Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұнайшылар доп тепті

20.12.2023, 18:00 308

HALYQLINE.KZ

 «ПетроҚазақстан  Құмкөл  Ресорсиз»  командасы  –  екінші  орын  иегері

Осы жылдың 5 желтоқсанында «ПетроҚазақстан» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған бес мұнай компаниясы арасында шағын футболдан турнир өтті.

Турнирге «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС (Шымкент қаласы), «Қуатамлонмұнай» БК» ЖШС, «ТұзкөлМұнайГаз Оперейтинг» ЖШС және «Торғай Петролеум» АҚ бес құрама командасы қатысты. Турнирді жоғарыда аталған мұнай компанияларының кәсіподақ комитеттерінің көшбасшылары ұйымдастырды.

Спорттық іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне «Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев, «ПҚҚР» АҚ мемлекеттік органдармен жұмыс жасау жөніндегі директоры Тілеуберген Шаутай және мұнай компаниялары кәсіподақ комитеттерінің төрағалары қатысты. Турнирдің ашылу салтанаты Қазақстан Республикасының әнұранын шырқаудан басталды.

Мемлекеттік органдармен жұмыс жасау департаментінің директоры Тілеуберген Шаутай құттықтау лебізін білдірді.

– Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні – біздің асыл ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманын бейнелейтін ең қасиетті және ұлы мереке. Бұл мереке мемлекетіміздің бостандығы мен тәуелсіздігінің нышаны болып саналады. Шағын тарихи кезеңде Қазақстан халқы демократиялық, құқықтық және экономикалық тәуелсіз мемлекет құра алды. Турнирді ұйымдастырудың мақсаты кәсіподақ мүшелері арасында футбол әуесқойларының бос уақытын тиімді өткізу, саламатты өмір салтын қалыптастыру, мұнайшылар арасындағы спорттық және достық байланыстарды нығайту болып табылады. Барлық қатысушыларға жарқын әсер мен жақсы көңіл күй тілеймін!, – деп атап өтті Тілеуберген Шаутай.

Жарыс болған күні футбол алаңында тұла бойында спортқа деген құмарлық тулаған құштарлық сезімдер басым болды. Командалар былғары допты ептілікпен және кәсіби шеберлікпен меңгеруден бақ сынасты, ал спортшылар командалық рух пен жеңіске деген ұмтылысты паш етті. Әдемі соғылған голдар мен әрбір голдың жарқын қуанышы осы ұмтылыстың дәлелі болды.

– Бүгінгі ел тәуелсіздігі күніне арналған теңбіл доп турнирі өте жоғары деңгейде өтті. Мұны «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының кәсіподақ комитеті ұйымдастырды. Бұл дәстүрлі турнирде былтыр біздің команда бірінші орын алған еді. Осы шымкенттік командамен ақтық сында жиі жолығамыз, биыл жолымыз болмады. Жеке кездесуде 2:0 есебімен жеңіп жатып, 2:3 есебімен қонақтарға жол беріп қойдық. Біздің команда сапында 62 жастағы А.Жүнісов есімді ардагер ойыншы бар, 20-30 жастағы жігіттермен бірге доп тебіп жүр, – дейді «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ командасының капитаны Бағдатбек Тобашев.

Турнир қорытындысымен «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ командасы екінші жүлделі орынға ие болды. Жеңімпазға 2-дәрежелі диплом және 100 000 теңгелік ақшалай сертификат табыс етілді.

Сонымен қатар, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның ойыншысы Еркін Тобашев «Үздік сұрмерген» номинациясының иегері атанды.

Жұртшылықпен  байланыс  бөлімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: