Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

30 жыл: Таланттарды танытқан «Таңшолпан»

27.09.2023, 11:00 326

HALYQLINE.KZ

Облыста өнерлілер аз емес. Атақты әнші де, биші де, жыршы мен күйші де – Сыр өңірінің тумасы. Оған дәлел іздеудің қажеті жоқ. Мәселен, республикалық, әлемдік түрлі өнер додасы талай қызылордалықтың бағын ашты. Бүгінде олар үлкен танымалдылыққа ие. Осындай өнерлі жастарды үлкен сахнаға жетелейтін телевизиялық тың жобаның бірі – облыстық «Qyzylorda» телеарнасының төл туындысы «Таңшолпан» байқауы. Телебайқаудың мақсаты – облыстың түкпір-түкпірінен келген талапкерлердің өнерін қолдау, қарым-қабілетін байқап, шығармашылығын шыңдау.

Әрине, бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде телеарнаның аса қуатты құрал екені белгілі. Алғаш құрылған күннен бастап халыққа қызмет етуді маңызды миссиясына айналдырған аймақтың жетекші арнасы – өскелең ұрпақтың тамырына рухани нәр беріп, халық шығармашылығын дамытуды да бір ізге түсірген қарашаңырақ. Ал, Сыр өңірінде өнерлі жастар жетерлік. Су түбіндегі маржандай сол дарындарды тауып, топқа қосып, дер кезінде бабын ұштауда «Таңшолпан» телебайқауының орны ерек. Танымал әншілер Бибігүл Жанұзақ, Гүлхан Сіргебаева, Гүлнұр Оразымбетова, Алмас Кішкенбаев, Тахауи Рахметов, Ербол Шәріпов, Руслан Садықов, т.б. осы байқаудан түлеп ұшқан.

1993 жылы бастау алған «Қызылорда» телеарнасының төл жобасына, міне, тура 30 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында 17 мыңнан астам жас байқауға қатысып, талантымен танылды.

Кеше осы мерейтойдың құрметіне «Таңшолпан» байқауының гала-концерті өтті. Мерекелік кеште байқаудың ұйымдастырушылары мен лауреаттарына қызыл кілем үстімен жүру мәртебесі ұсынылды. Қаладағы А.Тоқмағанбетов атындағы театр санхнасында әр жылдарда таңшолпандай жарқырап, өнер көрсеткен конкурс жеңімпаздары қызылордалықтарға әннен шашу шашып, керемет көңіл күй сыйлады. Олардың қатарында Бибігүл Жанұзақ, Гүлнұр Оразымбетова, Алмас Кішкенбаев, Тахауи Рахметов, Ербол Шәріпов, Руслан Садықов, т.б. жас әншілер бар.

Мерейтойға орай облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Есмаханов құттықтау сөз сөйледі. «Qyzylorda» телеарнасының директоры Ж.Қарабала сахнада өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген әншілерге алғыс білдірді.

Суреттерді түсірген Нұрболат Нұржаубай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: