Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғасырлар қойнауынан ғажайыптар сыр ашқанда…

05.01.2024, 9:40 392

Сайлаубай Жұбатырұлы. Бүгінгі қазақ әдебиетінде даралығы мойын­далған көрнекті суреткер. Әдебиет­тің айналасындағыларды кейде мо­йындату үшін ондаған жылдар керек бола­тыны, соқталы-соқталы кітаптар керек болатыны мәлім. Ал осыдан жарты ғасырдай уақыт бұрын қолына қалам алған студент шағында-ақ Сайлаубай Жұбатырұлы «Алыс­тағы аралдар» атты алғашқы көркем хикая­тымен өз оқырмандарын қапысыз тауып, біздің әдебиетке талантты жас прозаиктың келгенін көрсеткен. Оның аталмыш туындысы респуб­ликалық бәйгеде топ жарып, бірден көзге түсті. Өзіне дейінгі балалар әдебиетіне бөлекше леп әкелген туынды-тын. Асқақ романтикалы хикаят сол кездегі жасөспірімдердің жан жүрегін баурап алып, оларды алыс қияндарға, көз жетпес ұшандарға қанат бітіріп шақырғандай сезім сыйлаған. Ақиқаты сол, біздер де сол жас қауымның ішінде болдық. Долы мінезді Арал теңізінің ақ көбікті толқыны шайған жағалауында өскендіктен де таныс-бейтаныс теңіз суреттері сана-сезімімізді жау­лап, дәл осындай елді еліктіретін ерекше лепті шығарма  жазсам  деген алғаусыз арманға жетелеген… Ке­йін  жазушының ондаған шығар­масы оқырманға танылды. Бертініректе ауқымды «Абыржы» трилогиясы жарық көрді. Тағы да сол – телегей теңіз жағалауындағы кетеуі кеткен, көбесі сөгілген тіршілік тынысы. «Абыржы» деген атауының өзі көп жайттан хабар беріп тұрған. Құлшыныспен қолға алып оқи бастадық. Бірақ түпсіз терең ой мұхитына түскендей малтығып абыржып қалдық. Шынын айтқанда, абыр­жы заманның, абыр­жы қоғамның, абыржыған адамның қым-қиғаш, шым-шытырық жан әлеміне дендеп ене алмадық. Мүмкін жазушының сан қатпарлы көркем әлеміне енуге дайындығымыз аз болды. Бұл ой-тоқтамға жақында «Абай» теле­арнасындағы «Үркер» бағдарламасын көргеннен кейін келдік. Қайта бір бастап үлкен трилогия­ның эстетик­алық әлеміне жақындауды  мақсат етіп қойған жайымыз бар.

Міне, енді  қолымызға  публицис­тикалық жанрында көптен қаузап жүрген қаламгердің «Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» атты көлемді кі­та­бы  тиіп  отыр. Бір  қуанарлығымыз – кітапты  автордың  қолтаңбасымен  алғандығымыз.

Оқырман ретінде жаңа кітапты қолға алғанда, әуелі тақырыбына қарап, сосын оның әдепкі бетін­дегі аннотациясына үңілетініміз бар ғой. Солай еттік. Кітап мазмұнының бағдаршысында: «Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» кітабы – біз куәгер екі ғасыр, мыңжылдықтар тоғысында, әртүрлі басылымда жарияланып келген жазушының бірегей ойларының жүйеге келтірілген нұсқасы. Ел-жерге деген ізгі сөз, біразы – ұлдық махаббат толқынында туған дүние­лер. Қасіретті Арал мұңы, проб­ле­малы табиғат үні нос­тальгиялық жан толқынысының сары­нымен үйлеседі, сезім қозғайды, жүректерге жол тартады» деп жазылған екен. Және де «Бет­ашар даналықтар» делінген бірнеше нақыл сөздің бірі «Күндердің күні болғанда, ат тұяғындай жерден мың адамның рухы көтеріледі» деп берілген бабалар сенімі біраз жайдың басын анықтайтындай. Адамзат­қа төсі иіген жер бетінде қаншама қилы ғасыр­лар өтті, сандаған ұрпақ ғұмыр  кешті, енді  содан  қалған  іздерді көрудің өзі кейінгіге мұң  болып отыр  емес  пе?

