Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қырмызыдай құлпырған Қызылорда

26.10.2023, 9:20 339

«Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістігін бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады». Бұл – мемлекеттің бұрынғы президенті Н.Назарбаевтың сөзі. Ол сөзінің де жаны бар, экономиканың өте қиын кезеңінде Алашқа ана, қазаққа пана болған өңір облыс мәртебесінен айырылып қала жаздаған еді. Сол кездегі мемлекет басшысы облысты бөлмей, тұтас сақтап қалды. Содан бері экологиялық аймақтың асығы алшысынан түсіп, Қызылорда қаласы да ерекше даму жолына қадам басты. Теп-тегіс көшелер, еңселі ғимараттар, сәнденген аулалар, тіпті дарияның сол жағалауынан бой көтерген жаңа  шағын  аудан  шаһардың  шырайын  кіргізді.

Хош. Соңғы жылдарда Қызылорданың келбеті бұрынғыдан да ажарлана түсті. Жақында ғана ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сапарлап келіп, облыстың оңды істеріне көңіл тоғайтып кетті. Ал кеше ғана Қызылордада қала күні аталып өтті. Оған дейін қалада бірнеше әлеуметтік нысандар пайдалануға берілгені баршаға аян. Міне, бұл облыстың 85 жылдығы мен Қызылорда қаласының 205 жылдығына тарту еді. Жалпы, талай жыл алты Алаштың анасы атанған Сыр елінің іргетасы қаланып, бүтін бір тарих тамырын кеңге жайған болатын. Оғыз Қыпшақ дәуірінен бастау алатын Сыр өңірінің өркениеті мен мәдениеті күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Әулие Қорқыттың табаны тиіп, күллі Алашқа ағартушылық қызмет еткен, ұлт мүддесі үшін аянбай тер төккен зиялы қауымды панасына алған құтты өңірдің тұғыры қашанда биік. Қос ғасырға жуық замананың ағын да, қарасын да басынан өткерген халқымыз еліміздің тәуелсіздік байрағын желбіретуге атсалысты. Еліміз егемендік алғалы заман талабына сәйкес өнеркәсіп өндірісін, ақпараттық технологияларды игердік, әлеуметтік-экономикалық әлеуетімізді жақсарттық.

Бүгінде Қызылорда облысының қай саладан болсын, өзгелерден ілгері озып, инфрақұрылым мен инновациялық тұрғыдан қарыштап қарқын алғанын ерекше атап өтеміз. Шынтуайтына келгенде, Қызылорда өңірі жастардың трендтегі тілімен айтқанда, өзінің «пик» немесе «прайм» формасында тұр. Жыл өткен сайын еңбектеген сәбиден, еңкейген кәрінің де мұң-мұқтажы ескеріліп, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастаған, қамқор кәсіпкерлер қоштаған игі бастамалар жалғасын тауып келеді. Әсіресе, биылғы жыл қала тұрғындары үшін сәтті өтті. Халық игілігі үшін алғаш рет Неке сарайы қолданысқа беріліп, өнерсүйер қауымның пейіліне   1000 орындық «Өнер сарайы» құрылысын бастады. Алты Алашты бесігінде тербеткен аналарымыз да назардан тыс қалмады. Әйелдер қауымының креативті индустриясын дамыту, салт-дәстүрді дәріптей отырып, гендердік таптаурындардың күшін жою мақсатында президенттің ұсынысымен «Анаға тағзым» орталығы есігін айқара ашты. Жастардың екінші үйіндей болып кеткен «Жастар орталығы» бәсекеге қабілетті, белсенді ұрпақтарды қалыптастыру аясында байқау мен іс-шаралар ұйымдастырудан тынбайды. Өңірде 300 адамға арналған көпбейінді аурухана мен Қан орталығының құрылысы басталды. Айта берсек, жанға жағымды жаңалық көп.

Ия, той – қазақтың қазынасы. Дегенмен, той тойлау дегеніміз – ас ішіп, аяқ босатып, бір-біріне мақтау айтып қана тарасу болмауы керек. Анығы сол, Қызылордадағы қала күні мұндай үрдістен ада болды. Жоғарыда айтылғандай, қала күні мерекесі қарсаңында шаһардың ажарын ашатын нысандар мен халықтың игілігіне қызмет ететін орталықтар ашылды. Мереке аясында жеті ауданның жәрмеңкесі, ат бәйгесі де ұйымдастырылды. Қысқасы, қырмызыдай құлпырған Қызылордадағы қала күні құр сөзбен емес, нақты істермен аталып өтті.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ.

Суреттерді түсірген Бағдат Есжанов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: