28 қазанға қараған түні Қарағанды тағы да қара жамылды. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі Костенко атындағы кеніштегі жойқын жарылыс қабырғамызды қайыстырып кетті. Сол уақытта шахтада 252 адам болғаны анықталды, жер бетіне 206 кенші шығып үлгеріпті. Қалғаны, яғни 46 кенші шахтада қалып қойды. Жер астында қалғандардың туған-туысы, жақын-жуығы қанша үміттенгенімен, құтқарушылар сыртқа кеншілердің денесін ғана алып шығумен болды. Жарылыстан соң іле-шала ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртаумен» ынтымақтастықты тоқтатуды бұйырған-ды. Бірақ, сарапшылар мұның оңай процесс емес екенін айтады.
Сондай-ақ, қайғылы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Үкіметтің «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала келісімге келгені және кәсіпорынды Қазақстанның пайдасына меншік құқығына беру жөніндегі мәміленің аяқталып жатқаны хабарланған болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтадағы өрт салдарынан қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. Премьер-министр Әлихан Смайылов Костенко шахтасындағы апаттың себебін анықтау жөніндегі үкіметтік комиссияны басқарса, Қарағанды облысына барған Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» біздің тарихымыздағы ең нашар компания екенін атап өтіп, 29 қазанды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған еді.
Қазақстан Жалпыұлттық аза тұту күнін осымен 13-рет бастан өткеріп отыр. Яғни, бұл – тәуелсіздік алғалы бері екі жарым жыл сайын Туымызды төмен түсіруге мәжбүр болдық деген сөз. Сондай-ақ, соңғы 5 жылда елімізде 6 рет Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланыпты.
2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматы әуежайы маңында таңертең «Bek Air» әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы құлады. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Астанаға бет алған әуе кемесі ұшу барысында бетон қоршауды бұзып, екі қабатты нысанға соғылды. Ресми мәлімет бойынша 13 адам қайтыс болды. Сол жылы желтоқсан айының 28-і күні Жалпыұлттық аза тұту күні болып белгіленді.
2020 жылдың 8 шілдесінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдені COVID-19 коронавирусының салдарынан қайтыс болғандар үшін ұлттық аза тұту күні деп жариялады.
2021 жылдың 26 тамыз күні сағат 19:00-де Жамбыл облысы Байзақ ауданында әскери бөлімнің оқ-дәрілер сақталған қоймасынан өрт шықты. 13 адам мерт болып, 98 адам жарақат алған. Жарылыс ошағына жақын ауылдардан жүздеген адам эвакуацияланды. Қоймадағы оқ-дәрілердің кейбірі дәл осындай жарылыс болған Арыс қаласынан әкелінгені белгілі болды. 2021 жылғы 29 тамызда ел президентінің Жарлығымен Қазақстанда ұлттық аза тұту күні болып белгіленді.
2022 жылдың басында қанды «Қаңтар оқиғасында» кем дегенде 238 адам қаза тапты. Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Биыл маусым айының 8-і күні Абай облысында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында басталған ірі табиғи апатты бірнеше күн ауыздықтау мүмкін болмады. Салдарынан 14 адам қаза тапты. Мемлекет басшысының Жарлығымен маусым айының 12-сі күні Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Арада төрт ай өтер-өтпестен қайғылы жағдай қайталанып отыр. Осы оқиғалардың әрбірінен кейін марқұмдар мен жапа шеккендердің отбасыларына материалдық-психологиялық көмек көрсетілетіні айтылып келеді. Бұл жолы да солай қайталанды.
– Мен мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр.
…Мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Премьер-министр Әлихан Смайылов та Костенко шахтасындағы апатқа кінәліні атады.
– Көптеген адам өліміне әкеп соққан апат өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауымен тікелей байланысты. Бұл – бірінші кезекте, кәсіпорын басшылығының кінәсі. Олар компания жұмысынан өздерін шеттетіп тастаған. Мұндай әрекетсіздіктің салдары бірнеше жыл бойы қайғылы жағдайға әкеп соғуда. Компания өз міндеттемелерін орындаған жоқ, – деді ол.
Қазақстанның бұрынғы Премьер-министрі Серік Ахметов «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы қатаң жаза арқалауы керек деп есептейді.
«10 жылда қаншама осындай қайғылы жағдай болып, 140-тан астам кеншіміз бен мықты маманымыз құрбан болды. Олардың отбасылары, қаншама адам зардап шекті. Бұл – үлкен жауапкершілік. Ендеше, «АрселорМиттал Теміртау» жауапқа тартылуы керек және тек Қазақстанда ғана емес, оны халықаралық деңгейде жазалау керек.
«АрселорМиттал Теміртау» қожайындары мен басшылығын жауапкершілікке, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін мемлекет халықаралық қауымдастықтың назарын аударуы керек деп ойлаймын», – дейді ол.
Десе де, «бәрін компания басшылығына жаба салуға болмайды» деген пікірді ұстанатындар да бар. Негізі, бұған да келісуге болатындай.
«Үкімет пен инвестордың кінәсі 50-де 50 деп ойлайсыз ба?» деген ulysmedia.kz сайтының сұрағына белгілі экономист, 2022 жылы президенттікке үміткер болған Мейрам Қажыкен былай деп жауап қатады.
– Үкіметтің кінәсі – 90%! Сондықтан, Бас прокуратура осыны тексеруі керек. Неге жауапты адамдар ештеңе істеген жоқ? Былтыр 8 адам қаза тапты. Оның алдында да апаттар болды. Жыл сайын! 2020 жылы осындай тағы бір оқиға болған кезде біз 20 мың қол жинап, Үкіметке қағазды енгіздік. Адамдардың құқығы мүлде қорғалмайтынын айттық. Сол 20 мың қол жиналған сұрауға жауап келген жоқ. Міне! Мемлекет өзінің негізгі функционалдық міндеттемелеріне түкіре салды. Инвесторды тәртіпке салмаса, заңға тартпаса, мұндай жайттар азаймайды.
Мен Германияда болдым. Лакшми Митталдың Германиядағы Айзенхюттенштадт деген қаласында «АрселорМиттал Теміртау» сияқты үлкен зауыты бар. Сол зауытқа бардым. Ол жақта Митталды құтыртпайды. Заң бар! – дейді ол.
Ал, шетелдегі қазақ Жасұлан Серіков әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды. Оқырмандар «автордың сөзінің жаны бар» деседі.
«Бұл – Германиядағы «АрселорМиттал» (Фотосын көсеткен – ред.). Таза, қауіпсіз, барлық заманауи талап сақталған. Елдің шенеуніктері қандай болса, инвесторлары да солай жұмыс істейді.
Ал біздікілер Үндістандағы Лакшми деген миллионер кінәлі деп «құлақтан теуіп» жатыр. Сол кісі Теміртауға келіп, «қауіпсіздік шараларына мән бермеңдер» деп бізге заң шығарып кетті ме?
Сонда облыс әкімі, экология департаменті, ДЧС, СЭС, тіпті Премьер-министр шеше алмайтын не қылған мекеме еді?
Сондықтан, уақытында адам өміріне қауіпті жағдайды біле тұра, көзін жұма қараған жоғарғы шенеуніктерді анықтау керек. Әр жылы әшкере етіп, жағдайды дұрыстамаған сол шенеуніктердің де адам өліміне кінәсі бар деп ойлаймын. Бірақ бірнеше инженер мен әкімдіктегімамандар емес, тікелей шешім қабылдаушы басшыларды табу керек», – дейді ол.
Жалпы, Қарағандыдағы қайғылы оқиға туралы әлеуметтік желілерде сан түрлі пікір топтасып жатыр. ҚР Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан «өзекті өртейтіні – соңғы жылдары «АрселорМиттал Теміртау» өндіріс ошақтарында болған қайғылы оқиғалар тізбегі көбейді» дейді. Сондай-ақ, ол «Үкімет қайда қарап отыр?» деген сауалдың туындауы заңды екенін айтады.
– …Сарапшылардың айтуынша, апаттардың барлығы өндірістік қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындаған. Бұл туралы компанияға мемлекет тарапынан талай аудит жүргізіліп, мониторинг пен компания басшылығына талай ескерту жасалды, айыппұлдар салынды.
Тамыз айындағы апаттан соң президент атышулы компанияның орнына басқа инвестор табу туралы Үкіметке тапсырма берген. Түндегі апаттан соң «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық келісімді бұзу туралы шешім қабылданды. Бұл көпшіліктің көптен күткен жаңалығы болғанымен, мұндай шешім бір күнде қабылданбайды, себебі оның құқықтық астары көп. Шамасы, былтырдан бері жүргізілген тексерулер мен бірнеше айдан бергі келіссөздердің нәтижесі осыған әкелді.
Осы тұста ескеретін бірнеше мәселе бар. «АрселорМитталдың» орнына кім келеді? Отандық инвестор болса, құба-құп. Екінші мәселе – компанияға қарасты кен орындарына толық тексеру жүргізіп, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Мемлекет үшін азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі – ең бірінші кезекте тұрған мәселе. Бұл ретте президенттің апат орнына дереу жетіп, бар жағдайға өзі қанығып, нақты ақпаратты алуы, шұғыл шешім қабылдауы – құптарлық, – дейді ол.
Мемлекет меншігіне өткеннен кейін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясынының атауы өзгеруі мүмкін.
Ол туралы «АрселорМиттал» қазақстандық кәсіпорынның акционерлерінен шығуына байланысты бізде Arcelor атауын пайдалануға құқығымыз болмайды» деп түсіндірді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Қайтыс болған 46 кеншінің соңғы уақытта 300 мың мен 1,6 миллион теңге арасында жалақы алғаны белгілі болды. Сандар алшақтығы жұмысшылардың еңбек өтілі арасындағы айырмашылыққа байланысты төленіпті.
Жалпы, осы уақытқа дейін «АрселорМиттал Теміртауға» қарасты кен орындарында 100-ден аса адам қаза тапса, 150-ден аса адам түрлі деңгейдегі жарақат алыпты. Оның ішінде жарақатының ауырлығынан мүгедек болып қалып, еңбекке жарамдылық қабілетінен айырылғандары да кездеседі. Қазбасы да, қазасы да көп Қарағандының мәселесі президент араласқан соң шешімін таба ма? Ол уақыттың еншісінде сияқты.
Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ
Коллажды жасаған Ердәулет Қалиев.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!