ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа
АШЫҚ ХАТ
Қазақстан Республикасы Бас прокуроры
Берік Асыловтың назарына
Қызылорда қалалық сотының 03.10.2013 жылғы үкімімен ұлым Боздаков Жолдас Карбозовичті (бұрынғы Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы «Ақсай» полиция бөлімінің бастығы) «алаяқтыққа оқталған, 1000 АҚШ доллары ақша сұрады» деп ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігінің, 177-бабы 3-бөлігінің «г» тармағымен кінәлі деп танып, полиция майоры арнаулы шенінен айырып, 4 (төрт) жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 63-бабын қолданып, тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасы шартты деп есептеліп, 2 жыл мерзім белгіледі.
Қызылорда қалалық соты М.Тұрғанбаев (төрағалық етуші) сотталушы Ж.Боздаковқа қатысты 03.10.2013 жылы айыптау үкімін қабылдап, айыптау үкімімен қатар, «сот кезінде дұрыстап жауап бермедіңдер, Боздаков ақша сұрады деп айтпадыңдар» деген мақсатпен куәлерге 3 қазан 2013 жылы ЖЕКЕ ҚАУЛЫ қабылдады (№1-539/13 нөмірімен тіркелген). Неліктен адам өзінің алмаған дүниесі үшін жауап беруге тиіс?
Куәлердің облыстық сотқа жазған арызына орай бұл қабылданған жеке қаулы ұзаққа бармады. Қызылорда облыстық сотының 09.02.2015 жылғы кассациялық сот алқасының қаулысымен (№1К-16/15 қаулы нөмірі) сот кезінде «1000 АҚШ доллары ақша сұрады» деген анықтама дәлелденбеген соң, 03.10.2013 жылғы үкім көрінеу заңсыз және негізсіз болғандықтан күшін жойды. Қызылорда облыстық соты жеке қаулыны бұзып, ұлымның, яғни Ж.Боздаковтың кінәсінің жоқтығын дәлелдеп берді. Қылмыстық іс осымен аяқталды. Тек Ж.Боздаков ақталу керек. Бұл заңсыздықты бұрынғы Қызылорда облысының прокуроры Сапарбек Нұрпейісовтің қызмет бабын пайдаланып, ешқандай кінәсі жоқ адамды соттатқан. Осы істі Бас прокуратураға 2016 жылдан бері жазумен келемін. Ешқандай өзгеріс жоқ.
ҚР Бас Прокуроры Берік Асылов Сапарбек Нұрпейісовті (Қызылорда облысының бұрынғы прокуроры) зейнетке шығарып салды. Бұрынғы Бас Прокурор Жақып Асанов Бас прокуратурада – 3 жыл, Жоғарғы Соттың төрағасы қызметінде – 5 жыл, барлығы 8 сегіз жыл бойы осы істі қарамағындағы соттар арқылы ақтамады. Қазіргі кезде Жақып Асанов – сенатор.
Осы іс бойынша біріншіден, Қылмыстық заңнамада және ҚР ҚК-нің 177-бабында алаяқтықтың ұғымы нақты айқындалған, алаяқтық – бөтен мүлікті ұрлау, немесе бөтен мүлікке құқықты алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы алу деп көрсетілген. (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі №8 «Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы» (ескі редакциядағы) Нормативтік қаулысының 19-тармағынан). Алаяқтық қылмыстары міндетті түрде аяқталған болуға тиіс, ал алаяқтыққа оқталу қылмыстық заңнамада мүлдем көрсетілмеген. Қылмыстық заңнамада сын көтермейтін АЛАЯҚТЫҚҚА ОҚТАЛУ ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігінің, 177-бабы 3-бөлігінің «г» тармағын қолдану көзделмегендіктен, саралаудың өзі заңсыз болып табылады. Демек, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес (!). Бұл жөнінде Бас прокурорға талай жазылды, мүлдем жауап бермей отыр (!).
Екіншіден, Қызылорда ОПД ӨҚБ-ның жедел-іздестіру қызметкерлері пара деп белгі соғылған және арнайы бояумен өңделген 1000 АҚШ долларын хаттама толтырып, куәгерлердің қатысуымен Ж.Боздаковқа тапсыру үшін жәбірленуші Б.Милхайдаровқа берілмеген және жәбірленуші Б.Милхайдаров Ж.Боздаковқа табыстау үшін қолына ақша алмаған және ол ақшаны пара ретінде беруге мүлдем әрекет жасамаған.
Үшіншіден, Ж.Боздаков ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі, 177-бабы 3-бөлігінің «г» тармағында көрсетілген қылмысты жасамағандығын, қылмыстық істегі 04.07.2013 жылғы №2786, 01.08.2013 жылғы №4745 Сот бейнефонографиялық сараптаманың қорытындысы бойынша №3 комплекс-диск, №4 комплекс-диск Ж.Боздаковтың дауыс пен сөзіне теңдестірушілік зерттеу жүргізуге «мүмкіншілік жоқ» деп көрсетіп отыр. Атап айтқанда, осы бейнефонографиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, №3 комплекс-дискте, №4 комплекс-дискте көрсетілген дауыс Ж.Боздаковтың дауысы емес екені толығымен дәлелденді (!).
Менің ҚР Бас прокуратурасына жазған арызыма орай, №2-Қызмет бастығының орынбасары Р.Дубаева 04.02.2019 жылы №011203-19-06385, 12.02.2019 жылы №2-011203-19-0942 нөмірлі хатты тексеріп, жауап беруді Қызылорда облыстық прокуратурасына тапсырды. Қызылорда облыстық прокуратурасы арызды зерттеп, Ж.Боздаковтың әрекетінде қылмыс құрамы болмауына байланысты оны «Ақтау қажет» деп жауап берген болатын. Бұл тексерістің қорытындысы Бас прокурорға, Бас прокуратураның қызметкері Р.Дубаеваның қолына тисе де, әдейі бүгінгі күнге дейін үнін шығармай, Жоғарғы Сотқа наразылық бермей отыр.
Осыған орай, Жоғарғы Сотқа жазған арызымызға Жоғарғы Соттың Қылмыстық істері жөніндегі сот алқасы хатшылығының меңгерушісі Мырзабаева Жансая Жоламановна жауап хатында 2021 жылғы 27 желтоқсандағы Заңға сәйкес, 2022 жылы 1 шілдеден бастап, қылмыстық істер бойынша сот актілеріне «Жоғарғы Сот Төрағасының ұсыным енгізуге мүмкіндігі жоқ» деп жауап беріп отыр (!).
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына жазған хатым Бас Прокуратураның №2-Қызмет бастығының орынбасары Р.Дубаеваның қарауына ұсынылды. Бірақ, одан келген 05.01.2024 №2-011202-24-00849 жауап хатына келіспеймін! Өйткені Бас прокуратураға 2019 жылдан бері Өтініш хат жазумен келеміз. Сондағы Дубаеваның беретін жауабы – бұрынғы Бас Прокурор Қ.Қожамжаров пен Бас Прокурордың орынбасары М.Ахметжановтың атынан жеке қаулының қорытындысымен күші жойылып кеткен 1000 АҚШ долларды сұрады деген ЗАҢСЫЗ хаттарды (17.08.2015ж, 29.06.2015ж, 28.07.2015ж, 29.12.2018ж, 31.01.2019ж уақыттарда жазылған) жауап ретінде дайындап қол қойдырып алып, Бас прокуратураның басшылығының қолымен жазбаша жауаптар берілген деп, ЗАҢСЫЗ АНЫҚТАМА беруді тоқтатпастан келеді. Бұл хаттың ЗАҢСЫЗДЫҒЫН Бас прокурор Берік Асылов жақсы біледі. Істің мән-жайын түгел білсе де, Бас прокурор істің қайта қаралуын қолдамай отыр.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Сізге осымен алтыншы рет көмек сұрап хат жолдап отырмын. Себебі Бас прокуратураның жұмысына түсінбей келемін. Қаншама жыл болды Бас прокурордың орынбасары Шындалиев Әсет Қазақбайұлына, Департамент бастығы С.Төлеуовке, №2-Қызмет бастығы М.Ахметовке, орынбасары Р.Дубаеваға, Аға көмекші С.Сыдықоваға заңды дәлелденген істі алға тартып, өтініш хат жазумен келемін. Өкінішке қарай, олар заңды дәлелденген істі заңсыздыққа айналдыруын тоқтатар емес. Президент әкімшілігінің істі егжей-тегжейлі қарау жөнінде берген сауалына Бас прокуратураның осы қызметкерлері заңды жауап бермеуі заңсыз болып отыр. ҚР Президенті қарауға тапсырған іске ҚР Бас прокуратурасы неге жауап бермейді?
Осыған орай, Бас прокуратура заңды істі заңсыздыққа айналдыруын тоқтатып, Жоғарғы Сотқа наразылық беруін сұраймыз! Бас прокуратура ЗАҢМЕН жұмыс істеуі керек. Менің қолымда бар дәлелдермен бұл тағылған айыптың түгел жалған екенін қанша тырысып айтсақ та, оған Бас прокуратура қызметкерлері көңіл бөлмей, қайта қарауға алмай отыр.
Карбоз БОЗДАКОВ,
Қызылорда қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!