«Дарияның басындағы су, аяғындағы у ішеді» демекші, жыл сайын Сырдарияның төменгі сағасындағы аудандар судан қысым көретіні рас. Ерте көктемнен көзін тырнап ашатын диқан ағайындардың да еңбегі еш, тұзы сор болатын кезі де аз емес. Мұның барлығы тіршілік нәрінің тіршілігін түзеймін, адал еңбекпен өсіп-өнемін деген жұртқа тұсау болып тұрғаны айқын. Осы мақсаттың негізгі тетігі – су көздерін мақсатты һәм нысаналы пайдалану.
Осы ретте жуырда аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен Сырдария өзенінің су шаруашылығы жағдайы, егісті әртараптандыру, ротация сақтау, су үнемдеу технологияларын кеңінен пайдалану және егіншілік саласын субсидиялаудағы биылғы өзгерістерді түсіндіру туралы мәжіліс өтті.
Жиынды жүргізіп отырған аудан басшысы ең әуелі ауданымызға арнайы іс-сапармен келген Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевты, «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Зейнулла Қазтоғановты, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаевты, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының Су шаруашылығы жөніндегі кеңесшісі Жорабек Ерназаровты және Қызылорда облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Қанатбек Серікбаевты таныстырып өтті.
Бұдан бөлек басқосуға ауданнан салалық мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары қатысты.
Биыл ауданда 17377 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру, оның ішінде 6200 гектар күріш егу жоспарлануда. Қазір шаруалар тұқым дайындау, минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағармай қорын қалыптастыру, техникаларды әзірлеу жұмыстарына қызу кірісуде.
Мәжілістегі алғы сөзді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Тұрсынұлы алды. Мұнан соң арнайы келген қонақтар күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты хабарлама жасады.
Жиында талқыланған түйткілдер туралы тұщымды ой-пікірлер айтылып, ұсыныстар ортаға салынды.
Ж.ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!