Прокуратура органдарымен қабылданып жатқан шараларға қарамастан қылмыстық ізге түсу органдарымен электрондық форматта қылмыстық іс жүргізу барысында процессуалдық кемшіліктер мен заң бұзушылықтарға әлі де жол беріліп жатыр», – деп жаңа формат бойынша атқарылған жұмыстарды саралап өтті.

Өз кезегінде аймақтағы құқық қорғау, сот және тергеу саласының өкілдері электрондық форматта тергелетін істердегі кемшіліктер мен заңбұзушылықтар және тағы да басқа қиындықтар бойынша баяндама жасап, пікір алмасты. Сондай-ақ жаңа форматқа көшуде бірлесе жұмыс істеу үшін ортақ шешімге келді.

Айта кетейік, қылмыстық іс жүргізу процесі қағаз күйінен электрондық форматқа көшірілді. Қазіргі уақытта тергеушілер, прокурорлар, судьялар тиісті техникалық құралдармен қамтамасыз етіліп, жұмысы оңтайландырылды.

Барлық тексеру мен тергеу әрекеттері тек электрондық форматта жүргізіледі. Бұл – өз кезегінде уақытты үнемдеуге, процестің ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз етіп, азаматтардың негізсіз қудалауына жол бермеудің жаңа тәсілі.  Сондай-ақ нәтижесімен тергеу мен қадағалау, сот актілердің сапасы жақсаруда.

Осы атқарылып жатқан жұмыстар бойынша бүгінгі күні облысымызда электронды форматта іс жүргізу 98%-ды құрап, Қызылорда облысы республикада алдыңғы қатарда тұр.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: