Елімізде 17 мамырда Байланыс қызметкерлері күні аталып өтеді. Бүгін облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов арнайы ұйымдастырылған жиында сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.Қызылорда облысының әкімдігі тұрғындардың заманауи коммуникациялық қызметтерге қолжетімділігін арттыру үшін байланыс операторларымен тығыз ынтымақтастық орнатқан.
Бүгінде Мемлекет басшысының интернет және байланыс саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданды. Алдағы уақытта жоба аясында республикадағы барлық ауылдық елді мекен сапалы байланыспен және интернетпен қамтамасыз етілетін болады.Қызылорда облысының әкімдігі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, 2024-2027 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді.
Айта кету керек, Қызылорда облысындағы 230 ауылдық елді мекеннің 213-і интернетпен қамтамасыз етілген. Қалған 17 елді мекен жоғарыда аталған Жол картасы аясында интернетпен толық қамтылмақ.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде аймақтағы республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 9 антенна-діңгек құрылысын салу жоспарлануда.
5G жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жобасы бойынша Қызылорда қаласында 10 базалық станса орнатылып, оның 9-ы іске қосылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!