Есте жоқ ескі кезеңде, ықылым заманын­дағы Топансудан бергі тарихты шым-шымдап қозғаған жазу­шы туған жер мен ел тарихына қатысты тың ойлар ашады. Уақы­ты алыстап, тарих тереңдеген са­йын адамзат көшінде үзік-үзік ақтаң­дақтар алаңдары көбейе бере­тіні рас. Сол жадыдан жойылған аралықтарды қаламгердің жүйрік қия­лы бір-бірімен табыстырып, қызық­ты-қызықты мағлұматтардан мұғдар береді. Ұлы Дала – қаншама заман куәсі. Алайда көшпенді ғұмыр кешкен бабаларымыздың арғы ғасыр­лардағы тіршілік тынысын көз алды­мызға әкелген автордың білім ауқымына, қалам қуатына, суреткерлік әлеміне тамсанып, тебіреніп отырдық. Аннан-мыннан терген құрғақ мәліметтер емес, санада әбден пісіріп, сырын дүние ғып ұсынылған деректер. Жазушының образды, бай тілі оқырманды жетелеп отырып өткен шақтың сәулелі, салтанатты қызықтарымен бетпе-бет ұшырастырады, сол уақыттың ортасында жүргендей сезіндіреді. Авторды әу баста «Жазушы, көсемсөзші, эколог, саяхатшы» деп таныстырса, шынымен де С.Жұбатырұлы туған жұртының әр пұшпағын, әр атырабын көзбен көріп, салиқалы санасында зерделеген кезбе саяхатшы ғана емес, ой әлемінің, қиял дүние­сінің де сарабдал саяхатшысы екені танылады. Кесе-көлденең, бұйығып жатқан ғасырлардан әрі аттап, дәуірлер түкпіріне жол-соқпағын тауып саяхаттап, сол саяхатында мол қазынаның, рухани көмбе мұраның дәл үстінен шыққандай қызыға да қызықтыра баяндайды. Әр тақырыптың теңін шешіп қозғаған сайын, оқырманды да жаңа да көне деректерге, байыпты болжамдарға тұмсық тіретіп  отырады.

Тылсым тарих пен қанатты қиял, көз алдымызда бейнелі сурет салғандай бояулы тіл – кітаптың көркемдік бәсін көтеріп тұр. Шындығын айта кеткен жөн, кейде жаныңды  тебі­рентер, жүрегіңе сәулесін түсірер дүниелер оқығың келеді емес пе? Бұл жинақты біз дәл сондай сырлы туынды деп білдік. Бас көтермей, майда-­шүйде  жұмысты ысырып қойып оқыдық. Әр дерек пен дәйек­ті айдаладан алтын тапқандай ой қоржынына  сала  бердік.

Жалпы, адамзаттың тарихына қара­сақ, қазақтың «Сулы жер – нулы жер» дегеніндей, алғашқы өркениет­тер ұлы өзендер бойында қалыптасқанын, бастау алғанын білеміз. Әму мен Сыр аталған қос дарияны емген Арал теңізі де адам баласына тым ертеден жайлы, берекелі қоныс болған. Аралға қатысты түрлі жайлар­ды көзден тізгендей санамалап жүретін осы жердің перзенттері үшін бұл кітаптағы көп те тың мағлұматтар көңіл тоғайтады, туған жердің, атақоныстың өткен тарихына қызығушылығын  арттырады.

Кітапқа енген жазушының әр мақаласы – бір-бір әлем. «Аңыздардың тірілуі» атты бірінші бөліміндегі «Ұлы тарихтар бастауы», «Дәуірлер табалдырығы», «Ұлы Дала: терең тамыр өркендер бастауы», «Ежелгі ұлы көштер», «Арий-Зердеш (Заратуштра) – Сақ: түп тарихымыздың терең арнасы», «Ғалам сарынынан ескен туыстық үндер», «Аралға жол тартқан аргонавтар» атты мақалалары жан-жақты білімпаздың ғана қаламы­нан тауындайтыны анық. Бұл қозғалған тақырыптар біздің кәсіби тарихшыларымызды арғы заманғы уақыт көшіне қайта бір бет бұрып жаңаша қарауға себеп болады деп ойлаймыз. Оларда айтылған ойлы болжамдар жаңа ізденіс арналарына жол ашатындай. «Бізде тарих жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртуге дағдыланып қалғандар үшін осынау баяндалған тарих беттері ұйқыдағы қалғыған сананы серпілтіп тастары ақиқат. Ал көңілі ояу, сезімі сергек оқырман мазмұнды мақалаларды оқыған сайын қанаттанып, өзінің Ұлы Дала ұланы екеніне мақтаныш сезімі асқақтарына сенімдіміз. Өз халқымыздың ондаған ғасыр тасасында қалған  шақтарына  көз  жүгірте  отырып, көкірегімізде күмбір­леген уақыт күйін сезінгендей болдық. Әрине, бізді мұндай күйге бөлеуге жазушының қаншама тарихты талмай шарлап, терең саралап, қарымды қиялымен жер-жаһанды, туған өлкені армансыз аралауы, яғни ой  саяхатының табыстары деп білдік. «Аралға аргонавтардың келуі», «Ата тіл» секілді ой түймелері халқымыз­дың үлкен тарихының айшық­тары дей отырып, жастардың, ғылым қуған зерделі қыз-жігіттердің осынау кітапты қолына алуына, ішіне мұ­қият үңілуіне тілектес болар едік. Өйткені жинақтағы ой қазынасы – көптің кен-қазынасы. Оған әрбір адам енген сайын, одан ой өрбіт­кен сайын асыл арнасы кеңейе береді, кеңейе  береді.

Құнды кітаптың «Көзден өшіп, көңілде кеткен суреттер» атты екінші бөлімі – біздің жанымызға да, жадымызға да өте жақын дүниелер. Өйткені тақырып арнасы енді Арал теңізінің қызықты жайт-құбылыс­тарына ауады. Қаламгер өзі куә болған, өзі естіген, өзі көзбен көргендері туралы толғана жазады. Ең жүрекке ауыр тиетіні, қаншама сыр­ды бүккен Арал қасіреті өзекті өртейді. Жер бетінен табиғаттың осы бір ғажайып жауһарының жойылып кетуі – адам баласының ойсыздықпен, парықсыздықпен жіберген зор қателігінің салдары екеніне көз жеткіземіз. Хантөрткіл, Абат батыр туралы аңыздарды өзек етіп алып, көк теңіздің айдын шалқарлы көкжиегіне көз жетпейтін кезеңдерінің кереметтерін еске алады. Кітапта топансудан бастап, теңіз туралы, ондағы құбылыстар хақындағы әңгімелердің айтары көп, «Арал астындағы мекендер», «Теңіздегі тоқымдай бұлт», «Басат-сулар», «Шыңдарды шаңдатқан жыландар көші» мақалалары табиғат құпияларының бүгіп жатқан  сырларына үңіледі.

Қоршаған ортамыздың экологиясына байланысты белсенді, нық көз­қарас ұстанған көсемсөзші ретінде жазушы біздің заманның танымал жиһанкезі, океанограф Жак Ив Кус­тоға, КСРО Президенті М.С.Горбачевке, Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путинге хат жазуы ерлік іс деп білеміз. Қалай дегенде де табиғат­тың шын жанашыры, айдыны құрғаған Аралға адамзаттан араша сұрап жүрген жазушы ағаның Еуразияның су қорларын дұрыс және тиімді пайдалану туралы ұсыныс-пікірлері күні ертең-ақ осы жерді мекендеген халықтың алдағы тіршілігінің, алмағайыпсыз өмір сүруінің ең бірінші алғы шарты болатыны әлден-ақ айқын болып отыр. Табиғатты әсем қалпында сақтау тура­лы жазушы үні кім-кімді де ойландырады. Ал адамзат тари­хында үлкен экологиялық апат – Арал теңізінің тартылып кетуі көз алдарында өткендіктен де қайғысы қалың аралдықтар, жағалау жұрты үшін орны толмас өкініш. Санасы сара жандар өздерінің өмір сүру аймағының тоз-тоз болып бұзылуын қаламаса  керек.

«Байырқалы байтағым» атты төртінші бөлімге енген мақалалар жазушының қызығушылық, ізденіс аясының жан-жақты екенін көрсетеді. Елді елең еткізетін әрбір жаңалық, шетін құбылыстар әлеміне алып келеді. Соның бірі – әлі де құпиясы ашылмай, кейінгіге түрлі аңыздар қалдырып кеткен Пауадин әулие, оның адам түсінігінен тыс өмір сүруі бір ашылмастай жұмбақ. Осындай жұмбақ жайларды әңгімелей отырып, олардың тылсым тірлігін там-тұмдап зерделеуге, оқырманға танытуға,  қызықтыруға  ұмтылады.

Қазақ жері қандай кең-байтақ болса, соған сай мұндағы табиғаттың тылсымдары да жетіп артылады. Қаза­қия байтағындағы сапарларында көрген Құрдым, Алатаудың Қарқара баурайындағы бөлек құм, Шалқар қаласы маңындағы бөрте құмда өскен қарағайлар, Сырдария аяғындағы нар қамыстар, Арийлер қаласы Арқайым, Заратуштра – дала пайғамбары, тағы басқалар – қаламгердің назар аударған тақырыптары. Оқыр­мандары да саяхатшы жазушымен сапарлас болғандай танып-­біліп, қиял  әлемімен  шарлайды.

Жер бетіндегі апаттар жайлы қозғаған кітаптың соңғы бетінде: «Біз түпсіз, суық, қатал ғарыштағы жалғыз жарық, жылы бесігіміз, өрісіміз – қайырлы Жерді өз қуатты қолымыз­бен, бір ләззатты үстемдікте қинап жатырмыз. Ең сұмдығы, бұл шапағатты мекенді өлтіріп жатқан жоқпыз ба? Енді біз үшін Нұх кемесі табыла  ма?

Адам жады ғасырлар ескертуін тез ұмытқыш.

Ал бізге үміт көзін салған Ақиқат жанары әманда ұйқысыз» деп адам баласының жауапкершілігін сұрайды, өткір сұрақтар қояды.

Қажымас қажырмен, зор білімпаздықпен жылдар бойы жиналған айғақ-деректерді ғылыми санамен саралап, жүйрік қиялмен даралап, ел-жұрттың назарын аударуға үн қатып жүрген біздің әдебиеттің бір заңғары, эколог, жазушы, саяхатшы Сайлаубай Жұбатырұлының «Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» кітабы әрбіріміз оқып шығуға тиісті шығарма деп білдік. Арал трагедиясы – Адамзат трагедиясына ұласпаса деп тіледік. Ұлы сынақ-қатерлерден аман-есен осы күнге рухы әлсіремей жеткен адам баласының парасаты мен ақыл-санасы табиғат қасіреттерінің алдын алуға, Жер-Ананы бәз қалпында сақтауға жететініне күмәнсіз  сенейік!

Академик Берекет Кәрібаевтың «Жазушы С.Жұбатырұлының «Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» атты кітабы – оқырмандары үшін терең ой салар, танымдық жағы мол, пайдалы еңбектердің бірі» деген тілек-пікіріне қоштау білдіріп, бұл жинақтың жас ұрпаққа аса керектігін айтуды жөн  көрдік.

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: