Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Еліміз үшін түбегейлі жаңғыру кезеңі болды»

16.12.2023, 19:00 400

Құрметті жерлестер!

Сіздерді Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл еліміздің өз тарихындағы ең маңызды белесті бағындырғанына, ата-баба арманының ақиқатқа айналғанына 32 жыл толды.

Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығының басы еліміз үшін түбегейлі жаңғыру кезеңі болды. Бірегей конституциялық реформа жасалып, жалпыұлттық референдумда Сыр жұртшылығы өзгерістерге барынша қолдау білдірді. Президент, Сенат пен Мәжіліс, барлық деңгейдегі мәслихаттар, аудан, ауыл әкімдерінің сайлауында да саяси және сайлау мәдениетінің жоғары деңгейін көрсетті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Шын мәнінде, Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Тәуелсіздікті сақтау бұл – ең алдымен, тұтас ұлттың жауапкершілігі. Біз егемендікті тынымсыз еңбекпен, мызғымас бірлікпен күн сайын қорғауымыз керек» деген сөзін Сыр өңірінің еңбеккеш халқы әрдайым назарда ұстап келеді.

Қазан айында аймаққа жасаған сапары кезінде Мемлекет басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени даму қарқынын жоғары бағалады. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктете түсу үшін адал еңбек пен жауапкершілікті жаңа қоғамдық этиканың өзегі, әділдік, ашықтық және шынайы бәсекені басты қағидат етуіміз керектігін айтты.

Тәуелсіздікті нығайту жолында тер төккен еңбек адамдарын құрметтеудің ерен үлгісін көрсетті.

Президент аймақтарда әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын құруды басты міндет етіп жүктегелі бері Сыр өңірінде ауқымды жобалар жүзеге асуда. Жаңа мектептер, іргелі білім ошақтары жанынан қосымша ғимараттар салынды. «Жайлы мектептердің» құрылысы басталды. Медициналық нысандар құрылысы қарқын алды. Рухани, мәдени, тарихи, отбасы құндылықтары дәріптелетін орталықтар қызметіне кірісті. Аймақты электр энергиясымен толыққанды қамтамасыз ететін жаңа жылу-электр орталығының іргетасы қаланды. «Қызылорда-Жезқазған» жолы қайта жаңғыртылуда. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысына дейінгі аралығын төрт жолақты етуге қатысты тарихи шешім қабылдады. Жоғарыда аталған бастамалар қастерлі Тәуелсіздігіміздің, Президент пен Үкіметтің Сыр өңірін ұдайы қолдауының арқасында қолға алынып, жүзеге асуда.

Баға жетпес байлығымыз – Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау бәріміздің қастерлі борышымыз болғандықтан, біз егемен Қазақстанды, шежірелі аймағымызды одан әрі дамыту жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Мемлекет басшысы ұсынған азаматтары тең мүмкіндіктерге ие әрі құқығы қорғалған Әділетті Қазақстанды құруға әрқайсымыз мүдделіміз. Елімізде асқақ армандар мен батыл жоспарларды іске асыру үшін білім алуға, біліктілікті жетілдіруге әрдайым жол ашық. Жастардың жаңашылдығы пен бастамашылдығына да ұдайы қолдау көрсетіліп келеді.

Бүгінгі Тәуелсіздік мерекесінде әр отбасына тату-тәтті тірлік, береке-бірлік тілеймін. Еліміз аман, елдігіміз бүтін, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!

Құрметпен, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: