Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауған соғысы – адамзатқа қарсы қылмыс

16.02.2024, 9:10 919

HALYQLINE.KZ

15 ақпан Ауғанстаннан кеңес әскері шығарылған күн екен. Ресейліктер осыны әлдеқандай етіп атап өтеді. Кеңес әскері 1979 жылы 25 желтоқсанда Ауғанстанға басып кірсе, он жылдан кейін 1989 жылы, яғни бұдан тура 35 жыл бұрын, ауған жерін артқа тастап кері шегінуге мәжбүр болды. Пентагон «қырғилары» американ әскері Кабулға әне-міне басып кіргелі тұр-мыс деген жалған дерек, миф арқылы Кеңес Одағын абыройсыз соғысқа ұрындырғанын мақтан ететін көрінеді. 40-шы армияның қолбасшысы Борис Громовтың өзі 1979 жылы Ауғанстанға кеңес әскерін кіргізу туралы шешімді «Решение ввести советские войска в Афганистан было катастрофической ошибкой» дейді. Оның шынымен де апатты саяси қателік болғанын өмір дәлелдеп берді.

Ауған соғысы он жылда кеңес экономикасын барынша тұралатты. Нәтижесінде екі жылдан кейін, 1991 жылы аса қуатты көрінетін Кеңес Одағы ыдырап тынды. Ресми деректерде кеңес тарапынан Ауған соғысына 500 мыңнан астам азамат қатысып, оның 15 мыңы опат болды делінеді. Алайда үнемі жетістігін өсіріп, шығынын жасырып көрсетуге бейім кеңес-ресей идеологиясына сенім жоқ, іс жүзінде қаза тапқан кеңестік жауынгерлер мен офицерлер әлдеқайда көп екендігіне күмәнданбаймын. Ауған соғысында кеңес әскері жеңіске жеткен жоқ. Жеңіске жеткен Ауған әскері! Дұшпанды өз жерінен қалай кірсе солай қуып шықты.

Соғыста ауған халқы зор зардап шекті. Кейбір деректерде «воин-инернационалистер» қолынан қарапайым 1,5 млн халық, ал Ауғанстанның Қорғаныс министрі болған Ахмад шах Масудтың айтуынша, кеңес әскерінің басқыншылығынан он жылда 2,5 млн (!!!) ауғандық қаза тапқан. 6 млн адам босқындыққа ұшырады. Іс жүзінде бейбіт елге тұтқиылдан басып кірген кеңес әскерінің әрекеті, яғни Ауған соғысы адамзатқа қарсы қылмыс болып табылады!

Қазақстаннан бұл соғысқа 22 мыңнан астам жауынгер қатысқан екен. Оның 889-ы қазаға ұшыраған. 30-ға жуығы хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. Және де 3 мыңнан астамы мүгедек болып оралған.

Ауған соғысына қатысқан қазақстандықтардың жағдайы бүгінде өте мүшкіл. Олар өткен жылы ай сайын небары 21356 теңге, мүгедек болып оралғандар 26048 теңге алып келді. Енді ең болмаса ауыз толтырарлық бір жолғы көмек берілсе де дұрыс болар еді.

Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист

Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: