Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өрісі кеңейген кәсіпорын

13.12.2023, 19:30 1801

Күні кеше Елордада Мемлекет басшысының қатысуымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық байқауы өткен болатын. Дәстүрлі түрде өтетін байқауда шағын және орта кәсіпкерлік арасындағы «Парыз» Гран-при жүлдесін Қызылорда облысының «Абай Даулет» ЖШС иеленді. Осыған орай бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында республикалық іс-шараның өту барысы туралы толығырақ айтылды.

Биыл аталмыш конкурсқа қатысуға республика бойынша 492 ұйым өтінім берген. Соның ішінде 161-і ірі кәсіпкерлік саласы болса, 331-і – шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі. Ал Сыр өңірінен 16 кәсіпорын қатысуға ниет білдірді. Орталық мемлекеттік орган басшылары, ҚР Парламенті депутаттары, бизнес және кәсіби одақ өкілдері арнайы комиссия құрып, конкурс нәтижесін анықтады. Атап айтқанда, екі санат бойынша 2 Гран-при, 26 лауреат атағы берілді. Соның арасынан шағын және орта кәсіпорындар арасындағы Гран-при жүлдесін жергілікті «Абай Даулет» серіктестігі жеңіп алды. Гран-при жүлделерін Мемлекет басшысының өзі табыстады. Бұл конкурс 2008 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт аралығында аймақтағы 17 кәсіпорын түрлі номинациялардың лауреаты атанды. Биыл араға 9 жыл салып, «Парыз» Гран-при жүлдесін иеленген «Абай Дәулет» ЖШС аймағымыздың мерейін тағы бір үстем етті, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев.

«Парыз» республикалық конкурсы – кәсіптен өз несібесін тауып, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге өз бетінше атсалысып жүрген бизнес иелеріне бағытталған ауқымды жоба. Конкурста 4 номинация бойынша үздіктер анықталады. Атап айтқанда, «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қосқан үлесі үшін», сондай-ақ «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы». Аймақ абыройын асқақтатқан «Абай Дәулет» ЖШС қарқынды дамып келе жатқан көп салалы кәсіпорын. Негізгі бағыты – күріш өсіру. Дегемен соңғы жылдары бұл кәсіпорын құс және мал өсіру, сондай-ақ, тамақ өндірісі, құрылыс материалдарын шығарумен де айналысып келеді. Бұл кәсіпорында 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.

– Кеше ғана Мемлекет басшысының қолынан «Парыз» сыйлығын алдым. Бұл біздің кәсіпорын үшін үлкен жетістік. Қазіргі уақытта кәсіпорында бірнеше ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Осының арқасында шығарған өнімдеріміздің 70 пайызы шет мемлекеттерге экспортталуда. Қазіргі таңда біздің кәсіпорында күріш өндіруден бөлек, мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы қолға алынған. Алдағы уақытта аймағымыздың кәсіпкерлік саласын дамытуға өз үлесімізді қосатын боламыз, – деді «Абай-Дәулет» ЖШС басшысы Мұрат Сәрсенбаев.

Айта кетейік, «Абай-Дәулет» ЖШС 2019 жылы – «Қазақстанның үздік тауары», 2020 жылы – «Іскер», 2021 жылы «Алтын сапа» байқауларының лауреаты атанған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: