HALYQLINE.KZ Бізде есеп беру мәселесі құзырлы органдарға қарағанда қарапайым педагогтерде қиынырақ. Мұның астарында қағазбастылықтың қамыты тұр. Енді бас мұғалім педагогтерді қажетсіз қағазбастылықтан арылтып, тек сапаға жұмыс істейтін боламыз деп сендіріп отыр. Бұл орта білім беретін мектептерде ғана емес, жоғары оқу орындарының оқытушыларына да қатысты. Егер кімде-кім мұғалімге артық жұмыс жүктейтін болса, 120 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады.
– Педагогтерді кәсіби міндеттеріне кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту, олардан қызметтік міндетіне кірмейтін мәселелер бойынша ақпарат немесе есеп талап ету фактілері бойынша арыз түскен жағдайда, ҚР БҒМ Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі комитетінің аумақтық департаменттері ҚСжАЕК органдарында жоспардан тыс тексеруді тіркейді. Тексеруді ұйымға барып немесе қашықтан жүргізеді, – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі жазбасында.
Педагогтердің кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыс түрлеріне тартылғанын растайтын фото және бейнежазбалар, жазбаша тапсырмалар, бұйрықтардың көшірмелері немесе педагогтің іс-шараларға жіберілгенін растайтын басқа да материалдар ұстаздар қауымының құқығына қол салғандық болып есептеледі. Осы фактілер дәлелденсе, артық жұмыс жүктеуші жауап береді.
Қазір билік басындағылармен әлеуметтік желілер арқылы тығыз байланыс құру оңтайландырылған. Министрдің дені желіде жазбаларымен бөлісіп отырады. Бас мұғалімнің «Фейсбук» желісіндегі жазбасынан түйгеніміз, енді мұғалімдер небәрі екі-ақ құжатпен ғана бас ауыртуы керек. Егер мектеп мұғалімі болса, ол сынып журналы мен сабақ жоспарын ғана күнделікті толтырып отырады. Сондай-ақ оқу жылының басында күнтізбелік-тақырыптық жоспарды дайындайды және әр тоқсан соңында критериалдық бағалау бойынша құжаттарды толтырады. Қалған құжаттың еш қажеті жоқ. Сондай-ақ мұғалім жас педагогтің тәлімгері болып, сол үшін 17 мың теңгеге жуық үстемеақы алатын болса, онда жас әріптесімен бірлесіп атқарған жұмысы бойынша әдістемелік құжат толтырады.
Қазір жоғары оқу орындарының оқытушылары да қағазбастылықтан кенде емес. Кәсіби маман даярлайтын ұстаздар қауымының қағаздан бас көтере алмай, жеке бастарының есеп-қисаптарын толықтырамыз деп жүргенде студенттердің білім деңгейлеріне ден қою ісі кейінге қалып қояды. Осыны ескерген ҚР Білім және ғылым министрлігі кафедраның жұмыс жоспары, комиссияның хаттамасы, қызметтік оқу жоспары сынды құжаттардың тіпті қажеттілігі жоқ деп санап отыр. Осылайша мұғалімдердің мойнынан артық жүктемелерді азайтып, керісінше кәсіби білікті маман даярлауына көп уақыт жұмсайтындығы қадағаланбақ.
– Қоғамда білім беру сапасының неге ақсап тұрғанын түсіндіру үшін, педагогтердің шамадан тыс есеп беретіні, олардың өзіне тән емес жұмыстарға тартылуы, оқу бағдарламалары мен оқулықтардағы олқылықтар туралы және тағы сол сияқты мәселелер айтылады. Бірақ бұл проблеманың барлығы шешіліп жатыр және бұдан былай да шешімін таба береді. Дегенмен, білім сапасы, ең алдымен, мұғалімдердің біліктілігіне тікелей байланысты. Сол себепті, педагог үнемі өзін-өзі жетілдіріп, кәсіби деңгейін арттырып отыруы керек, – деді министр Асхат Аймағамбетов.
Қазір ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық білім беру деректер қорының жүйесін жаңарту жұмыстарын қолға алып жатыр екен. Онда әрбір адамның базалық ақпараттары сақталады. Көптеген мемлекеттік құрылымдар, атап айтқанда, әкімдіктер, білім беру, полиция бөлімдері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, т.б. Ұлттық білім беру деректер қорынан мәлімет алуды қиынсынып, мектептерге сауал жолдайды. Осындайдан білім беру орындарында артық жұмыстар туындайды. Енді бұл жүйе толықтай жойылмақ. Баланың балабақшадағы, кейін мектептегі, колледж немесе ЖОО-дағы үлгерімі жайлы ақпарат, білім беру мекемелеріндегі толық мәлімет базада қамтылады. Сондықтан мектеп басшыларына сауал хаттарға жауап беруге уақыт жұмсаудың енді қажеті жоқ. Қысқасы, білім басқармалары мен білім беру бөлімдері ақпарат қажет болған жағдайда білім беру мекемелеріне хат жолдап, артық жұмыс жүктеулеріне тыйым салынады. Бұл жолы да тәртіпке бағынбағандарды жаза күтіп тұр.
– Бұған дейін базаны толтыру жылына тек екі рет, күзде және көктемде жүргізілетін. Сәйкесінше, жүйедегі ақпарат жыл соңына қарай өзектілігін жоғалтатын. Нақты мәлімет алу үшін өзге ұйымдар мектептерге сауал хат жолдауға мәжбүр болатын. Енді ақпарат 24/7 режимінде толтырылып, жаңартылып отырады. Айта кетерлігі, базаға ақпараттың басым бөлігін бұрынғыдай қолмен енгізіп отыру қажет емес. Себебі Ұлттық білім беру деректер қоры ЖТМДҚ («Жеке тұлғалар» Мемлекеттік деректер қоры) сынды ақпараттық жүйелермен интеграцияланды. Сәйкесінше, белгілі бір адамның ЖСН мен аты-жөнін базаға жазсақ, қажет ақпарат шығады, – деді ҚР Білім министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі жазбасында.
ТҮЙІН. Министрлік те мәселенің ау-жайын бағамдағаннан кейін саналы шешімге келіп отыр. Әйтпесе қатпарланған қағаздан бас алмайтындардың бірі – мұғалімдер. Негізі, сандық ғасырда қағаз кеміріп отыру да әбестік. Жүйе іске қосылар болса, ілкімді іс болар еді.
Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!