Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, құрылыс алаңдарына барды, деп жазады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен аймақ басшысы «Қорқыт ата» әуежайы терминалының құрылыс барысымен танысты.
Жерлесіміз, меценат «Болат Өтемұратовтың қоры» өңірде халықаралық стандарттарға сай заманауи терминал салуда. Қазіргі әуежай жылына 137 мың адамға қызмет көрсетсе, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін 220 мың жолаушыны қабылдай алады. Ал жүк тасымалдау көлемі 150 тоннадан 240 тоннаға дейін ұлғаяды. Құны 25 миллион долларды, алаңы 7500 шаршы метрді құрайтын терминалда телескопиялық трап екі қабатты болады. Жолаушыларға, оның ішінде қозғалыс қабілеті шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу үшін эскалаторлар мен лифттер қарастырылмақ. Жылдам әрі жайлы қызмет көрсету үшін өзін-өзі тіркеу бағандары орнатылады, жүктерді беру және өңдеу автоматтандырылады. Терминал құрылысы 2024 жылы аяқталмақ. Ал әкімдік 5 млрд теңгеге нысанның аумағын абаттандырып, қажетті инфрақұрылымды, атап айтқанда, су, жылу, кәріз, жарық, байланыс желілерін тартуда.
Әрі қарай аймақ басшысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойындағы жол айрығы құрылысымен танысты. Жоба бойынша жол айрығына 2 эстакада салу қарастырылған.Эстакадалардың жалпы ұзындығы 450 метр, қозғалыс жолағының ені 7 метр, тротуардың ені 1,5 метрді құрайды.
Нұрлыбек Машбекұлы Сұлтан Бейбарыс көшесіндегі Неке сарайына барды. Жалпы аумағы 2 мың шаршы метрден астам зәулім ғимараттың құрылысы былтыр қыркүйекте басталған еді. Негізгі қызметі жас жұбайлардың некесін салтанатты түрде қиюға, отбасы институтын қалыптастыруға, ұлттық тәрбиені дәріптеуге және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталмақ. Бүгін пайдалануға берілетін жоба құны 1 млрд 600 млн теңгені құрайды.
Облыс әкімі Қызылорда қаласында тамыз айында ашылған темірбетон бұйымдарын өндіру зауытының жұмысын көрді. Заманауи құрылғылармен жабдықталған зауытта құрылысқа қажет бетон бұйымның барлық түрі жасалады. Тұрғын үй құрылысы комбинатында сағатына 80 текше метр тауарлы бетон, тәулігіне 120 текше метр темірбетон бұйымдары шығарылады. Өндіріс орнында 150 адам екі ауысыммен тұрақты жұмыс істейді.
Аймақ басшысы «Анаға тағзым» орталығына да аялдады. Орталықта жас отбасыларға, балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді жаңғыртуға мүмкіндік берілмек. Жаңа нысанда қыз-келіншектерге арналған арнайы бөлмелер, тұрмысқа және қонақ күтуге баулу, жан-жақты психологиялық көмек беру кабинеттері болады. Мұнан бөлек, шығармашыл жандарға арналған әдебиет және поэзия, дизайн студиясы мен би орталығы және жас отбасыларға қызмет көрсету бөлмелері болады.
Айта кетейік, қала тұрғындары серуендеп, тынығуы үшін М.Ықсанов атындағы политехникалық колледж аумағындағы саябақ кеңейтіліп, «Анаға тағзым» орталығынан бастау алатын жаңа аллея колледж аумағына дейін жалғасатын болады.
Аймақ басшысы Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінің жанына салынған қосымша ғимаратқа барды. Бала саны жыл өткен сайын артқандықтан, биыл облыс орталығындағы бірнеше білім ошағының қасына қосымша құрылыс салу барынша тиімді шешім ретінде танылып, бюджет қаржысы үнемделді. Қосымша ғимарат салу жаңа мектепке қарағанда арзанға түсті. Ең маңыздысы балалар өздері үйренген, үйіне жақын мектебіне қатынап оқуда.
№101 мектеп-лицей ауласында салынған 375 орындық ғимарат бастауыш сыныптарға арналған. Онда оқу кабинеттері, шығармашылық бөлмелер талапқа сай жасақталған. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына барлық жағдай қарастырылған. Бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да қауіпсіздік жабдықтары орнатылған. Биылғы жаңа оқу жылында облыс орталығындағы 4 мектептің (№2, 3, 101, 264) 1 850 балаға арналған қосымша ғимараттары балаларды қабылдады. Әрі қарай Нұрлыбек Нәлібаев Абай даңғылы бойындағы көпқабатты тұрғын үйлер ауласын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Мұнда 4 автотұрақ, 8 демалыс орны, 4 ойын, спорт және футбол алаңдары салынған. Бұл жұмыстардың барлығы демеушілірдің қолдауымен жүзеге асырылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!